Демалыс күндері «Астана Балет» театрында өткен қос премьера хас өнерге сусап қалған астаналық көрерменнің жан сарайын жадыратқан кеш болды. Екі күн бойы қазіргі заман хореографтары Рикардо Амаранте мен Дэвид Джонатанның жаңа спектакльдері сахналанды.
Кеш шымылдығын Рикардо Амарантенің «Longing» («Құштарлық») бір актілі балеті ашты. Адамдардың қарым-қатынасы жайлы ой толғайтын балеттің әлемдік премьерасы әлімсақтан бері мазалап келе жатқан сұрақтардың жауабын заманауи хореография тілінің көмегімен іздеуге талпыныпты.
«Рикардоның стилін біз толық меңгеріп алдық: оның балеттерін қалай билеу керегін ұмытқан жоқпыз, сол себепті хореографияның өзі қиынға соқпады. Репетиция жыл басында өтіп, көктемде премьерасы өтуі тиіс еді, бірақ карантин жарияланғандықтан, премьера күні шегерілді. Сахнаға қайта оралып, көрерменді көру, оның энергетикасын сезіну ерекше қуаныш сыйлайды. Менің ойымша, осы премьералардан кейін әртістердің бәрі бақытқа бөленген шығар», дейді жетекші солист Фархад Бөриев.
Рикардо Амарантенің айтуынша, бұл қойылымның да көркемдік безендірілуінде минимализм басым. Жарықты ойната отырып, балетмейстер мен жарық дизайнері Роберт Даутов сахнадағы әрекетті тамашалап отырған көрерменді түс көргендей әсерде қалдырды.
«Мұндайда сахнадағы әрекет айқын көрінбейді, қара түнек жарқ еткен сәулемен бір сәтке ашылады. Осы атмосфераны сахнада жарық, түтін мен экран арқылы беруге тырыстық», дейді хореограф.
Костюм суретшісінің айтуынша, балеттегі әр бейне көмек көрсетіп, жол сілтейтін секілді. «Ақ түс – сахнадағы әрекеттің түс екенін меңзейді. Мұнда оған періште бейнесіндегі мінсіз тұлға елестейді, қара түс шынайы өмірді білдіреді. Ал үшінші бөлімде әртістер адам тәні түстес киім киіп шығуы, бұл – материалдық әлемнен ада адам жанының аллегориясы. Бұл бөлімде адамдар жандармен кездеседі», дейді Паула Роза Сантана.
«Longing» – Рикардо Амарантенің «Астана Балет» театрына арнап қойған оныншы балеті. Осы туындысымен балетмейстер елордалық театрдағы жұмысын тәмамдайды.
Екінші бөлімде көрермен назарына «Instinct» («Инстинкт») бір актілі балеті ұсынылды. Астаналық көрермен «Астана Балет» театрының жетекші солисті Дэвид Джонатанның қоюшы-хореограф ретіндегі еңбегімен алғаш танысты. «Маған осыншалықты сенім артқаны мен үшін зор мәртебе. Бұл театрдың әртістері ғаламат. Олар менің стилімді, қимылдарымды жылдам үйренді. Бұған алғысым шексіз, себебі дайындалуға уақытымыз өте аз еді», деп атап өтті хореограф. Абстракциялы балетте хореограф жақын адамыңнан жырақта қалу тақырыбын қозғайды. Қазіргі пандемия мен шекараның жабылған тұсында бұл өте өзекті тақырыпқа айналды. Мұнда біртұтас музыка мен пластика кездесуге асық жандардың ішкі күйінішін суреттейді.