«Ер жігіттің басына не келіп, не кетпейді?!» Дәл жаңа жылдың қарсаңында жол жиегінде тұрған Руслан Қайраховты көлік қағып кетіп, өмірін бір-ақ сәтте өзгерткен. Өкініштісі сол, 2013 жылдан бері тепсе темір үзетін жігіт арбаға таңылған.
Русланды қағып кеткен көлік сүйегін сындырғанымен, ерік-жігерін сындырған жоқ. Бастысы – басы аман, бауыры бүтін. Зайсан ауданындағы Үлкен Қаратал ауылының тұрғыны Руслан Қайрахов бүгінде темірден түйін түйіп, сүйікті ісін кәсібіне айналдырған. Шебердің қолы ортақ дегендей, оюлап жасаған түрлі-түрлі бұйымдарына арысы Семей, Өскеменнен, берісі Зайсаннан тапсырыстар түсіп жатады. Әсіресе гүл қоятын сөрелерге, ою-өрнекті қақпаға тапсырыс көп. Шебер жігіт тағдырдың сынағына тап болмас бұрын, автокөліктердің шанағын түзетумен, бояумен айналысқан. Сол үшін де ұсталық жұмыс оған жат емес.
– Мемлекеттің «Еңбек» бағдарламасы арқылы 2 млн теңге грант ұтып алып, темір иетін станокқа қол жеткіздім. Жаздай мектептерге гүл қоятын сөрелер жасадым. Сөйтіп кәсібімді дөңгелетіп отырған жайым бар, – дейді Руслан.
Кәсібінен нәпақасын айырып отырған ол басты байлық денсаулығы екенін ұғынған. Үнемі белгілі уақыттарда оңалту орталықтарында ем алып, денсаулығын түзеуге тырысады. Аптасына екі рет Зайсан қаласындағы «Дәрмен» орталығына барып, түрлі жаттығуларын жасап, массажын алады.
Ерекше қажеттіліктері бар балаларға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арнайы әлеуметтік қызмет көрсететін «Дәрмен» күндізгі бейімдеу орталығы алғаш 2015 жылы ашылғанда 15 адамға ғана қызмет көрсететін. Ал бүгінде 55-тей адам мұнда келіп ем алады. Жыл өте қызмет көрсету аясы да кеңейген. Қазіргі уақытта орталықта психологиялық, педагогикалық, еңбек кабинеттері, массаж бөлімдері, қолөнер және вокал үйірмелері жұмыс істейді.
– Ерекше қажеттіліктері бар балаларға бейімдеу орталығының әлеуметтік педагогтері, медбикелер, массажистер қызмет көрсетеді. Қызмет түрлері әлеуметтік қызмет көрсету стандартымен шектеліп қана қоймай, мүмкіндігі шектеулі жандардың жеке бас мәселелеріне де алаңдаушылық білдіріп отырады. Олар әрқашан көмек қолдарын созуға әзір, – дейді «Дәрмен» орталығының жетекшісі Жансая Мұстабекова.
Сонымен қатар орталыққа келген мүмкіндігі шектеулі әр адамға құқықтық, психологиялық кеңестер беріледі. Мерекелік іс-шараларда ақ дастарқан жайылып, концерттік бағдарламалар ұсынылады. Қамкөңіл жандардың көңілдерін көтеру үшін түрлі ойындар ойнатылады. Шектеу шараларына байланысты ондай мерекелік басқосулар биыл ғана тоқтап тұр. Бірақ бұл қысылтаяң кезеңде де орталықтың мамандары тыным таппаған. Мүмкіндігі шектеулі жандарға мүгедектік санатын онлайн әперу, құжаттарын ресімдеу сынды жұмыстарды жүйелі ұйымдастырып, уақтылы жөндетіп отыруға көмектескен.
Орталықтың Тарбағатай ауданында сегіз бөлімшесі жұмыс істейді. Олар әлеуметтік тапсырыс аясында аудандағы 80 жалғызбасты қарт анаға арнайы әлеуметтік қызмет көрсетеді. Одан бөлек, жалғыз тұратын қарияларға да көмек көрсетіледі. Атап айтсақ, әлеуметтік қызметкерлер Гүлдана Оразғалиева, Асылғайша Ықыбаева, Гүлдана Қабдырахманова 2016 жылдан бастап жалғыз тұратын қарияларға демеу болып, қамқорлық көрсетіп келеді. Олар қарттардың үйлерін жуып-шайып, азық-түліктерін уақтылы әкеліп беріп отырады. Ауырып қалған жағдайда толыққанды ем алуын жауапкершілікпен қадағалайды. Мереке-мейрамдарда сыйлықтарын тапсырып, тұрмыс жағдайларына байланысты азық-түлікпен қамтамасыз етеді.
Тағдыр талқысына түскен жандарға қандай көмек көрсетілсе де аздық етпейді. Олар үшін ең керегі – қоғамда кембағал күй кешпей, мүмкіндіктеріне қарай еңбекке, оқу мен білімге араласу. Сондықтан да «Дәрмен» сынды бейімдеу орталықтарында білікті мамандар қызмет етіп, қолдан келген көмектерінен аянып қалып отырған жоқ. Орталық мамандарының пікірінше, мүмкіндігі шектеулі әр жан Русландай жігерін қайрап, оқыса, білім алса, еңбек етсе, ешкім ешкімнен кем өмір сүрмейді.
Шығыс Қазақстан облысы,
Зайсан ауданы