Басынан ай, аяғынан күн, жүрегінен жұлдыз туатын Тазша баланың түс сатып алып, мұратына жетуі халық сенімінде түс көрудің үлкен сенімге ие екенін аңғартады. Әдеби түс көру, жору мотивтері көркем әдебиеттің дәстүрлі тәсілі ретінде зерттеуді қажет ететін қызық та тың тақырып.
Үнемі түс көремін. Ана жолы Марс ғаламшарында жүр екенбіз. Мен ғана емес, жерден көшіп барған біраз қазақ бар. Қыртысты, жарқабағы биік, ойлы-қырлы тұсын қазақтарға кесіп беріпті деймін. Айнала тасты, топырақты атырап түгел ұқсас, бір-бірінен айырғысыз. «Е, жер алып, үй салып біздің қазақтар осы маңайға қоныстанады екен ғой», деп көңілім орнығып жатыр. Оянған соң неге жорырымды білмедім. Бәлкім, адамзаттық сана тұтастығындағы әлдебір ортақ сезіну аясына кіріп кеттім бе екен, кім білген?!
Жалпы, халық танымындағы түс көрудің адам санасынан бастау алып, рухани ішкі жан-дүниесімен тығыз байланысып кеткен психологиялық үдерістерді тап басудағы маңызы орасан. Халықтық, адамзаттық түс көру сарыны көркемдік тәсіл ретінде қазақтың сөз өнерінде о бастан-ақ берік орныққан. Сондықтан көркемдік санадағы рухани ізденістер сабақтастығы кім кімді де қызықтырары анық.
Түстер мен шындық арасындағы байланыстар ауыз әдебиетінен бастап, бүгінгі көркем әдебиетімізде көркемдік категориялар тұрғысынан қарастырылып келеді. Мәселен, Абылай ханның көрген түсі жеке адамның талап-тілегінен туындаған құбылыстан гөрі, қилы кезеңді басынан кешкен халықтың ішкі бекінісінен, қауіптенуінен туған тұстас картина сынды. «Түсімде шатырымның алдында бір жолбарыс келіп шөгіп жатып алды, бұл не қылған жолбарыс деп таңғалып қарап едім, әлгі жолбарысым аю болып кетті. Жаңа жолбарыс еді ғой, қалайша аю болып кетті деп, екінші қарағанымда қасқыр болып, онан соң түлкі, ақырында қоян болып кетті. Осы көргендеріме таң-ғалып жатқанымда оянып кеттім», деп баяндалатын хан түсі небір ғажайып қисынмен бүгінге жеткен екен. Қазақ эпостарындағы түс көру мәселелері жайында Ғалым Пірәлиеваның; «Белгілі бір қауіп-қатерден хабар беретін аруақты бабалардың аян беру түстері мен одан кейінгі кейіпкер көңілін нілдей бұзатын психологиялық жағдайы, болашақтағы қалыңдығына қолы жетер-жетпесі туралы хабар береді» деген пікірі түс көру мотивін бас кейіпкерлердің іс-әрекетіне құрылатынын аңғартады. Ғашықтық жырлардың тұрақты композициялық тәсілі ретінде «Жүсіп-Зылихада», «Сейфүлмәлікте» де аталған жағдай қылаң беретін. Сол сияқты «Қобыланды», «Алпамыс», «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» және өзге де жырлардағы түс көру сарынының орны айрықша. Ал кейінгі дәуір жазушылары түс сипаттамаларын көрнекі эстетикамен астастырады. Ж.Аймауытовтың «Ақбілек», М.Әуезовтің «Абай жолы», Б.Майлиннің әңгімелері, М.Мағауиннің «Қыпшақ аруы», Ә.Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры» сынды дүниелерде түс көру шығарманың көркемдік жаратылысымен қабысып жатады.
Бұл ретте Тургенев кейіпкерлері де бізге таңсық емес, жазушы шығармашылығындағы түстер ашық түсті бейнелермен жиі ерекшеленеді. «Чертопхановтың ақыры» әңгімесінде «қардай аппақ түлкі» «алдынан жүгіріп өтіп, тілін шығарып мазақтайды» деп, «жаман түске» орын беретін. Сол тәрізді түс көру тәсілінің көркемдік еркіндігін көп қолданған жазушы Ф.М.Достоевский ауыр психологиялық жағдайды дәл және нанымды беруінен шығарма бояуы одан сайын қоюлана түседі. Әйгілі «Қылмыс пен жаза» романында «үлкен, дөңгелек, қызыл ай терезеден тура қарады» деп, Раскольниковтың түс палитрасы келешек қадамын айқындап отыратын еді ғой. Ал халық нанымында айыпты адамға қан қызыл айды көру жақсылықтың нышаны емес екенін жазушы жақсы білген сияқты.
Жуырда филолог және әдебиет сыншысы Вера Савельеваның әдебиеттегі түстер жайлы мақаласы жарық көрді. «Бақытымызға орай немесе өкінішімізге қарай, түс – бұл ми көрсететін, бірақ бір ғана көрерменге арналған фильм екенін мойындауымыз керек», дейді автор. Студент кезінен бастап жұрттың көрген түсін жинап, талдап жүрген ғалымның аталған еңбегі біздің де аз-кем көрген түсімізді еске түсіріп жіберді.
Ежелгі Египетте табылған папируста «Құдай көзді қараңғылықта ұйықтап жатқан адамға жол көрсету үшін түсті жаратты» деп жазылыпты. Ұйқыны зерттеу жөніндегі Еуропа және Америка қоғамы мүшесі, биология ғылымдарының докторы Владимир Ковалзон: «Түс – бұл белгілі бір полиграфиялық суреттердің циклдер, фазалар мен кезеңдер түрінде табиғи дәйекті өзгеруімен сипатталатын адам ағзасының және өзге де жануарлардың (яғни сүтқоректілер мен құстардың) ерекше генетикалық күйі» деген ғылыми анықтама береді. Иә, түстерді туғызатын бір адамның ішкі көзқарасы мен көрнекі жады. Көзбен көруіміз қаншалықты шектеулі болса, ішкі көруіміздің көкжиегі соншалықты шексіз. Ақын Вадим Шефнердің «Біз қалаған түсті көрем демеңіз, Түс қалаған жайды ғана көреміз» деп жазғанындай, түс жеке адамның санасындағы сәулелі қорытынды, алдағы күндерге бағыт алған сәуегейлік. Бәз біреулер түс көре беруден діңкесі құрыса, түк көрмей тымпиып жүретіндер де бар. Таңертеңгісін ғана есіңде анық болған түс біраздан кейін бұлыңғыр суретке ұласып барып жоғалады. Бұл – ұмытшақтық. Ғалымдар түсті ұмытып қалуды уақытша есте сақтауға жауап беретін мидың қызметіне балайды.