• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Руханият 29 Желтоқсан, 2020

Пір Бекет пен абыз Әбіш елінде

443 рет
көрсетілді

Халық: «Мединеде – Мұхаммед,Түркістанда – Қожа Ахмет,Маңғыстауда – Пір Бекет»,– деп сыйынған, «Бекет ата – Қиянатқа жол бермес әділдік­тің, күпірлікке жол бермес адал­дықтың, қараулыққа жол бермес шапағаттылықтың, қатыгездікке жол бермес мейірімділіктің, арсыздыққа жол бермес парасаттылықтың ас­қан үлгісін танытқан, елінің жел жақтағы панасы, ық жақтағы сая­сы бола білген азамат, жаудан елді арашалаған батыр, дау­да әділетті арашалаған қази, озбыр­лықтан обал мен сауапты ара­шалаған пірәдар, әлсізге медет, күштіге айбар, зарыққанға жебеу, тарыққанға демеу, асқанға тос­қан, сасқанға сая, ұрпаққа ұстаз, ұлысқа ұран, ел иесі, жер киесі» деп шынайы бағасын заңғар жазушы Әбіш Кекілбайұлы берген. Ол кісі­нің анасы – Айсәуле апамыз да отырып-тұрған сайын «Уа, Пір Бекет!», – деп сыйынып, сөзін де со­лай бастайтын. Бекет ата солай жүре­гіме орнығып, басына бір барып зиярат ету арманға айналғалы қашан...

Қасиетті Маңғыстау түбегінен келіп Қазақ мемлекеттік уни­верситетінде бірге оқыған курс­тастарымнан, одан кейін Парламентте әріптестерімнен атын естіп, ынтызарым қанша ауғанмен зиярат етуге жол ал­пыстың асқарына шыққанда түсті. Бұған да Аллаға сансыз шүкіршілік!

Еліміздің руханияты жолында бірге келе жатқан жан досым – Нәзипа Шанай келіні Айгерім мен немересі Дәлелін алып қарт Каспийдің жағасына демалуға жол алғанда мені де ертіп, қырық жылдан бергі ұлы арманым – Бекет атаға зиярат жасауға шақырды.

Әбіш ағам «Ұйқыдағы аруға» теңеген бұл өлкеде қариялардан қалған «Көз тіріде Маңғыстауды көріп қал», деген өсиет бар екен. Қойнауы қазынаға, тарихы тағылымға толы, аңыз дала, абыз далаға ұлы сапарға шыққанбыз.

«Маңғыстау-Медиа» ЖШС директоры, атына сай ару Айсұлу Дүтбаева бастап, «Маңғыстау» газетінің тілшісі, жазушы-өлкетанушы, өзіміздің рухани ініміз Кенжебек Сержанұлы қостап Бекет атамызға бет алдық.

Бекет ата – соңғы үш ғасыр­дағы бүкіл Қазақ даласы­ның, соның ішінде Арал-Каспий аралық аймағының ең ұлы, көрнекті тұлғасы. Халық оны ай­рықша қадірлеп, әулие тұт­қан. Адайлар өзінің ұранына айналдырған. Халық Бекет атаның өмірін, қысылғанға жар болған ерекше қасиетін, әулие­лігін ықыласпен әңгімелеп, ұр­пақ­тан-ұрпаққа ұластырған.

Ақтаудан шығысқа қарай тартқан көлігіміз Қарақия ойпатымен қанатты пырақтай ұшып келеді. «Осы тауды жарып жол салынғалы көп болмады. Ескі жолда еске алуға қорқатын талай апаттар болып еді. Жаңа жолды халық «Ата жолы» деп қасиеттеп атады. Дәл қазір теңіз деңгейінен 132 метр төмендіктеміз. Енді алыстан келетін меймандарымыз да жақсы жолмен жайланып отырып қасиетті мекенге демде жетеді», деп мақтауын жеткізе таныстырды Айсұлу ханым.

Ақтаудан көп ұзамай сол жағымызда Иран мен Түрікменс­таннан атамекенін аңсап келіп орналасқан қандастардың «Батыр» атты ауылы қалып барады.

Кенжебек болса, алыстан кө­рін­ген амал басталатын «Отпан тауы» мен жол бойындағы ауылдар, әр жерде мұнай сорып жатқан бұрғы ұңғысын, алыстан қарайған түйе келесін, жылқы үйірін көрсе де таныстырудан жалықпады.

Ұлы даладан не тірі жан, не жалғыз тал көрмедім. Тек анда-санда қарсыдан көліктер зымырап өте шығады. Оң жағымызда тұздан қаланған тау қалып барады.

«Қызылсай» деген ауылдан шыға бере жердің үстіне алыстан қарағанда қан соратын масаша жабысқан сансыз бұрғы ұңғысын көрдім. Жақындағанда алып шөміштердің жер бетіне мұнай алып шығып жатқанын сезіндім.

Алғашқы аялдаған жеріміз – «Күйеу там» кесенесі болды. Бекет атаға барар жолдағы Шопан атаның Бахадүр деген күйеу баласына қойылған зиярат орны. Төртбұрышты сағана түрінде қаланған. Сыртқы қап­талында жан-жануарлардың, адам алақанының таңбасы, қы­лыш пен қанжар бейнеленген.

Келесі бет бұрғанымыз Қа­ройдағы белгілі әулие – Бекет атаның тәлімгері, данагөй, сопылық жолын ұстануға үйрет­кен Шопан атаның жерасты мешіті болды. Бекет батыр өзі­нің рухани ұстазын қатты құр­меттеген екен. Сондықтан Пір-Бекетке барар алдында алдымен Шопан атаға бұрылу жазылмаған ереже көрінеді. Қожа Ахмет Ясауиге бармастан бұрын Арыс­тан бабқа баратын қағида сияқты.

Мұсылман ғибадатханасы жолдың оң жақ қапталындағы тау шатқалына орналасқан. 12 бөлмеден тұрады екен. Үлкен бір бөлмесі діни рәсімдерге ар­налған, білім беру іс-шаралары үшін, арнайы қажылыққа арналған бөлмелерге бөлінген.

«Заманында Құнанбай бабамыз Мек­­­кеге сапарлағанда Маңғыстау ар­қы­лы жол алса керек. Адайдың бет­кеұс­тарларын жиып бата сұрап, «қажылық жолында Меккеде мәңгілікке қалып қал­сам» деген пікір айтып қалыпты. Сонда бата берген Адайдың бір жайсаңы «Ердің тілегі қабыл болса – сонда қал­сын, елдің тілегі қабыл болса – қайтып келсін!», деп бата берген көрінеді. Сонымен елдің тілегі қабыл болып, Құнанбай қажы атанып оралған екен», деп Кенжебек өткен тарихи аңыздан сыр шертті.

Ұстазынан кейін сопылық жолын ұстаған, оның ең биік дәрежесі Пір мәртебесіне жеткен Бекет атаның Оғландыдағы мешітіне беттедік. Ислам әлеміне танымал тарихи тұлғаның ел білетін төрт мешіті бар, он бір нарға жүк болатын кітаптары мен қолжазбалары сол мешіттерінде сақталыпты дейді.

Оңтүстік Үстірттің Маң­ғыстау ойы­­­­сына тірелген бір тұм­сығының үзі­­­ліп қалған шо­қы­сына қашалған Оғы­лан­ды­дағы жерасты ғимараты жақ­сы сақталыпты. Мешіт бұта­лармен тол­ты­рылған терең құ­дықты төменге бағытталған үл­­кен тастың ортаңғы бө­лігінде орналасқан. Жер астындағы мешіттің кіреберісінде шағын алаң бар. Алғашқы бөлмеде жарық күмбезді төбеге оралған тесіктен жарық түседі. Осы бөл­меден шығыс-оңтүстік қабыр­ғасында михраб орналасқан намаз залына, сондай-ақ оның біреуінде Бекет ата жерленген екі оңтүстік-шығыс бөл­мелерге апарады. Үш-төрт қанат киіз үй көлеміндей үш бөлме. Бекет ата мүрдесі осы бөлмелердің бірінің іргесіне қашап орналастырылған. Немересі Мұрынның мүрдесі де осы бөлмеге қойылған. Кіре­беріс бөлмеден жоғары шығатын есік арқылы жоғары бөлмеге баруға болады. Онда Бекет атаның қызы жерленген.

Мешіттің жанында Бекет атаның бұлақтары мен құдық­тары бар. «Пір Бекет аруағы адам­дарға жылан, арқар, аққу болып көрінеді. Бекет мешіттеріне адамдар шын ниетімен келмесе, я болмаса, күнәлі адамдар келсе, жыландар ысылдап шығып, алдарын кес-кестеп жолатпайды. Атаның аспандағы аруағының иесі – аққулар. Оғыланды меші­тінің маңындағы тау-тас арасында арқарлар бар. Адамдар жы­ландарға да, аққуларға да, арқарларға да тимейді, оларға зақым жасамайды, атпайды, ауламайды. Егер зұлымдық жасалса, оларды атаның аруағы тегін жібермейді» деген аңыз бар екен. Мен үшін кереметі сол болды – Айсұлу, Кенжебек үшеуміз атаның бес арқарын көрдік. Бір қодығы тіпті дәл жанымызға келді. Мен оны суретке түсіріп алдым. Бұл көрініс­терді Пір Бекетке келгенде ті­леген тілеуімнің орындалатынына, жақсылыққа жорыдым... Бекет Пірге зиярат жасап отыз жылғы арманыма жеткендей болып оралдым.

Л.Н.Гумилев атындағы Еура­зия Ұлт­тық университетін үз­­дік бітіріп келіп, облыстық га­зет­те тілші болып қызмет етіп жүрген Кенжебек Сержан­ұлы­­ның ішінде «шал» отырған сияқ­ты. Білмейтіні жоқ қой. Жол бойы адайдың алпыс батырынан әңгімелер айтып санамызды оят­ты.

 * * *

Маңғыстау облысының ор­та­лы­ғы – Ақтаудың басты ерекшелігі Қа­зақстанда теңіздің жағасында ор­наласқан бірден-бір қала екендігі болар. Теңізбен байланыстыратын жал­ғыз су бекеті – Ақ­тау халықаралық те­ңіз сауда порты бар. Бұрынғы атауы – Шевченко еді. Тәуел­сіздік алғаннан кейін егемен елдің талабы бойынша қала атауы – Ақтау болып өзгертілген. Бүгінде Қарт Каспийдің жағасындағы әсем шаһарда 184 мыңнан астам адам өмір сүріп, өсіп-өніп жатыр.

Еліміздің өзге қалаларынан келген қонақтың көзіне бірден түсетін өзге­шелігі – көшелері даң­ғыл, қазақтың даласының кеңдігін көрсетеді. Сол көшелерде атау жоқ, шағын аудандармен бөлінеді. Қалада 35 шағын аудан бар. Атау берілген екі даңғылдың бірі – Тәуелсіздік, екіншісі – Бірінші Президент деп аталыпты.

Біз келердің алдында ғана қалаға келген жаңа әкім – Нұрдәулет Қилыбай мырза от ауыз, орақ тілді журналис­термен танысып, карантин тәр­тібін сақтай отырып, алда атқа­рылатын ша­руа­ларын ақыл­дасуға бас қосыпты. Қа­лам ұста­ған жазушы, тәжірибелі журналист деп мені де орталарына шақырып, құрмет көрсетіп танысты. Ақынын іздеген әкім­нің адамгершілік қасиетіне ри­за­шылық білдіріп, «алдына қой­ған мақсаттарына жетіп, қала халқының ықыласына бөленсін» деп аналық ақ батамды бердім.

 * * *

Киелі Маңғыстаудың түбегі­нен небір әулиелер мен батырлар, ақындар, жыраулар мен әншілер шыққан. Соның бірегейі менің замандастарым көрген данышпаны, қазақ ұлтын қаламымен әлемге танытқан парасатты тұл­ғасы – Әбіш Кекілбайұлы болды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Алаштың әлем алдындағы бетке ұстар ірі тұлғаларының бірі», деп бағалағаны бекер болмас.

«Маңғыстауда ескі жырлардан қалған есеп бойынша 360 әулие бар», дейді Кенжебек. «Маңғыстауда 362 әулие бар, 363-ші Әбіш», деп отыратын қазақ әдебиетінің саңлақ ғалымы Мыр­затай Жолдасбеков ағамыз», деп мен қоймаймын. Ол кісінің даралығы, даналығы көзі­нің тірісінде-ақ айтыла бастады.

Классик қаламгердің «Елең-алаң», «Үркер», «Аңыздың ақыры», «Шыңы­рау» туынды­лары әлем әдебиеті­нің алтын қорында қалды. Сонау жетпі­сінші жылдары немістің Берлин­дегі «VOLK UND WELT» бас­пасы әлемнің жүз жазушысын іріктегенде, қазақтың атын шы­ғар­ған осы Әбіш Кекілбайұлы бол­­­ған. Осындай ұлы адам өкі­нішке қарай, ортамыздан мәң­гілікке кетті...

Сапар барысында Әбіш Кекіл­бай­ұлы атындағы Маңғыстау об­лыстық тарихи-өлкетану музейі­не арнайылап бардым. Мәдени нысанның алдында мүсіншілер шебер жасаған жарықтық, айналайын Әбіш ағамның үш жарым метрлік ескерткіші құшақ жая қарсы алғандай...

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапары­мен Ақтауға арнайы барып қа­зақ сөз өнерінің зергері, Халық жазу­шысының ескерткішін салтанатты түрде ашқан. Бұл – Пре­зидентіміздің ұлылыққа деген, парасат биігіндегі тұлғаға деген ерекше ілтипаты. «Қазақ тарихында өшпес із қалдырған кемеңгер қаламгердің ескерткіші ашылды. Тау тұлғалы талант, ғұлама ойшыл Әбіш ағамыздың ерен еңбегі мұндай құрметке лайық. Біз бүгін рухын ұлықтап отырған Әбіш Кекілбайұлы – адам­заттық болмыстың жо­ғары дең­гейіне көтерілген біртуар тұлға, қазақ халқының ұлы перзенті», – деген баға берген.

27 жасымда Досжан атам әулетінің шаңырағына келін болып түскеннен өмірінің соңы­на дейін араласып, қолым­нан талай шай беріп, бата­сын алған, Парламентте бір ғи­маратта қыз­мет етіп жанары­ның жылы шуағына бөлеп, талай маңдайымнан сүйген Әбіш ағамның алдымнан тас мүсін болып шыққаны жанымды тол­қытып, жасымды тыя алмадым.

Анасы Айсәуле апам «Дүкен­байдың бағы жанбай жүр еді, сен бақ бол!», – деп қолындағы ақ күмістен соққан үлкен адай жүзігін ақ батасымен ортан терегіме кигізгені, жары Кла­ра Жұмабайқызымен бірге жүр­ген кездеріміз есіме түсіп мұра­жайдан көрген сол үйдің заттары көзіме оттай басылды. Ел анасы Айсәуле апамның құрметіне ел газеті «Егемен Қазақстан» республикалық акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі мен жары Гүлмираның төрт ұлдың орта­сындағы қызғалдақтарының есі­мін «Айсәуле» қойып, Клара Жұмабайқызы бесікке салып шілдехана өткізгеніміз бар еді. Сол күндердің бәрі естелік болып қалғаны-ай...

Мұражайдың аумағы 49 500 шаршы метр екен. Ортасында Әбіш Кекіл­байұлының қазақ үйі тұр. Мұражайға жазушының шығармашылығы, саяси өмірі, достарымен қарым-қатынасы, тіпті отбасылары тұтынған барлық зат­тар қойылыпты. Отбасының жиһаздары мен Клара ханымның талай қонақ күткен ұзын үстелі, ақ дастарқаны мен ыдыс-аяғы да дәл сол Алматыдағы дәуренді кездердегідей жайнап тұр.

Алматыдағы үйлеріндегі кітап­хана бөлмесі, жазу үстелі, мә­шіңкесі, тіпті көзіме таныс порт­фелі де бар. Орынтағына оты­рып суретке түстім, жұғысты бол­сын деп. Таңғалғаным, мұра­жайда Әбіш ағаның біздің үйдегі кітап сөрелерінің жанында қо­лына кітап ұстап тұрған суреті және «Абыз Әбіш» кітабында да аға­ның Мырзатай Жолдасбек, Дүкенбай Досжан үшеуі бірге біздің үйде түскен суреті бар екен. Ұлы адамның тарихында бөлшегіміз жүргеніне қуандым.

Мұражай директоры Тамара Жұма­лиева мұражайдың құр­метті қонақ­тар кітабына естелік жаз­ба қалдыруға рұқ­сат беріп, «Дүние ғапыл» атты Әбіш ағаның әр жылдары жазған алуан өлең жинағы мен «Әбіш әлемі» журналының бірнеше санын және Сауытбек Абдрахмановтың Мемлекеттік сыйлыққа ұсыныл­ған «Абыз Әбіш» кітабын сый­ға тартты. Кітаптан асқан қан­дай байлық бар дей­сіз?! Осы сәтте облыстық Ішкі саясат басқар­масы басшысының орынбасары Жансая Исмағұлова ханыммен де танысудың сәті түсті.

Осы сапарда тағы бір есте қалған жүз­десуді Н.Жантөрин атындағы Маң­ғыстау облыстық драма театрының Бас режиссері, талантты қызымыз Гүлсина Мерғалиева ұйымдастырды.

Театрдың жастарымен Үкімет бас­­­шысы орынбасарының кеңесшісі Нә­зипа Ыдырысқызы екеумізге кез­десу­дің әсері ерекше болды десем ар­тық айтқандық болмас. Жанымызда облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Пания Сармурзина бастаған басшылар құрмет көрсетіп жүрді.

Театрдың жас тарландары менің шығармашылығыммен жақсы таныс болып шықты. «Өгей жүрек» хикаятымды талдап, басқа да еңбектерімнің жазылуы мен елге таралуына қызығушылық білдірді. Әсіресе, сол жастардың ортасында Әбіш Кекілбайұлының Ақтауда тұратын Дәулет деген ұлының Елдары болғаны, оның өте дарынды музыкант екендігі көңіліме қуаныш әкелді. Әбіш ағамдай ұлы адамның ұрпағына өнердің қасиеті қонғанына қалай қуанбасқа. «Талант балаларда ұйықтап қалып, не­мереде оянады», – деген орыстың нақы­лында шындық болар. Біздің көптеген дарынды қазақтардың балаларынан гөрі немерелері дарынды болып, тектілігін танытып жүр ғой. Елдар да ата-бабасының мекенінде тегін танытып жүр екен. Театр жастары бірігіп Абайдың «Көзімнің қарасын» шырқап маған үлкен сыйлық жасады.

 * * *

Мен кететін күні теңіз қарақош­қыл­данып, гүрілдеп буырқанып жатты. Жағаға жетіп жығылған ақ көбік тарап кетуде. Теңіздің ортасында көк­те жалғыз шағала шарқ ұрып жүр. Жа­ғалаудағы ақ қиыршық құм бетіне ұсақ тастар мен ұлу қабыршықтарын сеуіп кеткендей.

Құмның әр жері алақандай-ала­қандай болған ойықтар мыңдаған жыл­қы шауып өтіп, ізі қалғандай әсер етті. Алыстан үш кеменің сұлбасы кө­рінеді. Алдыңғысы баяғы Шыңғыс Айт­матовтың «Ақ кеме­сіндей» ұзын тұм­сығымен ал-қаракөк толқынды жарып жағалауға жақындап келе жатыр. Кейінгі екеуі алыстан ғана күнге шағылысады.

Шығыстан арқан бойы көтерілген Күннің сәулесі буырқанған толқын­дардың бауырына шағылысып теңізге батып барады. Күннің теңізбен шағы­лысқан нұры күмістей жылтырайды. Еліміздің мақтанышы қарт Каспиймен және ақшаңқан қала Ақтаумен қимай қоштастым...

 

Сәуле ДОСЖАН,

жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

 

АЛМАТЫ