• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Қоғам 13 Қазан, 2020

Қан плазмасы әзірленіп жатыр

493 рет
көрсетілді

Санитарлық талаптарды дұрыс сақтамағандықтан ба, Covid-19 инфекциясын жұқтырудан Шығыс өңірі әлі көш бастап тұр. Есесіне науқасқа шалдыққандарға көмек көрсету үшін қан плазмасын тапсырып жүргендер де аз емес.

 

Соңғы тәулікте Қазақстан бойынша 94 адамнан дерт анықталса, оның 17-сі Шығыс Қазақстан облысынан шыққан. Қазір ауру­ха­на­да ем алып жатқан науқастар үшін қажетті жағдайдың бәрі жасалған. Ықтимал екінші толқынға да дайындық тыңғылықты жүріп жатыр. Облыс орталығында ашылғалы отырған пульманологиялық орталықтың өзі тұрғындар үшін үлкен қуаныш.

Аты жаман індетпен күресте халық та аянып қалып жатқан жоқ. Жуықта ғана Риддер қаласының 27 тұрғыны қан плазмасын тапсырды. Ал өткен айда 11 азамат плазма тапсырып, ауыр жағдайда жатқан науқастарға көмек қолын созған еді. Қан плазмасын тапсырғандардың барлығына 19 446 теңге көлеміндегі тиісті сома төленіп отыр. Сөйтіп қазіргі уақытта Риддер қаласында 81 қан плазмасы дайын тұр.

– Бір адам тапсырған қан плазмасы, кем дегенде, ауыр жағдайда жатқан екі адамның өмірін аман алып қалатынына бәрінің көзі жетті деп ойлаймын. Сондықтан бір ауырып, айыққан азаматтарды плазма тапсыруға шақырамыз. Қан тапсыруға келгендерді ең алдымен терапевт дәрігер мұқият қарап, тексереді. Ол пациенттің қан қысымы мен дене қызуын өлшейді. Егер бәрі дұрыс болса, қан тапсыру аппаратына жіберіледі, – дейді Риддер орталық ауруханасының бас дәрігері Гүлнар Кітапбаева.

Қан тапсыруға ниетті риддерліктер ке­ңес беру диагностикалық орталығындағы №15 ка­бинетке баруға болады.

Донорлардың есіне сала кетсек, кез келген адам қан тапсыра алмайды. Бұл үшін адамның салмағы 50 килодан кем болмауы керек. Жас мөлшері 18 бен 55 жас аралығындағы азаматтар ғана қан тапсыра алады. Дәрігерлердің айтуынша, жасы ұлғайған адамдарда қант диабеті, артериялық гипертензия, жүрек ауруы сынды созылмалы аурулар болады. Тағы бір ескерерлігі, қан аппараттық плазмаферез арқылы дайындалатындықтан донордың білегіндегі күре тамыры анық болғаны абзал. Қан алдымен күре тамырдан ине арқылы алынып, арнайы аппаратқа түседі. Медицина мамандары аппаратпен қандағы плазманы бөліп алады да, қанның клеткасын қысыммен донорға қайта құяды. Денсаулығыңыз, жас мөлшеріңіз жоғарыда аталған талаптарға сай келсе, қан тапсырып, бейтаныс адамның өміріне араша түсуіңізге мүмкіндік бар.

 

Шығыс Қазақстан облысы