• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Руханият 22 Қазан, 2020

Бөтенге сәлем

402 рет
көрсетілді

Ауылды артқа тастап, қалалық болғалы бері жаңа ережелерге бой үйрету керек болды. Бірақ ауылдан алып келген ескі әдетім Алматы­дағы бөтен адамдардың алдында жиі ұятқа қалдыра бастады.

 

Қалалық өмірге құштар көңі­лім жаңаша көркем дүниенің әсемдігін бойыма тез сіңіруге асық­ты. Алматыға алғаш келген күні ерекше таңғалдым. Еш­теңемен ісі жоқ ағылған осынша нөпір адамды бірінші көруім. Аудан орталығы болған біздің ауылдың орталық көшесіндегі қаз-қатар тізілген дүкендердің маңайы көрші ауылдан азық-түлік алуға келгендердің қа­расы­мен қайнап, кішігірім мереке боп жататын еді. Бірақ Ал­матының қасында ол түкке тұрғысыз, қораш болып қалады екен. Ауылда алдыңнан қарсы ұшы­расқан үлкен адамның бар­лығына сәлем беру бала-шағаға парыз болатын. Алда-жалда ұмытып кеткен болса, әлгіндегі «нашар тәртібің» сен үйге жеткенше алдыңнан әкең я шешең болып қарсы алып тұ­рар еді. Сондықтан танысақ та, танымасақ та көрген жанға сәлем беру бұлжымас салтымызға ай­налған. Мен осы әдетіме басып үлкен қалада жол-жөнекей ұшы­­расқан үлкен адамдарға сәлемдесіп қоя беретінді шығар­дым. Жөнімен кетіп бара жатқан бөтен кісі «мынаның менде не шаруасы бар» дегендей шошына қарағанда, өзімді қоярға жер тап­пай, «кешіріңіз, сізді бір кісі­мен шатастырып алдым» деп өті­рік айтуды бастадым. Өйткені «ауылымыздың салты осындай еді» деп әңгімені тас дәуірінен бастауға өте ыңғайсыз, оның үстіне бөтен кісілерде бі­реуге қарайлайтындай емес, уақыт тапшы келеді. Қанша жер­ден амандаспайын деп өзі­ме неше мәрте уәде берсем де, үйренген ауыз алдымен қимыл­дап «сәлеметсіз бе» деп қиылып тұруын қоймады. Бірақ менің де өз пікірім бар емес пе, әупірімдеп жүріп екі елі аузыма төрт елі қақ­пақ қойып алдым. Нағыз ра­хат енді басталғандай болды. Бұрынғыдай байқамай, аман­даспай өтіп кетпейін деген бүгежектеу сап тыйылды. Емін-еркін, сені ешкім танымай­ды. Бастысы «балаң көріп тұ­рып, амандаспай өтіп кетті» деп ата-анама ешкім шағым түсір­мейді, бір сөзбен айтқанда, керемет екен. Бірте-бірте төбесі көрін­ген адамға жік-жапар болып сәлем­десе бермей, таңдап, талғап дәре­жесіне қарай сәлемдесуді үйре­не бас­тадым. Дәлірегі, маған қала­лық үлкендер үйрете бастады.

Бірде қаладағы алып, сәулетті ғимараттың бірінде жарнамасы жер жарған әлдебір жаңа фильм­нің тұсаукесері өтетін болды. Тай­лы тұяғымызбен солай қарай ағылдық. Елден ерте жетіп алған екенмін, шенді-шекпенділер топ-тобымен келе бастаған. Кешігіп жатқандар да бар, ештеңе етпес, ондай маңызды кісілерді күтіп үйреніп алғанбыз. Мен сияқты бос жүрген адамда уақыт көп. Қарапайым пендеге қанша күтсе де уақа емес. Кенет маңғаз басып келе жатқан үлкен ел ағасын көргенде қуанышымда шек болмады. Залдың аспалы шамдарынан түскен жарыққа шағылысқан маңдайы ерекше жарқырап, болмысын айрықша сәулелендіріп жіберген. Үлкен мінберлерден сөйлеген үлкен-үлкен сөздерін талай естігем. Өнегелі, өрісті жан. Ең бастысы, үлкен адам. Отырған жерімнен жылдам көтеріліп, «аға, сәлемет­сіз бе?!» деп жадырай, жамырай амандастым. Естімеді. Апыр-ай, құлағы ауыр еститін болғаны ғой, көп ойланып жатпастан, «аға, сәле­метсіз бе?!» дедім. Бұл жо­лы кәрі әжемнің құлағына айғай­лағандай қаттырақ амандастым. Ағам естігеннен бұрын, мені көрмеген сыңайлы. Шы­ныдай жансыз көз­дерін алысқа тігіп, қасымнан ұзай бер­ді. Мен осы көрінбейтін киім­­мен тұрған жоқ­пын ба, бұл не пәле деп жал­­ма-жан үстіме қа­рағанмын. Қа­ра­пайым болса да бір киерлік киі­мім үстіме жарасымды қонып тұр, несі бар. Ауада қалықтап тұрған жоқпын, еденге аяғымды нық басамын. Бар екенмін. Дәл осы жерде, дәл осы сәтте. Бар кіл­типан құлағының қақасы бар, көзі көре бермейтін, көрінгеннің сәлемін ала бермей­тін үлкен ағамызда болып шық­ты. Көп ұзамай тұсаукесер бас­тал­ған. Ортаға дәлізде әлгінде көр­ген Үлкен ағамыз көтеріл­ген. «Амандасу – ата дәс­түріміз. Жа­сы кіші үлкенге, атты кісі жаяу­ға, келе жатқан адам отыр­ғанға сәлем беруі ежел­ден қа­лып­тасқан. Қадірлі жама­ғат, қош келдіңіздер!» деп сөз бас­тағанда дабырласқан жұрт тын­шып, әр тұстан жөткірінген, мұ­рын тартысы естіліп барып сая­­быр­сыған. «Сәлем бе­ру, сәлем алу өркениетті жол­дың жорал­ғысы. Соны қазір сақ­тап жүр­міз бе? Бүгінгі фильм осындай жоғалып бара жат­қан құн­ды­лықтарымызды әспеттейді», деп ділмәр сөз тізгенде залдағы халық тебіреніп, көзіне жас ал­ғандар да болды. Тумысынан көңіл­шек өзім де ағыл-тегіл жылап отыр екенмін. Осынша аталы сөздің парқын түсіне алсақ, қадіріне жете алсақ игі еді деп егілемін.

Фильмнен кеш қарая тарқа­ған көрермен ала көлеңке зал­дың табалдырығынан аттай бере, «бөтендер әлеміне» аяқ бас­тық. Ол қаладағы өмірдің заңдылық­тары басқа, беймәлім жаққа алып-ұшуға, беймәлім шаруалар­ды тындыруға асықтырып тұрады. Тек мен сияқты әдептен озып, бейтаныс адамдарға амандасып қоймасаңыз, бәрі жақсы болады. Сеніңіз.