Әу баста сенер-сенбесімізді білмей, күмәнмен қараған короновирус індеті сәл саябырсып барып, қайта күш ала бастады. Әсіресе, Шығыста. Соңғы тәуліктегі мәліметтерге көз жүгіртсек, облыста 252 жағдай тіркелген. Індет ушығып бара жатқандықтан шектеу шаралары күшейтіліп, облыс шекараларына санитарлық бекеттер орнатылды.
Жалпы Шығыс Қазақстандағы коронавирус инфекциясының жағдайы туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында баспасөз жиыны өтіп, жауапты басшылар мәліметтермен бөлісті.
Еліміздің денсаулық сақтау вице-министрі, бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Ерлан Қиясов облыстағы эпидемиялық жағдайды тұрақтандыру мақсатында 2 қарашадан бастап Өскемен қаласынан әуе қатынастарын қысқарту жөнінде тапсырмалар берді. Нақтыласақ, Өскемен – Нұр-Сұлтан бағыты бойынша аптасына 17-ден 7 рейске дейін, Өскемен – Алматы бағыты бойынша 14-тен 7 рейске дейін, Өскемен – Шымкент бағыты бойынша 2-ден 1 рейске дейін қысқартылады. Сонымен қатар 2 қарашадан бастап темір жол қатынастары да қысқарады. Бұдан былай Өскемен – Нұрсұлтан бағыты бойынша аптасына пойыз аптасына бір-ақ рет жүрсе, Өскеменнен Алматыға үш рет ғана жүретін болады. Ал жолаушыларда мерзімі 30 күннен аспаған COVID-19 вирусы бойынша ПТР арқылы тексерілгендігі жөнінде анықтама қағазы міндетті түрде болуы шарт. Оларды шығарып салушылар мен қарсы алушылардың вокзалға, әуежайға келулеріне болмайды.
Сондай-ақ бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің тапсырмасына сәйкес, облыстағы қызметкерлердің 80 пайызы қашықтан жұмыс істеуге көшті. Жиналыстардың өтуіне тиым салынды. Халық көп жиналатын жерлерге дезинфекция жасау тапсырылды. Вахталық әдіспен жұмыс істейтіндерге толық ПТР тестілеуден өту міндеттелді. Адам көп шоғырланатын орындарда санитарлық режімді сақтау үшін мониторингтік топтардың жұмысы күшейеді. Бұдан былай Шығыс Қазақстан облысындағы эпидемиялық жағдай үкіметтің үнемі қадағалауында болады.
– Құрметті тұрғындар, эпидемиялық жағдайға, енгізілген санитарлық шектеулерге жауапкершілікпен қарауларыңызды сұраймын. Шығыс Қазақстан облысында коронавирус инфекциясының көбеюі тұрғындардың көші-қонымен де байланысты. Көпшілік санитарлық талаптарды сақтамаған. Шекара асып, өзге мемлекеттерге ұшып жүргендер өздерін ғана емес, жақындарын да ойлауы керек. ПТР-тест тапсырмағандар да ұшып жатты. Ондайда әуе компаниялары тест нәтижесі жоқ жолаушыларды өткізбеуі керек еді, – деді Е.Қиясов.
Облыстағы шектеу шаралары құзырлы органдардың қатаң бақылауына алынды. Енді қоғамдық көлікте маска тағумен қатар, екі метр арақашықтықтың сақталғаны жөн. Масканы ел көп шоғырланатын жерде ғана емес, көшеде де кез келген тұрғын тағуы керек.
Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Шәкәрім Бұқтұғытовтың айтуынша, індеттің алдын алуға бағытталған шаралар тыңғылықты жүргізіліп жатыр.
– Өңірде 15 компьютерлік томограф тәулігіне 24 сағат, демалыссыз жұмыс істеп тұр. Әр құрылғы белгілі бір ауданға немесе қалаға бекітілген. Үржар ауданына, Өскеменнің Жедел медициналық жәрдем ауруханасына, Семей жұқпалы аурулар ауруханасына қосымша 3 компьютерлік томограф алынды. Оларды осы айда орнату жоспарланып отыр. Жергілікті бюджет есебінен Өскемен мен Семейде, Күршім, Үржар аудандарында тағы 5 ПТР зертхана ашу жоспарланған. Вирусқа қарсы дәрі-дәрмектер жеткілікті, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Соңғы тәулікте Шығыс Қазақстан облысы бойынша коронавирус инфекциясымен 252 науқас тіркелген. Өзге облыстармен салыстырғанда бірнеше есеге көп. Ал қазан айында коронавирус инфекциясының салдарынан өлім-жітім көрсеткіштері өскен.
– Қайтыс болғандардың 60 пайызы – 60 жастан асқандар. Ал қалғаны кеш келгендіктен, жан сақтау бөліміне түскен, – деп түсіндірді ШҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Райфа Сафиоллақызы.
Оның айтуынша, коронавирус инфекциясы жағдайы алғаш орын алғаннан бері облыста науқастардың төсектік орны 12 есеге, жансақтау бөлімдеріндегі төсектік орын 11 есе көбейген. Жалпы облыста 124 реанимациялық төсектік орын бар. Коронавирус инфекциясының екінші толқыны кезеңінде уақтылы әрі сапалы медициналық көмек көрсету үшін Шығыс Қазақстанда 40 инфекциялық стационар әзірленіп, толық медициналық жабдықталған 6 010 төсектік орын дайындалып отыр. Облыстың медициналық ұйымдарында дәрілік заттардың қоры екі айға жетеді. Облыста ауыр науқастар үшін түрлі қан топтарындағы иммундық плазманың 2 985 дозасы әзірленген. COVID-19 коронавирус инфекциясы бар 50 ауыр науқасқа иммундық плазманың 107 дозасы құйылды. Бүгінде инфекциялық статционарда ауыр жағдайдағы 35 науқас ем алуда. Оның екеуінің жағдайы аса ауыр халде. Аурухана төсегінде жатқандар денсаулық сақтау минситрлігімен бекітілген хаттама бойынша ем алады.
Күн санап көбейіп келе жатқан науқастардың санын азайту үшін 1 қарашадан бастап облыс шекараларына санитарлық блок бекеттер қойылды. Оның жетеуі Өскеменнің кіреберіс жолдарына орнатылды. Енді облыс азаматтарының кіруіне және шығуына тыйым салынады. Қиын сәтте халыққа той-томалақты, басқосуларды да доғара тұрғандары жөн. Осыған орай облыстық бас мемлекеттік санитарлық дәрігері «Тұрғындарға корпоративті, салтанатты, отбасылық және басқа да іс-шараларды өткізуге жеке үй мен ғимараттарды жалға алуға тыйым салып отыр. Ал білім беру мекемелеріне келер болсақ, 1-4 сынып оқушылары ата-аналардың өтініші бойынша 15 баладан аспайтын кезекші сыныптардағы оқу жалғасады», деді.
Аймақта стационарлық дәрілік көмекке барлығы 8,9 млрд теңге, оның ішінде коронавирус инфекциясы бар науқастарды емдеуге қосымша 2,6 млрд теңге өтінім қарастырылған. I және II деңгейдегі инфекциялық стационарларда тасымалдауға келмейтін ауыр науқастар үшін көшпелі шұғыл әрекет ету бригадалары ұйымдастырылған. Олардың құрамында анестезиолог-реаниматолог, инфекционист, пульмонолог сияқты мамандар бар. Ем-домның уақтылы қолданылуының арқасында тәулігіне 64 пациент стационарлардан емделіп шығарылып отыр. Оның ішінде ковидті пневмониясы бар науқастар да бар.
Шығыс Қазақстан облысы