«Egemen Qazaqstannyń» 16 желтоқсан күнгі санында «Литермен келген...» деген тақырыппен Желтоқсан қаһармандарының сотынан түсірілген суретке қатысты мақала басылды.
Менің оған қосатыным да сол оқиғаға ұқсас. Мен ол кезде Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің бөлім меңгерушісі едім. Облыстық газеттің кітапханасы барлық облыстық газеттерді жаздырып алатын. Кітапханаға келіп жатқан газеттер үйіліп жатады. Бір күні кітапханаға барып, «Жетісу» газетін қарасам, Қайрат бастаған төрт жігіттің суреті шығыпты. Жігіттер қасқайып тұр. Суретке таңғалып, бөлмелерді аралатып жүріп, әріптестеріме көрсетіп шықтым да, газетті кітапханаға апарып қойдым. Ертеңінде КГБ-дан келіп жүретін жігіт (сыртынан танимыз) кітапханаға келіп кетіпті. Содан кейін редакторымыз Тілеухан Жүсіпов кітапханашыны шақыртып, «Жетісу» газетінің сол нөмірін сұратады. Газет орнында жоқ болып шығады. Мен «көргенімді, басқаларға көрсеткенімді айттым, орнына апарып қойдым», дедім.
КГБ қызметкері ертеңіне тағы келіп, газетті іздетті.
Осылайша бір әлек болғанымыз бар. Сол 1987 жылғы желтоқсанның соңғы күндері қазақ журналистері көрген күніміз қараң болғанын ұмытпаймын. Өзімізбен көрші, бір-екі қабат қана жоғары тұратын орыс газетінің журналистері бізге, кәдімгі жауындай қарап өтеді. Сәлемдеспейді де. ҚазТАГ-тан қазақты әшкерелеген материалдар түсіп жатады. «Индустриальная Караганды» күнде басады. «Орталық...» кешіктірген болады. Кейде редакторымыз шақырып алып ақылдасады, ҚазТАГ-тың орысшадан аударылған материалын алдына жайып қойып «Мынаны не істейміз», дейді. «Бермейік» дейміз. Әрине, кейде «Бермейік» деуін десек те, дәрмен жоқ, обкомнан қорқып береміз. Газеттің сол нөмірін ашпаймыз да, жиіркеніп отырамыз. Сондай күн болған...
Зарқын ТАЙШЫБАЙ