Татарстан Республикасы Ғылым академиясында ағартушы, қоғам қайраткері Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына орай «Түркі халықтары арасындағы ағарту қозғалысы және Абай шығармашылығы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік онлайн-конференция өтті.
Конференцияға Татарстан мен Қазақстан Республикасы қоғамдық ұйымдарының өкілдері мен Әзербайжан, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Татарстан, Башқұртстан, Мордовия, Удмуртия, Чувашия елдерінің ғылыми және білім беру саласындағы жетекші ғалымдар мен мамандар қатысты.
«Қазақстан мен Татарстанның ұзақ тарихи байланысы бар. Ғасырлар бойы біз достығымыздың жібін жоғалтқан емеспіз. Бұл конференция ғалымдар мен мемлекет қайраткерлерін бір үстелге жинады. Қазақтың ұлы көсемі Абайдың туғанына 175 жыл толып отыр. Оның рухани мұрасы – бүкіл түркі әлемінің және барша адамзаттың меншігі», деді Татарстан Ғылым академиясының президенті Мякзюм Салахов.
Келелі жиынды өткізуге Татарстан Республикасы Ғылым академиясы, Г.Ибрагимов атындағы Тіл, әдебиет және өнер институты, Қазақстанның Қазан қаласындағы Бас консулдығы және Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ұйытқы болды.