Ұлылардың мекенінде – Шыңғыстаудың етегінде хакім Абайдың мерейтойы дүркіреп, дүрілдеп өтпеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, Абайдың 175 жылдығы ысырапшылдыққа жол берілмей, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін қажет болды. Ақынның туған елінде халықтың әл-ауқатына серпін беретін 19 жоба іске асырылып, ауданның ажары арта түсті.
Қазақтың ғана емес, адамзаттың ойшылы Абай рухына тағзым етіп, оның қара сөздеріне, ойлы өлең-жырларына терең бойламаған адам кемде-кем шығар. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылы Абай ауданына келген сапарында: «Қазақтың ары мен намысы, ақылы мен жүрегі, ұлы Абайдың аруағына басымды идім» деп, баба рухына тағзым еткені ел есінде.
Құнанбай рухына құрмет
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғашқы Жарлықтарының бірі ұлы ақынның 175 жылдығын мерекелеуге арналып, «Ұлы Абайды ұлықтағанда, оның әкесі Құнанбайдың ел алдындағы еңбегін ұмытпауымыз керек» деген-ді Мемлекет басшысы. Әрине, Абайдай ұл өсірген Құнанбай рухына құрмет көрсетілуі тиіс еді. Құнанбай сұлтан өз заманында қайраткерлігімен, әділ де қатал шешім қабылдайтындығымен ерекшеленген тұлға. Оның балуандығы мен найзагерлігі де болған екен. Шешендігімен, тілінің өткірлігімен де көзге түскен. Яғни кешегі өткен Алаш зиялылары бағалағандай, дала данышпаны – Құнанбай мен оның әулеті жерленген Ақшоқының қазақтың тарихында алар орны бөлек.
Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын мерекелеу қарсаңында Құнанбай және оның әулеті жерленген қорым аумағы кеңейтіліп, толығымен абаттандырылды. Зират ішіндегі тозығы жеткен белгітастар жаңартылды. Алаңына тақтатас төселіп, келушілерге қолайлы болу үшін қалқалар қойылды. Қоршау ішіне тайға таңба басқандай етіп, ұлы Абайдың әкесіне арнаған сөздері жазылды. Маңайы құлпырған гүлдермен көмкерілді.
Ең бастысы, елімізде тұңғыш рет ұлы Абайдың кемеңгер әкесі Құнанбайға арнап, оның өмірі мен қайраткерлік қызметін дәріптейтін Құнанбай музейі бой көтерді. Музей ішінде заман талабына сай жабдықталған конференция және экспозициялық залы бар. Сонымен қатар мұражай меңгерушісінің бөлмесі, екі қонақ бөлме, намазхана, асхана және санитарлық торап бөлмелерімен жасақталған. Осы музей арқылы қазақ халқының Құнанбай дәуіріндегі құндылықтар мен ұрпақтар сабақтастығы жаңғыртылып, қажының ел тарихындағы сіңірген еңбегі дәріптелмек. Музейдің экспозициялық залына ұлылар мекенінің тарихынан, өнер мәдениетінен, тұрмыс-салтынан көрініс беретін құнды жәдігерлер, бағалы бұйымдар, тұрмыстық заттар тағы басқа танымдық дүниелер қойылды.
Абай ауданында жұмыс сапарымен болған Даниал Ахметов музей қазақ халқының құндылықтарымен ұрпақтар сабақтастығын сақтау тұрғысынан өте маңызды нысан екенін ерекше атап өткім келеді деген еді. Шындығында, музейге келушілер ұлылар мекенінің тарихына, мәдениетіне, тұрмыс-салтына қанығып, ондағы қойылған құнды жәдігерлермен танысып, рухани азық алып қайтары сөзсіз. Қазақ руханияты үшін атқарылған қыруар шаруаны аудан әкімі Жарқынбек Байсабыров тиімді үйлестіре білді.
Абайдың 175 жылдығы аясындағы жұмыстардың басы ең алдымен ақынның кіндік қаны тамған, қасиетті қазақ жерінің тарихи мекені – Сырт Қасқабұлақ пен қасиет қонған, құт дарыған Ақшоқыда жүзеге асырылды. Ұлы ойшыл өмірге келген Сырт Қасқабұлақта күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, кіреберіс 1,6 шақырым жолы асфальтталды. Абайдың өмір жолы басталған қасиетті бұл жер ұзақ жылдар ескерусіз, елеусіз қалып келген еді. Былтыр тарихи аумақ Абай аудандық мәдениет үйінің теңгеріміне алынып, Абай су ішкен бұлақтың басы толығымен абаттандырылып, адам танымастай өзгерді. Шырша, шынар ағаштары отырғызылып, Абайдың домбырасының пішінінде жасалған нысан басына ақынның қара сөздері жазылған мәрмәр тастар қойылды. «Туғанда дүние есігін ашады өлең» атты стелла тұрғызылды. Сондай-ақ рухани байлығымызды, салт-дәстүрімізді дәріптеу, туризмді дамыту мақсатында этноауыл ұлттық мәдени кешенін ашу қолға алынды. Сырт Қасқабұлақ осылайша келушілерге демалыс сыйлайтын, туған жердің қасиетін, өлеңнің рухын сезіндірген басты нысандардың біріне айналды.
Бөріліге көңіл бөлінді
«Халық пен халық, адаммен адам білімімен теңеседі, ұлт дүниеге берген тұлғалы ұл-қыздарымен өлшенеді» деп өшпес өсиет қалдырған ғұлама жазушы Мұхтар Әуезов дүниеге келген Бөрілі мекенінің де ел тарихында орны бөлек. Абайды әлемге танытқан жазушының туған жері алып ой кемеңгерінің мерейтойы қарсаңында қайта жаңғырды. «Бөрілі – Мұхтар Әуезовтің туған жері» стелласы жаңартылып, ауылға бұрылатын тұста аялдама орнатылды. Ондағы музей алаңы абаттандырылып, келген меймандар үшін демалатын арнайы орын мен екі қалқа қойылды. Сонымен қатар музей алдына «Білімді бала» кіші архитектуралық мүсіні орнатылды. «Street Worкоut» алаңы қойылып, ауыл балаларына кез-келген уақытта спортпен айналысатындай мүмкіндік туды. Ауыл ішіне жарық тартылды. Мұхтар Әуезовтің әкесі мен анасының жатқан зиратының аумағы толығымен абаттандырылып, мердігер компанияның демеушілігімен немере ағасы Қасымбек Әуезұлы мен жеңгесі Ғалия Ахметбекқызының зираттарына мәрмәр тас қойылды. Алыс-жақыннан келген қонақтарды құшақ жая қарсы алатын қасиетті мекеннің бүгінгі көркі көз қуантатындай жағдайға жетті. Ендігі әрі, әр тасы тарихқа тұнған бұл өңірге туристер толассыз ағылатыны анық.
Жидебайдағы жаңашылдық
Құнанбай әулетіне құтты қоныс болған, хакім өмірінің соңғы жылдары өткен Жидебай елді мекені ел тарихындағы маңызы зор, киелі орын екені белгілі. 1995 жылы ақынның 150 жылдығы аталып өткен уақытта пайдалануға берілген сәулетті кесенелердің тастары тозыңқыраған болатын. Жаздайғы жаңбыр, аптап ыстық, қыстайғы қақаған аяз-боран, жауын-шашын тас екеш тасты да тоздырады. Күре жолдың бойынан киелі орынға бұрылатын стелла да ескірген еді. Осының бәрі сараланып, сарапталып, алыстан менмұндалап тұрған «Абай-Шәкәрім» стелласы бой көтерді. Стелла маңы едәуір кеңейтіліп, көлік тұрағы жасалды. Жолдан шаршаған туристер тынығып алатындай қалқа да қойылған. Санитарлық торап та орналастырылды. Шығыстың басқа өңірлердегідей емес, Абай еліне туристер қысы-жазы ағылуы мүмкін.
Жидебайдағы «Абай-Шәкәрім» мемориалдық кешені де мемлекет назарынан тыс қалған жоқ. «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында баба рухы мәңгілік тыныстаған Абай–Шәкәрім мемориалдық кешені және ақынның мұражай-үйі ел мақтанышы боларлықтай жаңа нысанға айналды. Нысан заманауи талаптарға сәйкес қайта жаңғыртудан өтіп, толықтай гранит таспен көмкерілді. Кіре берісінен басталатын жаяу жүргіншілердің жолына, үстіне шығаратын жеріне дейін гранит тастар жайылды. 200-ге жуық шырша егіліп, амфитеатр төбесіне күмбез орнатылды. Кіреберіс алаңға үлкен конструкциялық жобалар жасалып, кешеннің аумағы, ішкі бөлігі толығымен жарықтанды. Бірақ тарихи нысандар қанша жаңарса да, көнелігі бәз-баяғы қалпында, түпнұсқа кейпінен айырылмаған.
Тартуларға толы жыл
Көне ғимараттардан бөлек, Қарауыл ауылында 300 орындық еңселі жаңа мектеп бой көтерді. Бұл нысан ұлы ақынның мерейтойы қарсаңында Абай ауданына жасалған айрықша тарту болып отыр. Жаңа оқу жылында пайдалануға берілген мектеп халыққа үлкен қуаныш сыйлады. Қызу қарқынмен бой көтерген нысанның сәулеттік келбеті келуші зиялы қонақтардың да оң бағасын алып үлгірді. Назарбаев зияткерлік мектебінің стандарттарына сай робототехника, ІТ технология, мультимедиялық журналистика, виртуалды шындық кабинеттерімен жабдықталған. Мектеп маңайына шынар ағаштары отырғызылып, шағын архитектуралық формалар қойылған. Мұндай мектептен білім алған оқушылар алдағы күнге айқын мақсаттар қойып, биік белестерді бағындырады деген сенім мол.
Абай мерейтойы қарсаңында аудандағы бірқатар әлеуметтік мәселелер де оң шешімін тапты. Республикалық бюжеттен қаржы бөлініп, Қарауыл ауылындағы сонау 1976 жылдан бері жөнделмеген су құбырларын жөндеу жұмыстары қолға алынды. Тозығы жеткен су құбырының жаңаруы аудан халқы үшін тағы бір қуанышты жаңалықтың бірі еді. Ел игілігі үшін басталған жоба сәтті аяқталса, аудан тұрғындары 100 % таза ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Демек, ауданның басқа ауылдары толықтай дерлік ауыз сумен қамтылған.
2020 жылы Абай елі шын мәнінде үлкен құрылыс алаңына айналды. Ауданның орталығы Қарауылда сонымен қатар, Абай саябағы салынды. Өңірде бұрын-соңды болмаған саябақтың есігі халыққа айқара ашылды. Мереке күндері саябақтың ішінде мәдени-рухани шаралар өткізуге болады. Тұрғындардың серуендеуіне, велосипед тебулеріне лайықталған жолдары да бар. Жаздың күні саябақтың көркін су бұрқақ аша түседі. Балалар ойын алаңы да ұмыт қалмаған. Сән-салтанаты жарасқан саябақта Қарауыл ауылының тұрғындары мен келген қонақтар бос уақыттарын өткізетін орталыққа айналмақ.
Көптеген дүбірлі шаралардың, мерейтойлардың куәгері болған Қарауылтөбедегі жұмыстар да мәреге жетті. Бұл нысан ақынның 150 жылдық мерейтойы өткеннен бері ескіріп, жөндеуді қажет етіп тұрған болатын. Қарауылтөбеге апарар жол ағымдағы жөндеуден өтіп, жарықтандыру жүйесі орнатылды. Мәдени-бұқаралық, спорттық шаралар өткізілетін ипподромның ат шабатын жолдары тегістеліп, тұлпарлардың тұяғы тозбай, еркін көсілуі үшін бәйге жолы жөнделіп, арнайы құм төселді. Дала сахнасы қайта жаңарып, көрермен отыратын трибунаның сыйымдылығы 500 адамға дейін артты. Қарауыл төбеде «Абай 175» жазуы түнгі уақытта жанып тұратындай етіліп, үлкен әріптермен жазылды.
Көпшіліктің санасына ой салсын деген ниетте Қарауыл ауылының кіреберісіне Абай Құнанбайұлының «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» сөзі жазылды. «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» демекші, ұлы ойшыл бүгінгі, ертеңгі ұрпаққа осындай қанатты сөздерімен ой салып, тәрбиелей бермек.
Қарауылдың орталығындағы биіктігі 8 метрлік сағат бейнесіндегі стелла орналасқан алаңға орындықтар қойылып, жарықтандыру жүйесі тартылды. Абаттандыру жұмыстары жүргізілді. «Street workout» ойын алаңы қолданысқа берілді. Қарауыл ауылының кіреберіс қақпасына декоративті жарықтандырғыш элементтер толығымен орнатылды.
Абайдың 175 жылдығында жүзеге асқан 19 жоба аясында Қарауыл ауылындағы Мұхаметқанов, Бекбосынов, Әйгерім, Мамай, Ұлжан көшелерінің жолдары орташа жөндеуден өтті. Сонымен қатар Құнанбай, Мамай, Бекбосынов, Абай көшелеріне тротуар төселді. Бірқатар көшелерге жарықтандыру жүйесі тартылды. Сөйтіп, көше жолдарының барлығы дерлік асфальтталып, көшелер толыққанды жарықтандырылды.
Қарауыл ауылындағы 20 жылдай уақыт бос тұрған көппәтерлі 2 тұрғын үй жөнделіп, қалпына келтірілді. 15 көппәтерлі тұрғын үйлердің жөндеу жұмыстары аяқталып, ауылдағы аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға берілді. Мұның барлығы ысырапшылдыққа жол бермей, Абай тойының лайықты дәрежеде өтуі үшін атқарылған шаруалар. Аудан тұрғындарының әл-ауқатын арттыру үшін жоспарланған жобалар облыс әкімі Даниал Ахметовтің тапсырмасына сәйкес жүзеге асып жатыр.
Сол тәрізді «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында бүгінгі уақытта жеке меншік қаражат есебінен салынып жатқан екі пәтерлі 3 үйдің құрылысы аяқталып, берілді. Тағы жаңадан екі пәтерлі 13 үйдің құрылысы басталып, жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қос пәтерлі бұл үйлердің қоныс тойын тойлау қараша айына межеленген. Осы орайда айта кетерлігі, жалпы алғанда бағдарлама аясында жыл соңына дейін 47 тұрғын үй көп балалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға беріледі деп жоспарлануда.
«Ел ерімен еңселі» демей ме дана халқымыз. Жалпақ жұртты жақсылыққа үйретіп, жамандықтан жиренткен өз халқының кемеңгер ойшылы – Абай рухының арқасында ел бағына жаралған азаматтардың қажырлы еңбектерімен халық үшін қаншама пайдалы орындар жаңғыртылып, келешек елдің әл-ауқатын жақсартуға жұмсалатын игі істер жүзеге асырылды.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Той деген тойлау үшін емес, бәрімізге ой толғау үшін керек» деп атап өткен болатын. Солай болды да. Айналдырған бір жылдың көлемінде-ақ қыруар шаруа атқарылды.
Жуықта мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ақынның туған еліне жұмыс барысымен арнайы келіп, 175 жылдық аясында атқарылған жұмыстарды өз көзімен көріп, оң бағасын берді.
Биыл Абайдың қалың елі қазағы үшін игілігі мол, тамаша тартуларға толы жыл болды. Иә, қазақ халқы Абаймен қанша мақтанса да жарасады, өйткені Абай қазақтың маңдайына біткен ұлы тұлға. Өткенге Абайша қарап, болашақты Абайша саралайтын қазақ халқының бағы бес елі. Ұлы бабамызды ұлықтау, ұрпаққа қалдырған ұлағатын ұмытпау – перзенттік парызымыз.
Шығыс Қазақстан облысы,
Абай ауданы