Мизамшуақ шақта Мұзтаудың бөктеріндегі Қаракөлге сапарлағанбыз. Алтайдың алтын түске малшынып, өзгеше құлпырып тұрған уақыты. Баяғы тоғыз жолдың торабындағы Берелден ұлттық парктің қорықшылары жол бастады.
Ақбұлқақ өзенінің арғы жағасы мен бергі жағасын жалғап жатқан ағаш көпірді сықырлатып өте шықтық та, Қарайырық ауылының арғы басында көлденең тұрған шлагбаумға тұмсығымызды тіредік. Ауыл деген аты ғана, терезелері үңірейген қараша үйлердің маңайын сойдиып-сойдиып ошаған басып кеткен. Қашалары қаусап тұр. Кейбір үйлердің оғыр-шоғыр болып, іргетасы ғана қалған. Тамылжыған табиғат аясындағы бұл ауылда бүгінде екі-үш-ақ отбасы тұрады. Басқалары ертеректе Берелге, Катонға, кейбіреуі қала жаққа көшіп кеткен. Әйтпесе 90-жылдарға дейін ауылдың ауыл кейпі бар-тұғын. Төр жақтағы шоғыр зираттар да осы ауылдың тарихынан хабар беріп тұрғандай көрінеді.
Кеңес өкіметі тұсында бұл ауыл Язевая деп аталатын. Жергілікті жұрт «Езөпкө» десіп кеткен. Кейін ауыл әбден азып-тозып, жетімсіреп қалғанда, Қарайырық болып қазақшаланған. Бұрындары дүркіреген орман шаруашылығының «пилорамы» болған. 2000 жылдарға дейін бастауыш мектеп жұмыс істеген. Ал 2009 жылдан бастап Берел ауылының бір көшесі болып қана саналады.
Елдің әл-ауқаты артқаны шығар, ағылып жатқан турист көп мұнда. Өңкиген джип мінгендер де, жаяу-жалпысы да жаздай сабылысты, мынау шлагбаумда әлі тыным жоқ. Қаракөлді, одан әрі Мұзтауды бетке алғандардың бәрі-бәрі осы ауылды басып өтеді. Биылғыдай қарқынмен туристер легі көбейе берсе, Қарайырықтың тіршілігі ертең-ақ қайнайды.
«Мына үйлер бос тұрғанымен, бәрінің иелері бар. Олар сатуға да құлшынып отырған жоқ. Өйткені бұл ауыл қолайлы жерде тұр», деген инспектор Эрнст Оралғазин қаңырап тұрған үйлерді көзімен шолып шықты.
Инспектордың айтайын дегенін бірден түсіндік. Қарайырық ауыл санатында болмағанымен, елсіз мекеннің жарқын болашағынан жылт еткен үміт бардай көрінді. Себебі қаңыраған Қарайырық жарты әлем білетін Мұзтаудың, Қаракөлдің жолында тұр. Аяқасты ауданның экономикасы қарыштап дамып, Қаракөлге дейін асфальт түссе, саяхатшылар қысы-жазы тоқтамаушы еді. Мынау шайтан аяғын сындыратындай жолдың өзінде туристер толастамай тұр, жолы түзелсе тіптен... Ал бос тұрған үйлерді қонақүй ретінде жөндеп қойса, жолаушылар тоқтап, ауқаттанып, бір тынығып алар еді. Тау-тасқа қажетті асай-мүсей, азық-түлік дүкенін ашып қойса да артықтық етпейді. Әйтпесе Қаракөлге дейінгі жолдың әуресі көп. Бар-жоғы 25 шақырымды жүріп өтуі үшін екі сағаттай уақыт кетеді. Оның өзінде ол жаққа жол таңдамайтын көліктер ғана жете алады.
Қыңыр-қисық қоршауға сүйеніп, ойға шомып тұрғанда «Сәлеметсіздер ме?!» деп саңқ еткен жіңішке дауыс ойды бөліп жіберді. Ол осы шлагбаумның тұтқасын ұстап отырған Ұлттық парк инспекторы Лаура Есжанқызы еді. Бізден куәлігімізді алып, аты-жөнімізді журналға тіркеді. Содан кейін ғана барып шлагбаумды ашып, сәт-сапар тілеген.
Ендігі жолдың соқпағы көп. Көлік пен жүргізушінің сыналар тұсы да осы. Жеткенше өр. Қос қапталдан тау төніп тұрады. Өзендерден тараған бұлақтар жолдың кейбір тұсын жырым-жырым етіпті. Ыңыранып-ышқынған көліктер бір сағаттай жүріп, Қаракөл сарқырамасының тұсына келіп аялдады. Топырлай түсіп, жалғыз сүрлеумен сарқырамаға қарай асықтық. Жақындаған сайын гүрілі қатая берді. Бұрын келіп көрмеген жігіттер жан-жақтарын суретке түсіріп әлек. Сарқыраманы көргенде «ғажап, тамаша, керемет» десіп таңданыстарын жасыра алмады. Қаракөл су құламасы сонау біз бара жатқан Қаракөлден шыққан бір сағасы. Он метрден құлап ағады.
Суреттегідей көрініске таңданысып, таңғалысып көлікке қайта міндік. Шоқалақ-шоқалақ етіп жүріп келеміз. Мұндайда жол біте қоймайды емес пе?! Бір кезде инспекторлардың рациясы быж-быж ете қалды да, ар жағынан Қаракөлдің жолында базбіреулер қоқыс шашып кеткенін хабарлады. Инспекторлар құп алып, Эрнст Оралғазин алдымызда дегендей иегін көтерді. Мөлшерлегеніндей, жол жиегінде бөтелкелер жайрап жатыр. Инспекторлар бәрін жиып-теріп көлікке салып алды. Табиғатты қорғау деген осы емес пе?! Армандағанымыздай, Қаракөлге дейін асфальт түссе, табиғат ананың қоқысқа толып кетпесіне кім кепіл? Табиғат табиғи қалпында сақталып тұрғаны да жөн дерсің мұндайда.
Иыққа шыққанда менмұндалап Мұзтау көрінді. Басында шөкім бұлт жоқ. Етегіне дейін қар түскен. Бауырында мөлдіреп көл жатыр. Қаракөл. Көл жағасында көк шатырлы бірнеше үй бой көтерген, ақшаңқан киіз үйлер тігілген. Оның бәрі туристер үшін. Жағалау құжынаған халық. Бірі келіп, бірі кетіп жатыр. Қонақүйден орын таппағандар шатыр тігіп алған. Мұнда да туристерге бас-көз болып, инспекторлар отыр.
Егер күн райы қолайлы болса, парк қызметкерлерінің жол бастауымен, Алтай тау сілемдерінің ең биік шыңы – Мұзтауға дейін сапарлауға болады. Ол жақта соғыс уақытында вольфрам, молибден өндірген кен орны қаз-қалпында сақталған. Жол-жөнекей 80 метрден құлап аққан Көккөл сарқырамасы бар. Бірақ Қаракөлден әрі атқа ер салмасаңыз, көліктің келген жері осы. Ат керек дегендер Ұлттық парктен құнын төлеп, жалға ала алады. Мұзтау қол созым жерде тұрғанымен, жолай «Сәрсенбайға» бір қонып жетпесе, жетпіс шақырымға тақым шыдамайды. Төтесінен жол болғанымен, ол жерге соқыр ішек ұқсап Ресейдің территориясы кіріп кеткен. Байқаусызда шекара сызығынан өтіп кетсе, заңға тартылады. Бұл жақта қада қағылып, тікенек сым тартылмаған. Сондықтан да бір қадам шалыс басса, Ресейден бірақ шығуы мүмкін.
Салқын самал жел есіп, Қаракөлдің бетін толқын тепкіледі. Әр-әр жерінен балығы шоршып, жылт етті. Саяхатшылардың кейбіреуі катамаранмен көлдің ортасына қарай барып, қармақ салып отыр. Бұл көлдің аққайран дейтін балығы да ерекше. Қармаққа ілініп қалса, шиқылдап, дыбыс шығарады. Ал майға қуырсаңыз, дәмі тіл үйіреді. Балықшылардың айтуынша, шыбын-шіркей азайған күздің осындай шағында аққайран жақсы қабады екен. Жақсы қабады деп аулай беруге болмайды, белгіленген мөлшері бар.
Жан-жағын қалың қарағай қоршаған көлді көрдік. Жаздағыдай емес, күздің жаймашуақ күнінде суретшінің палитрасындай сан алуан бояулармен құлпырып, құбылып, көз тоймастай сұлулана түскен. Күзгі Қаракөлдің табиғатына таңдай қағысып, түс ауа Берелге қайта беттедік...
Шығыс Қазақстан облысы
Катонқарағай ауданы