• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Білім 12 Қараша, 2020

Бірқатар мамандықтың лицензиясы қайтарылды

216 рет
көрсетілді

Шығыс Қазақстан облысының 19 кәсіптік және техникалық білім беру мекемелері бірнеше мамандық бойынша берілген лицензияларын өз еріктерімен қайтарған. Демек қоғамға кейбір мамандықтардың қажетсіз болып қалғаны ма?

Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысы бойынша білім беру саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Зейнеп Мақсұтова хабарлаған. Аталған департамент жыл басынан бері жалпы білім беретін мектептерге профилактикалық бақылау жүргізіп, білім беру ұйымдарын жоспардан тыс тексерген. Депар­та­мент мамандары білім беру қызметіне лицензия беру және білім туралы құжаттарға апостиль қою бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетеді.

Қазіргі уақытта Шығыс Қа­з­ақс­­тан облысының 19 кол­лед­жі кейбір мамандықтар бо­йынша лицензияға қосымшаны өз еріктерімен қайтарып берген. Оның 10-ы – мемлекеттік, қалған 9-ы – жекеменшік оқу орындары. Атап айтсақ, фермер шаруашылығы, есептеу тех­никасы, бағдарламалық қамтамасыз ету, ішкі санитарлық құ­рылғыларды, желдеткіштерді және инженерлік жүйелерді монтаждау, металлургиядағы маши­на­лар мен жабдықтар, меха­ни­калық өңдеу, токарьлық пен ме­талл өңдеу, сәндік қолдан­балы өнер, іс қағаздарын жүр­гі­зу және мұрағаттау сынды ма­ман­дықтардың лицензиялары қайтарылған. Бұл маман­дық­тардың кейбіреуі цифрланған қоғамда аса қажет болмағанымен, токарьлардың тапшы екені сөзсіз.

– Бас тарту себептері негізінен мемлекеттік баж салығының дұрыс төленбеуімен және таңдалған елдердің Гаага Конвенциясына кірмеуімен байланысты, – дейді білім беру саласында сапаны қам­та­масыз ету департаментінің бас­шысы.

Білім туралы құжаттарға апостиль қою қызметі бойынша биыл қаңтар-қазан айларында 561 өтініш келіп түскен екен. Депар­тамент басшысының айтуынша, барлығы 497 құжатқа апостиль қойылды. Оның ішінде 394-і – жоғары білім туралы, 94-і – кәсіптік-техникалық білім туралы және 94-і – жалпы орта білім туралы құжат. Ал 64 құжат белгілі себептерге байланысты қабылданбаған.

– Биыл біздің департаментке лицензиялау мәселелері бойынша 114 өтініш келіп түсті. Оның ішінде 62 өтініш қанағат­тандырылды, 46 өтініш қайтарылды, ал 6 өтініш қаралуда, – деді Зейнеп Махсутова.

Шығыс Қазақстан облысы бойынша білім беру саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің биылғы басты міндеттерінің бірі колледждер мен жоғары оқу орын­дарының студенттері үшін қашықтан білім беру технологияларына қолжетімділіктің болуына мониторинг жүргізу еді. Елдегі індетке байланысты 14 наурыздан бастап департамент оқу орындарының қашықтан оқытуын үнемі қадағалауларында ұстап отырды.

– Мониторинг 71 колледж және 7 жоғары оқу орнын қамтыды. Атқарылған жұ­мыс­тар­дың қорытындысы бо­йынша студенттердің басым бөлігі қашықтан білім беру техналогия­сына қол жет­кізе алатыны анық­тал­ды. Бірақ кейбір колледждерде ин­тернет жылдамдығының тө­мен­дігі анықталды. Бірақ осы мәселелердің барлығы шешілді. Колледждерге жұмысты жақ­сар­ту бойынша ұсыныстар уақтылы жіберіліп, қажетті кө­мек көрсетіледі, – деп қосты З.Махсутова.

Алайда «Шығыс Қазақстан техникалық-экономикалық кол­леджі» және «Семей қала­сының Еуразиялық көпсалалы колледжі» ЖШС-де қашықтан оқыту платформасы жоқ болғандықтан, оқыту «WhatsApp» желісі арқылы жүргізілген екен.

Мониторинг мектептерді күрделі жөндеу, оқулықтарды жеткізу, мектеп дәретханаларын пайдалануға беру, бейне­ба­қылаумен жабдықтау жұ­мыс­­тарына да жүргізілді. Анық­тал­ғандай, 304 орта білім беру ұйым­дарында дәретханалар орна­тылған, 40 мектепте күрделі жөндеу жүргізілді, барлық оқушы жаңа мазмұндағы оқулықтармен және әдістемелік кешендермен толық қамтамасыз етілген.

Сонымен қатар департаменттің қызметкерлері ҰБТ және облыс­та­ғы педагогтердің ұлттық бі­лік­тілік тестілеуін өткізу кезін­де бақылаушы ретінде де тартыл­ған. Тестілеу кезінде студенттер мен оқытушылар тарапынан ереже бұзушылық фактілері тіркелді. Ұялы телефондарды пайдаланған 21 түлек тестілеуге жіберілмеді. Тыйым салынған заттарды алып кіруге байла­ныс­ты 47 тест нәтижесінің күші жойылды. Педагогтер тарапынан ұялы телефондарды пайдаланудың 26, шпаргалкаларды пайдаланудың 31 жағдайы және тест сұрақтарын алып шығудың 4 фактісі тіркелді. Нәтижесінде, тест тапсырғандардың қоры­тын­дылары жоққа шығарылған. Бұдан басқа 24 педагог тәртіптік жауап­кер­шілікке тартылыпты.

 

Шығыс Қазақстан облысы