• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 03 Қараша, 2020

Әл-Фарабидің алып портреті

368 рет
көрсетілді

Алматыдағы қара шаңырақ ҚазҰУ қалашығында шығыстың ұлы ойшылы Әбу Насыр әл-Фарабидің алып портреті күзгі жапырақтардан бейнеленді. Бабамыздың 1150 жылдық мерейтойына арналған тамаша тартудың авторы – Джохар Юнусов.

Джохар бұған дейін де көшедегі креативті арт-жұмыстарымен көп­шілікті сүйсінтіп жүрген еді. Бұл жолы да табиғаттың тосын міне­зінен қорықпай, тәуекел еткен топ тоқ­­тамай 10 сағат бойы жұмыс істеген.

– Бұл жоба менің өмірімдегі ең өршіл әрі қиын жобаға айналды. Мұның бәрі неге керек, маған бола бүкіл ҚазҰУ жапырақ жинап жатыр. Қане, енді жауап бер деп бір күн қалғанда ойлана бастадым, – дейді суретші.

«Тәуекел түбі – желқайық, өте­­сің де кетесің» демекші, жи­нал­­ған 50 қап жапырақтың бауын шешіп жі­­беріп, жұмысқа кірі­сіп кет­кен топ­­тың мақсаты айқын бол­­ғанымен, нә­тижесі бір Құдайға аян еді.

– Сөйтіп жүргенде философтың тақиясының жартысын да жаппай жапырағымыз таусылды. Содан кейін жел тұ­рып, құйындатып  кет­кенде таби­ғаттың күшіне қарсы келіп жатырмыз деп күдіктене бас­­тадым. Бәрін тастап, тырмалап жат­қан балаларды үйге қайтарсам ба деп те ойландым. Бірақ мен оны көрсетпеуге тырыстым, – дейді Джохар.

Бірлігі жарасқан еңбекқор топ кеш қарайғанға дейін тапжыл­май жұмыс істеп, жұмысты ойдағыдай аяқтаған. Қараңғы түсіп кет­кен­діктен портретті фото, видеоға түсіру мүмкін болмай, үйді-үйіне тарқауға тура келген. Таң ата қайта жиналған шығармашылық топ нағыз кереметтің куәсі болған еді.

– Кеш батып кетіп, портретті түсіріп үлгермедік. Қалған жұ­мысты таңға қалдыруға тура келді. Түні бойы жел ұшырып кетпесін деп тіледім. Таңертең біз келген бүкіл стадион алаңы таңғы шық­пен көмкеріліп, бір жапырағы да қисаймапты. Мен командамның көзінен сенімді, тәуекелді көрдім. Әрқайсысына жеке рахметімді айтамын, – дейді ол.

Қала тұрғындарын күтпеген жерден қуантып жүрген сурет­шінің осыған дейін дана Абайдың, Димаштың портретіне арналған жұмыстары әлеуметтік желілерде кең қолдауға ие болған еді. Әлем­нің екінші ұстазына арналған бұл жұмысы да өнер аясының, қиял көкжиегінің шексіз екендігін көрсетіп берді.