Бір емес, төрт рет виза ала алмау, жол апаты, тіл білмеудегі қиындықтар, пандемия және тағы басқа кедергілер Бұлбұл Қартаңбаеваның арман жолындағы қадамдарына тосқауыл бола алған жоқ. Бұлбұл – Қазақстанның атынан Ұлттық әйелдер хоккей лигасында (NWHL) ойнап жүрген алғашқы әйел.
Хоккейдегі мансабын 13 жастан бастаған Бұлбұл – Жамбыл облысының тумасы. Ол «Tomiris Astana» командасының капитанынан бастап, Канада мен АҚШ-тың кәсіби хоккей лигаларындағы ойынына дейінгі тартысты һәм қызғылықты жолдан өтті. Өзінің айтуынша, 2016 жылы Канада мен посткеңестік елдердің дипломатиялық қарым-қатынастарының 25 жылдығы аясында Қазақстанға келген Канада әйелдер хоккей лигасының негізін қалаушы Джо Смолмен кездесуі жаңаша серпін сыйлаған. Бұл кездесу Бұлбұлға әсер еткені соншалық, Солтүстік Американың хоккей лигасында ойнауды армандайды. Осылайша, 2017 жылы өзінің қабілет-қарымын көрсету үшін түсірген видеоролигі әйелдер хоккей әлемінде бірден танылып, Бұлбұлдың қабілетін «Boston Blades» командасы байқап, оны CWHL 2017 маусымында ойнауға шақырды. Бірақ ойынға шақырту алып қана АҚШ-қа кете қоямын деу оңай болмай шықты. Виза ала алмағаннан кейін, мен бәрінен бас тарта жаздадым», деп еске алады Бұлбұл. «Бірақ анам мені қолдады. Ол осы ойынды қаншалықты жақсы көретінімді есіме салып отырды. Әсіресе барып-келуге ұшаққа билет алу, виза рәсімдеу арзан емес. Анам мені қолдап, өз атына несие алып берді. Осы қолдауы әрдайым есімде жүреді», дейді ол.
АҚШ-қа келген ол алғашқы тәжірибесін «Metropolitan Riveters» командасында бастап, Ұлттық әйелдер хоккей лигасында (NWHL) кәсіби келісімшартқа қол қойған алғашқы қазақстандық болды. Ал 2020 жылдың маусым айында Бұлбұл АҚШ-тың Нью-Джерси штатындағы «Princeton Tiger Lilies» хоккей клубының бас бапкері болып тағайындалды.
Бірақ оның хоккейдегі мансабы қызығымен қоса қиындығымен қатар жүрді. 2019 жылы қыста жол апатына түсіп, жарақат алған Бұлбұл біраз уақыт ойынға қатыса алмай, қызу дайындықты емделуге айырбастады. Одан кейінгі жер-жаһанды дүрліктірген пандемиядан жаттығу алаңдары жабылып, мансап жолындағы ілгерілеу баяулап қалған еді. Дәл осындай сын сағаттарда «Metropolitan Riveters» командасы Бұлбұлға команда құрамының толық екенін хабарлаған-ды. Бірақ өзінің тәжірибесі мен табандылығының арқасында ол Кәсіби әйелдер хоккей қауымдастығына (PWHPA) қабылданды.
«Ересек әйелдерге арналған хоккей мектебі жоқтың қасы. Тек жасөспірім қыздарға немесе ерлерге арналған лагерьлер ғана қолжетімді. Дәл осы нәрсе бүкіл әлемдегі жас ойыншыларды біріктіруге арналған Халықаралық әйелдер хоккей лагерін құруға шабыт берді», дейді ол.
Бұлбұл әлеуметтік желілерде өзінің жоспарын жариялағаннан кейін, оның тұжырымдамасына әлем ойыншыларынан қызығушылық танытқандар қатары күрт артқан. Қазір Бұлбұл спорттағы өз мансабынан басқа, жас спортшыларды қолдауға бағытталған «Kartanbay» қорын құрды.
«Мен дарыны мен дағдысы тең түсетін көптеген жас хоккейшіні кездестірдім, бірақ олардың өз дамуын жалғастыруы үшін қаржылық қолдау жоқ. Егер бәрі ойдағыдай болса және пандемия жағдайы мүмкіндік берсе, 2021 жылдың жазында лагерь ашуды жоспарлап отырмын. Біздің қордың мақсаты – ойыншылардың кәсіби дамуын құнттап, әлемге өз дарынын таныта алатындай қолдау көрсету», дейді хоккейші қыз.