• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Қоғам 21 Желтоқсан, 2020

Ауыл баласы көштен қалып қоймаса екен

626 рет
көрсетілді

Қосымша білім беру балалардың шығармашылық қабілетін шың­дай отырып, бос уақытын тиімді пайдалануына қолайлы жағ­дай жасайды. Мұндай сабақтар оқушылардың ой-өрісін дамы­туға, та­ным көкжиегін кеңейтуге, шеберлігі мен дағдысын қалып­тас­тыру­ға оң ықпал етеді. Бүгінде еліміздің тұс-тұсында осы бағыт­тағы жұмыстар қарқынды қолға алына бастады. Бұған, әлбет­те, Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жол­дауын­да үйірме жұмыстарына ерекше екпін бергені септігін тигізіп жатыр.

Қазір Жолдауда жүктелген маңызды мін­деттің бірі ретінде жер-жерде балаларды қо­сымша біліммен қамту үшін жағдай жасалып жатыр. Шығармашылық ордасы іспеттес жаңа Оқушылар сарайының бой көтергені, мә­де­ниет, спорт және басқа да сала­лар­дағы үйірмелер мен секция­лар ашылғаны сияқты жаңалықтарға қанығып, қуанып қаламыз. Енді осындай игіліктерге ауыл балалары да барынша қол жеткізсе екен деген тілегіміздің бар екенін жасырмаймыз. Өйткені өзіміздің ауыл­да мәдениет үйі, клубтары, спорт алаңдары жоқ­тың қасы. Біздің ауылда балалар мен мұ­ғалімдердің ғана емес, жалпы тұрғындардың басын қосатын бірден-бір нысан – мектеп. Сондықтан біз көтеретін мәселелердің дені мектептің төңірегінде болады.

«Заманына сай адамы» дегендей, қазіргі балалардың қызы­ғушылығын ойнаған ойынынан, көретін дүниелерінен аңғаруға болады. Бүлдіршіндердің «Темір адам», «Транс­формер» сияқты темір-терсекке сана бітір­ген фильм­дерді көріп, сондағы кейіпкер­лер­ге елік­тейтінін бай­қап жүрміз. Ал өнер-білім бар жұрттар елік­теп қана қоймай, қиялдағысын шынға ай­нал­дырып, небір интеллектуалды роботтар­ды құрастыруды игеріп жатыр. Қазір біздің елімізде осы көшке ілесу үшін оның негізін қалау үшін мектептерде роботтехника үйірмелері ұйымдастырылып жатыр. Үлкен қалаларда осы үйірмеге арнаулы сыныптар ашылып жатқанынан хабардармыз. Осы рет­те ауыл мектептері де STEM зерт­­ханалары­мен қамтылса, біздің оқу­шыларымыз да робот құрас­­тырып, дрон ұшы­руға, 3D принтер­ді мең­ге­руге талпынар еді. Сонда та­лант­тың бәрі шыға­тын ауылдан болашақ технократтар да өсіп шығады.

Сөзіміздің басында айтқандай, қосымша білім – қолайлы орта. Белгілі бір салаға бейімі бар, қызығушылығы ортақ, көзқарасы ұқсас балалар бір топқа жиналып, танымын арттырып, идея ал­масып, шығармашылық дағ­дысын да­мытады. Бұл үшін балалар үйірмелерді, факультатив сабақтарды өз қалауы бойынша таң­дайды. Бір өкініштісі, ауыл мектептерінде көбіне баланың қалауына мән беріле бермейді. Факуль­татив сабақтар баланың таңдауы бо­йын­ша емес, сағаты аз мұғалімдерге қарай бө­лінетінін жоққа шығара алмаймыз. Яғни мек­тепте сағаты жетпеген мұғалім­дердің са­ға­тын факультативтер есе­бінен толтырыла­тын жағдайлар бар. Нәтижесінде, ізгілікті пән­­дер­дің факультатив сабағы басым болып жатады. Соның салдары­нан бала­лар өздері қала­ған қосымша саба­ғына қатыса алмайды, ал өтуі керек қаламаған факультативтерге дұ­рыс қатыспайды. Қосымша білім берудің өз дең­­гейінде өткізіл­меуінің бір мәселесі осы дер едім.

Осы уақытқа дейін баса назар аударылып, ескеріле қоймаған қосымша білім беру жұ­мысын жақсылап қолға алатын уақыт келді. Қосымша білімнің адам капиталын дамытуға да үлес қосатыны сөзсіз. Ал адам капиталы – кемел келешегіміздің кепілі. Сондықтан білім беру саласын жетілдіру үшін барлық кем-кетігімізді жоюға немкеттілік танытпауыз­ керек.

 

Күлзина САТБАЕВА,

«Аманкелді» жалпы орта мектебі оқу ісінің меңгерушісі

 

Түркістан облысы,

Кентау қаласы,

Нұртас ауылы