«Менің бар арманым мультфильмдер де адамға көмектессе екен, өмір сүруге баулып, ұстаздық құрса екен», деген тұңғыш қазақ мультипликаторы Әмен Қайдаровты асқақ мұраттарға жеткізген ұшқыр қиялы мен табандылығы еді. Кешегі жексенбі балалар жүрегіне жол тапқан осынау суреткер жанның келешекке артқан үмітінің орындалған күні болды. Олай дейтін себебіміз, халықаралық «ÁMEN» Animation film festival салтанатты жиыны ашылып, бауырлас түркі жұртының аниматорлары бас қосты.
Өнер мерекесіне түркі елдерінің, атап айтқанда, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Татарстан және Башқұртстан өкілдері қатысты. Фестивальдің ашылуына орай отандық мультипликация саласына жауапты құрылымдар мен анимация мамандарының қатысуымен «Қазақ анимациясының көкейкесті мәселелері» тақырыбында онлайн дөңгелек үстел өтті. Фестиваль президенті әрі дөңгелек үстел модераторы Мақпал Жұмабай фестивальдің мақсаты мен міндетіне тоқталып, жыл өткен сайын жаңа қарқын алып келе жатқан жобаның өміршең, өрісті болуына бейілді екенін жеткізді. Әмен Қайдаровтың ізбасары, Еңбек сіңірген қайраткер Жәкен Дәненов фестивальдің ашылуымен құттықтап, ақ жол тіледі. Іргелі өнер саласының бүгінгі дамуы жайында сөз қозғай келіп, ел аумағында хабар тарататын шетелдік балалар арналарының өнімдерін қазақ тіліне аудару жайлы ұсыныс білдірді.
Фестивальдің ашылуына қатысқан Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тілепов министр Аида Балаеваның құттықтауын жеткізді. «Қоғамымыздың келешек гүлденуі де, өміріміздің өнегелі түрленуі де, жас ұрпаққа берер бүгінгі тәрбиеміз де тәлім-тәрбиеге, үлгі-өнегеге байланысты екені анық. Бұл ретте еліміздегі қазақ анимациясының басы-қасында жүрген талант иелері ұлттық мультипликацияның бәсекеге қабілеттілігін шыңдап, соның ішінде қазақ тілді балалар контентінің ауқымын кеңейтіп, қарқынын одан әрі үдетеді деп сенеміз. Әрине бұл бағыттағы арқалап жүрген жүктің салмағы ауыр. Сондықтан осы ізгі шаруаға бел шеше кірісіп, берекесін келтіріп жүрген отандық аниматорлар қауымына зор алғысымды айтамын», делінген хатта.
Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың фестиваль ұйымдастырушыларына жолдаған құттықтауын жеткізген министр кеңесшісі Ерлан Жұрынбаев отандық киноөндірушілерді қолдау мақсатында министрлік заңнамалық мәселелерді кешенді түрде шешіп жатқанын мәлімдеді.
Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қаба анимацияның ұлтты тәрбиелеуші стратегиялық маңызына аса мән беріп, алдағы уақытта комитет тарапынан бірқатар мәйекті жобалар мен шешімдердің жүзеге асырылатынын атап өтті. Бұдан бөлек, жиында «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ «Рухани жаңғыру» орталығының басшысы Жанар Боқанова мемлекеттік тілді дамытудағы анимацияның рөлі жайында айта келіп, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында мемлекеттік және жекеменшік серіктестікке құрылған арнайы бағдарлама қабылдайтын уақыт келгенін, сол себепті анимацияны дамыту бойынша арнайы жол картасы дайындалатынын жеткізді.
Ал «Balapan» телеарнасының бас продюсері Сандуғаш Баймаханқызы балалар арнасының мультипликация саласын дамытуға қосып жатқан үлесі зор екенін атап өтті. Яғни «Balapan»-ның отандық нарықтағы анимациялық жобалардың 90 пайызға жуығын өндіретінін айта келе, қазақ тіліндегі анимациялық контенттің санын арттырып, тапсырыс көздерін көбейту мәселесін алға тартты.
Дөңгелек үстел барысында Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы басқарма төрағасының орынбасары Айдар Асқарұлы кино орталықтың қаржыландыруымен жүзеге асырылған анимациялық жобаларға тоқталып, отандық мультипликатор мамандарға ризашылығын жеткізді. Сондай-ақ Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ анимациялық студиясының басшысы Адай Әбділда анимация саласында білім гранттарын көбейту және жас мамандардың әлемдік озық анимациялық студияларда кәсіби тағылымдамадан өтіп, тәжірибе алмасуына мүмкіндік жасау жайында сөз қозғады. Одан бөлек, жиынға қатысушы өзге де мамандар тарапынан студияларды техникалық модернизациядан өткізу үшін мемлекет тарапынан субсидия бөлу тәжірибесі, отандық толықметрлі анимациялық фильмдердің прокаттық көрсетілімін ұйымдастыру мәселесі де айтылды.
Сондай-ақ фестиваль аясында үш ел мамандарының атсалысуымен 11 шеберлік сыныбы ұйымдастырылып, оған 100-ден аса қатысушы тіркелді. «Қазақ анимациясының ретроспективасы» бағдарламасы негізінде 16 фильм көрсетіліп, отандық «Махамбет» мультфильмінің халықаралық көрсетілімі және түркиялық «Рафадан Тайфа жер асты хикаялары» фильмінің Қазақстандағы тұсаукесері өтті.
Байқауға төрелік ететін қазылар алқасының құрамы білікті мамандардан жасақталған. Олардың қатарында қазылар алқасының төрағасы, кинотанушы, PhD докторы, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Кино тарихы және теориясы» кафедрасының доценті Баубек Нөгербек, Мәдениет қайраткері, «Сақ» киностудиясының бас режиссері Батырхан Дәуренбеков, жазушы-драматург, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Роза Мұқанова, Жапония анимациясының режиссері, «Netflix», «Warner Brothers», «Disney», «Mad House», «Studio 4C» компанияларымен бірлесе жұмыс істеген Ашино Йошихару, анимациялық кино режиссері, ҚХР-дың Бейжің қаласындағы «Қыран» студиясының директоры Арысбек Мұқан, «Junior Eurovision-2020» қатысушысы Қарақат Башанова, режиссер, продюсер, «Qazart» киностудиясының директоры Қасиет Сақиолла сынды елге белгілі мамандар және әлемдік деңгейдегі анимация шеберлері бар.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, биыл фестиваль қоржынына 47 фильм ұсынылып, оның 37-сі іріктеуден өткен. 9 номинация бойынша жүлделер тағайындалды, атап айтсақ Данияр Әбдукаримовтің «Как мальчик спас свой город» туындысы «Үздік кәсіби анимациялық фильм», Рим Шарафудтиновтің «Правила рисовальщика» жобасы «Үздік режиссерлік жұмыс» деп бағаланды. Ал «Үздік сценарий» номинациясын Сергей Киатровтың «Ревизские сказки» фильмі иеленіп, «Үздік қоюшы суретші» жүлдесін Дмитрий Власовтың «Flow» және Дастан Кішкентаевтың «Алпамыс» мультфильмдері олжалады.
Сондай-ақ Томирис Аралбайдың «Что то спрятанное в темном лесу» жобасы «Үздік студенттік жұмыс» ретінде танылып, «Үздік студенттік режиссерлік жұмыс» номинациясы бойынша Әліби Мұқышевтің «Ластик» жобасы марапатталды. Ал Жанәділ Байдарбектің «Ырысты ыдыстар» анимациялық сериалы «Үздік мультхикая» болып таңдалды. «Әділ қазылар жүлдесі» Иван Ардашовтың «Абақ және айналу жоралғысы» және Седа Бабаянның «Полет» мультфильмдеріне берілді. Жанат Жайлыбайдың «Дала ойындары» мультхикаясы «Көрермен көзайымы» атағын алса, «Үздік комикс» конкурсында Эльвира Тұрғынбаева жеңіске жетті.