«Атаманның ақыры» – қазақ кино қоржына теңдессіз олжа болып қосылған қомақты туынды. Айтулы фильм отандық кинематография тарихына детектив жанрында түсірілген тұңғыш кинокартина ретінде енуімен құнды болса, қазақтың ұлтжанды ұлы, бірегей режиссері Шәкен Аймановтың соңғы түсірген туындысы болуымен аяулы, қастерлі.
«Атаманның» мерейі
Бұл турасында КСРО халық әртісі, әйгілі туындыда басты рөлді ойнаған актер Асанәлі Әшімов: «Атаманның ақыры» – Шәкен Аймановтың соңғы фильмі. Былайша айтқанда, жан- айқайы десе де болады. Мен үшін бұл тарихи кезең, өйткені фильм Шәкен Аймановтың өзі бастаған үздік шығармашылық топтан құралды әрі актерлік құрамның өзі бір төбе жоғары тұрды. Сол уақытта әріптестеріммен басталған достығымыз күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Олардың әр- қайсысы да абыройы мен беделі биік тұлғаларға айналды. Бұндай оқиғалар мыңжылдықта бір болады. Себебі киностудияның өзі 70-жылдары қайта өрлеу кезеңін бастан кешкен болатын. Яғни қазақ кино өнерінің ренессанс кезеңі болды десем, титтей де артық айтқандығым емес», деп еске алады.
Рас, өткен ғасырдың екінші жартысы, қазақ киносы үшін қайта өрлеу дәуірі болғаны анық. Әсіресе, 70-ші жылдары бірінен кейін бірі жарыққа шығып, көрерменін қуантқан «Қыз Жібек», «Атаманның ақыры», «Транссібір экспресі» сынды фильмдер бүгінде ұлттық өнеріміздің жауһарына айналып отыр. Таспаланғанына жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де көрермен ықыласын әлі күнге бәсеңсітпей келе жатқан бұл туындылар – сөзсіз классика! Оның айқын дәлелі күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың фильмде басты рөлді ойнаған актер, КСРО халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімовке фильм жарыққа шығуының 50 жылдығына орай жолдаған құттықтау хаты киносүйер қауымды бір серпілтіп тастағаны анық. Мемлекет басшысы дарынды режиссер Шәкен Аймановтың және үлкен шығармашылық ұжымның бірлескен күш-жігерінің арқасында өмірге келген айтулы туындының отандық кино өнері саласында алатын орны айрықша екенін атап өтіп, оны детектив жанрында түсірілген алғашқы фильмнің бірі деп бағалай келе: «Өзіңіз аталған кинотуындыда чекист Қасымхан Шадияров рөлін өте ғажап сомдап шықтыңыз. Арпалысқа түскен қоғамда жауапты қызметкердің өзіне жүктелген құпия тапсырманы орындау жолындағы батырлық пен қайсарлық танытқан іс-әрекетін шынайы көрсете білдіңіз. Сізді аса көрнекті актер ретінде КСРО ғана емес, бүкіләлемдік кинематография қауымдастығы мойындады» деп, құттықтау жолдаған ел Президенті ардагер актерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасына құт-береке тіледі.
Бекежан ба, әлде Шадияров па?
Бүгінде қазақ киносының абызына айналған Асанәлі Әшімов «Атаманның ақыры» түсіріліп жатқан уақытта ордабұзар жастағы адуынды һәм жалынды актер болатын. Ал содан бергі арада тұрған 50 жыл әртіс үшін қазақ киносының өткені мен бүгінін бағалап, келешегіне көз тігуге тамаша мүмкіндік туғызғандай. Бүгінде ақсақал жасына жетіп отырған ардагер актер әр түскен фильмін күні кешегідей көңіл түкпірінде қайта жаңғыртып, әр деталіне дейін тәптіштеп түсіндіріп, сағынышпен еске алады. Әсіресе, суреткер биографиясында «Атамнның ақыры» фильмінің орны орасан.
Бір қызығы, «Атаманның ақыры» картинасына басты рөлге бекітілгендігі жөнінде бұйрық келгенде, актер режиссер Сұлтан Қожықов түсіріп жатқан «Қыз Жібек» фильмінде Бекежан батырдың бейнесін тудырудың шығармашылық арпалысымен жүрген болатын. Талай жыл армандаған рөліне қолы жетіп, рахаттана жұмысқа кірісе бергенде, тосыннан келген хабар жас актерді біраз абдыратып тастағанға ұқсайды. Тіпті сүйікті Бекежанының экрандағы бағы үшін чекист Қасымхан Шадияров рөлінен бас тартпаққа да ниеттеніпті. Алайда бірбеткей Шәкен Аймановтың қаһары һәм табандылығының нәтижесінде актердің бір уақытта қос бірдей күрделі бейнені қатар сомдауға тура келген жайы бар. Бұл кезеңді, сынға толы сәтті абыз ақсақалдың өзі былайша еске алады:
«1968 жылы «Қазақфильм» студиясындағы Ғабең, Ғабит Мүсіреповтің жазған ғажап сценарийі бойынша халқымыздың жыр мұраларының ішіндегі інжу-маржаны «Қыз Жібек» екі сериялы кинотуынды болып түсірілсін деген шешім қабылданды. Бір күні осы киноға жауапты сарапшылар тобынан сүйінші хабар келді. Олар фильмдегі Бекежан рөлін менің қанжығама байлапты! Қуанышымда шек жоқ! «Құдайым көктен іздегенімді жерден берді» деп, бөркімді аспанға атып жүрмеймін бе? Сол кезде Шәкен аға Аймановтан да хабар келсін... «Атаманның ақыры» фильмінің сценарийі бекіп, оған актерлер іріктеу басталғанда: «Басқа кейіпкерлерде шаруам жоқ. Қасымхан Шадияровтың рөліне даярлап отырған адамым бар. Ол – Әшімов» деп комиссия жиналысында отырып алыпты. «Оу, ағасы, өмірімдегі армандап жүргенім Бекежан образы емес пе? Қолымнан бірдеңе келсе осы арқылы көрсете алармын деуші едім. Соған енді жете бергенімде, бұл қиын болды ғой?» деймін мен Шәкеңе артық сөз айта алмай қипақтап. «Фильм маған жүктелгенде осылай ойлағанмын. Енді осылай болды. Болашақта осылай болады» деп, шарт ете түсті ол кісі. Жарықтық, қайтымы тез адам еді. Біраз үнсіз отырды да: «Қазірдің өзінде сезіп, біліп, тіпті көріп отырмын. Сенің Шадияров рөліндегі бұл бейнең өзгелерге өмір бойы үлгі болады. Қалған әңгімені кейінге қалдырайық», деді қамқор үнмен. Екі-үш күннен соң қос қожайыным - кинорежиссерлер Сұлтан Қожықов пен Шәкен аға Айманов бірлесе отырып, менің «Қыз Жібек» пен «Атаманның ақыры» фильмдеріндегі мәселемді түбегейлі шешуге кірісті. Арнайы жұмыс кестесі жасалды. Атқарылатын істің үлкен-кішісі демей, бәрі ескеріліп, талқыланды. Ең бастысы түсіністіктің болуына көп көңіл бөлінді. Осыдан кейін бір күннің ішінде, яғни түске дейін Бекежан, түстен кейін Қасымхан болып ойнаған күндерім басталды. Екі рөлдің бір-біріне тигізген көмегі көп болды дер едім. Бекежанның эпизодына түсіп келген соң, Қасымхан «оңайлау беріледі». Қызу қанды, от болып жанып тұрған Бекежан мінезін сәл сабаға түсіре қойсам, Қасымхан мінезін дәл ұстаймын. Себебі Қасымхан әр ісін он ойланып, жүз толғанып шешер байып пен ақылдың адамы. Өйтпесе ол барлаушы атанып, мемлекеттік маңызды тапсырманы орындай алар ма еді. Керісінше, Қасымханнан кейін Бекежанның ішкі «жан сарайына кіру» тіптен қиын-тын. Оған төзімді, өте сақ чекист сияқты ұзақ ойланып отырсаң, қате қадам жасамауға тырысамын деп қарайлай берсең, кең қолтық, аңғал батырдың бейнесінен мүлде аулақтап кетер едің. Сондықтан сол күндері талғамға талап қоя отырып, психологиялық тұрғыдағы арпалыспен өмір сүруге тура келді. Осылайша, мысалы, атаман Дутовтың кабинетіне келген жас офицер мен Сырлыбайдың алдына кірген жас батырдың сөйлеу ерекшелігі мен өзін-өзі ұстау мәнеріндегі, тіпті жүріс-тұрысындағы титтей де қайталаулардың болмауы сияқты сан сыннан аман-есен өтіп, қос кейіпкерді экранға алып шықтық қой, әйтеуір. Образды сомдауым, менің ойымша, Шәкен Кенжетайұлының көңілінен шықты. Бірақ, өкінішке қарай, ол көрерменнің пікірін білмей-ақ кетті. Амал қанша, көп ұзамай бақилық болды ғой».
Актердің бұл тебіренісіне белгілі жазушы, драматург Әкім Таразидің: «Асанәлі Әшімов қос сериялы «Қыз Жібек» пен «Атаманның ақыры» фильмдеріне қатар түсіп, ондағы рөлдерді абыроймен тамаша орындап шықты» деп, кезінде ризашылықпен пікір білдіруі тамаша тұздық болатындай.
Фильм қалай түсірілді?
Хош, әңгімеміздің әлқиссасында басты рөлге актердің қалай таңдалғанын тарқатуға тырысып бақтық. Енді жалпы фильмнің қалай таспаланғандығы турасынан мәлімет беріп көрелік. Сонымен, «Атаманның ақыры» қалай түсірілді?
Эдуард Тропин мен Андрей Кончаловский жазған фильм сценарийі 1969 жылы көркемдік кеңес талқылауынан өтіп, түсірілімге бекітіледі. Ал түсіруге әзірлік пен алғашқы жұмыстың басталуы 1970 жылдың қаңтарында қолға алынып, сол жылдың қарашасында толық аяқталып, тұсауы кесіледі. Яғни бас-аяғы 11 айдың ішінде қос сериялы детектив фильм өмірге келеді. Бұл кино саласының сол кездегі өлшемімен алып қарағанда рекордтық көрсеткіш болатын. Осыншалықты қысқа мерзімде көркемдік деңгейі биік калссикалық туынды түсірудің басты сыры һәм негізгі кілті – жақсы жұмыстың басына өз ісінің нағыз маманы атанған кіл мықтылардың топтасуы болса керек. Фильмді қойған кинорежиссер Шәкен Аймановтан бастап, ассистенті – Қуат Әбусейітов, операторы – Асхат Ашрапов, композиторы – Еркеғали Рахмадиев бастаған шын таланттар фильмнің де бағын еселеді, өлмейтін ғұмыр сыйлады.
Ал фильмнің локациясы, яғни түсірілім орындарына тоқталар болсақ, оны бас кейіпкер Асанәлі Әшімов былайша әңгімелеп берді: «Фильм түсіруге ыңғайлы жерлер Алматыдағы көне шіркеу төңірегі мен Жаркенттегі Уәлібай мешіті аумағынан, Шарын өзені мен оның арғы бетіндегі Ақсай жазығы және соның Қайқы асуына жалғасатын тұсындағы Темірлік сайы маңайынан, Хиуа шаһарындағы орталық базар, керуен сарай, қамал қабырғалары мен махалла орамдарынан табылды. Қазір емес, ол күнде де электр сымдары мен асфальт жолдары жоқ кентті немесе қаланың бір бөлігін табу қиынның қиыны еді. Соның бәрі, яғни ХХ ғасырдың 20-шы жылдарына тән көріністер алыстағы Хиуадан табылды. Сөйтіп, фильмнің 90 пайызы Өзбекстанда, 10 пайызы Қазақстанда түсірілді», деп түсірілім жұмыстарын да еске алып өтті аңыз актер.
Актерлер қалай таңдалды?
Фильмінің бағы жақсы режиссер ғана емес, талантты актерге де тікелей байланысты. Бұл тұрғыдан келгенде де «Атаманның ақырының» жолы болды. Картина түсіріліміне сайдың тасындай кіл мықты актерлер атсалысты. Атап айтсақ, атаман Дутовтың рөліне шақырылған Владислав Стржельчик, Жаркент ЧК-сының төрағасы Николай Суворовтың рөлін ойнаған Виктор Авдюшко, Давыдов – Ю.Саранцев, Юхан – Г.Юдин, Кривенко – В.Гусев, Лопатин – Ю.Мироненко, отандық актерлерден Шадияров – Асанәлі Әшімов, Салтанат – Алтынай Елеуова, Ахмет – Құрбан Абдрасулов, Әкім – Нұржұман Ықтымбаев және бала – Тимур Ашраповтың қай-қайсы да фильмнің бағын ашқан өнер майталмандары.
Нәтижесінде, 1920 жылы Қазақстанда орын алған шынайы тарихи оқиғалардың негізінде түсірілген шытырман оқиғалы фильм 1972 жылы топ жарып, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығына фильмнің сценарий авторлары Андрей Кончаловский пен Эдуард Тропин және актер Асанәлі Әшімов ие болды.
Туындының өміршеңдігі болса керек, «Атаманның ақыры» Шәкен Айманов түсірген екі сериямен аяқталған жоқ. Араға уақыт салып 1977 жылы «Трансібір экспресі», 1989 жылы «Манчжурлық нұсқа» фильмдері көрермен назарына ұсынылса, 2010 жылы Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ «ИЗАРУС-фильм» кинокомпаниясымен бірлесе отырып, «Сіз кімсіз, Ка мырза?» атты фильмнің тұсауын кесті. Аталған туынды әйгілі «Трансібір экспресі» мен «Атаманның ақыры» фильмдеріне қайта оралтады. Яғни «Сіз кімсіз, Ка мырза?» фильмі аты аңызға айналған тыңшы Шадияров жайындағы фильмдердің тақырыптық жалғасы десек, әділетті болады. Оқиғалар желісінің уақыт алшақтығына қарамастан, үш бірдей фильмде актер Асанәлі Әшімовтың сомадауындағы басты кейіпкерлерге тән ортақ қасиеттер бір арнада тоғысады. Яғни бұл көркемфильмдер тізбегі заман өзгергенімен нағыз тұлғаның бейнесін қалыптастыратын ар мен намыс, рух пен абырой сынды қасиеттерінің қай заманда да өзгермей, өз тұғырында қалатындығын және бір мәрте дәлелдесе керек. «Атаманның ақырына» жарты ғасырдан кейін қайта оралып жатсақ, ол да туындының өміршеңдігін әйгілейді деп ойлаймыз.