Қараша басталғалы «Франциядағы Қазақстан күзі» атты мәдени маусым бағдарламасы жалғасып келеді. Art Ambassadeurs қолдауымен өтіп жатқан онлайн-концерттер қазақтың ұлттық ән-күйіне жаңаша сипат беріп жүрген модерн топтарды таныстыра отырып, тыңдарманды қазақтың бүгінгі заманауи музыка әлеміне саяхаттауға шақырады.
«Күзгі әуен» атты онлайн-концерт талантты, кәсіби музыканттардың басын қосты. Қобыз, виолончель, фортепиано сынды аспаптық триосы Абайдың «Желсіз түнде жарық ай», халық тудырған «Япурай» әндерін түрлендіре орындап, тыңдарманның көкірегіне жаңа тыныс сыйлады.
Аталған кеште өнер көрсеткен Әйгерім Матаева – Қазақстан, Ресей және Франция елдерінде өткен халықаралық байқауларының лауреаты, пианист және концертші. Ол Қазақстан, Ресей, Франция және Швейцария елдерінде жеке өнер көрсетіп, Эрик Ле Саж, Игорь Лазко, Валерий Соколов және тағы басқа атақты музыка шеберлері ұйымдастырған шеберлік сабақтарына қатысқан. Қазіргі уақытта Әйгерім – Скрябин атындағы консерваторияда сабақ береді және Франциядағы «Қорқыт-Абай» қазақ мәдени орталығының бірлескен қалаушысы. Ал қазақ халық аспаптарының музыканты Әйгерім Ерсайынова – «Қорқыт ата», «Астана Мерей» және өзге де байқауларда жеңіске жетіп, ұлттық және халықаралық деңгейде мәдени ынтымағымызды жарастырып жүрген жан. Жастайынан ән-күйге ынтық болып өскен 14 жасар Максим Гризард Сен-Жермен-ан-Ле қаласының консерваториясындағы Клер Оппердің шәкірті, 2019 жылы төрт жылдық жеке оқуынан кейін «Музыкалық ізденіс» саласындағы дипломға ие болды. Жером Перно, Олег Коган және Владимир Перлендердің виолончель саласында кеңес алды. Рүстем Сайтқұловтан фортепиано саласында білім алған талантты өрен Франция, Германия, Ұлыбритания, Италия, Чехия және Беларусь елдерінде жеке концерттерін беріп жатыр. Маусымдық бағдарлама бұған дейін музыка саласына тың жаңалығымен келген «MEJ – модерн этно-джаз» бағытында әуендер шығарып жатқан «Steppe Sons» тобының, «Отырар сазы» академиялық фольклорлы-этнографиялық оркестрінің, дәстүрлі ән-күй, жырларымызды дәріптейтін «Халық қазынасы» бөлімінің концертін көп назарына ұсынды.