Елбасы кітапханасы музейінің жаңа ғимаратында белгілі кескіндемеші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері Қазақбай Әжібекұлының «Өнер шыңына ұмтылыс» атты жеке көрмесінің салтанатты ашылуы өтті.
Көрмеге 1997-2020 жылдар аралығында туған суретшінің отызға жуық жұмысы қойылды. Шығармашылығының алғашқы кезеңін ХХ ғасырдың 90-жылдары соңындағы туындылары бейнелейді. Соңғы онжылдықтағы жұмыстар автордың шығармашылық дамуын, өрлеуін әйгілейді.
Қазақбай Әжібекұлы қылқалам шеберлерінің шығармашылық ізденістерінің басты желісін – қазақ халқының дәстүрлі бастаулары мен рухани мұрасының жандануын бейнелейді. Тәуелсіздік дәуірі бояуы Қазақбай қылқаламының ұшқырлығында айқын сезіледі, ерте кезеңдегі жұмыс тәсілінен айтарлықтай ерекшеленеді. Салтанатты жиынды ашқан Елбасы кітапханасының директоры Әмірхан Рахымжанов суретшіні қазіргі Қазақстанның бейнелеу өнерінің көш басында келе жатқан суретшілердің бірегейі деп атап өтті.
«Сарыарқаның төсінен орын тепкен елордамыздың алғашқы бейнесін Елбасымен байланыстыра білген Қазақбайдың шығармашылығы қашанда алыстан ерекше сөйлеп тұрады. Автор өзіндік қолтаңбасы бар өнерлі жан, ол өз жұмыстарында халықтың мәдениетін, еліміздің мәдени құндылықтарын оның ұлттық идеясын уақыт пен қазіргі өмірдің өзара астасып жатқанын шынайы суреттейді. Көрмеге қылқалам шеберінің Тұңғыш Президент – Елбасы кітапханасының қорында сақталған бұрынғы жұмыстары мен әлемдік қауымдастықты толғандырған көзқарастар тұрғысынан алғанда адамзатты ойландыратын жаңа дүниелері, туған халқының ұлттық бейнесін сомдаған тың туындылары да қойылды», деді Әмірхан Рахымжанов.
Ал белгілі суретші Камиль Муллашев автордың астананың алғашқы қалыптасу жылдарындағы еңбегіне айрықша тоқталып, ешкімге ұқсамайтын даралығын суретшінің ішкі бай дүниесімен байланыстырды.
«Қылқалам шебері ретінде ол Қазақстаннан тыс жерлерде бұрыннан танымал. Басқа елдердегі кескіндеменің жанкүйерлері қазақ халқының мәдениеті мен тарихын Қазақбай Әжібекұлының суреттерінен білетіні өте маңызды. Автор жұмыстарының бір ерекшелігі – халыққа жақын, оның туындыларында бір жылылық бар, бояулары қанық. Оның шығармалары сұлулыққа құштар әр адамның жүрегінен орын алады», деп атап өтті ол.
Бүгінгі таңда Қазақбай Әжібекұлы – қалыптасқан автор, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, көптеген сыйлықтың, соның ішінде арнайы сыйлықтың лауреаты. Ә.Қастеевтің (1999 ж.), «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының (2001 ж.) иегері. Суретшінің өзіндік стилін қалыптастыруда С.Мәмбеев, Қ.Телжанов, Ш.Сариев, С.Айтбаев, Т.Тоғызбаев және басқа да көрнекті қазақстандық шеберлердің шығармашылығымен танысу үлкен рөл атқарды.
Суретшінің жұмыстары «Ақорда» резиденциясында, Елбасы кітапханасының музейінде, Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік бейнелеу өнері музейінің коллекцияларында, Г.Айтиев атындағы Қырғыз ұлттық бейнелеу өнері музейінде және әлем елдерінің жеке коллекцияларында сақтаулы. Қазақбай Әжібекұлының шығармашылығы туралы «Дала пасторалі», «Кескіндемеші» атты телевизиялық фильмдер түсірілді. Қазіргі уақытта суретші профессор, Астана халықаралық университетінің жоғары өнер мектебінің оқытушысы, сонымен қатар «Астана Опера» КеАҚ Директорлар кеңесінің тәуелсіз директоры болып қызмет атқарады.