«Астана Опера» көрермен қауымды ауқымды жобаларымен таңғалдырудан танған емес. Күні кеше көп назарына ұсынған Г.Доницеттидің «Махаббат сусыны» комедиялық операсының премьерасы да елордалық сахна төрінде зор жетістікпен өтті.
«Махаббат сусыны» – италиялық сазгердің шығармашылық зор табысының бірі. Француз қоюшысы Арно Бернар режиссерлік емес, дәстүрлі опера жолын ұстанып, спектакльді өткен дәуірге толықтай лайықтап жасады. Дегенмен, опера жанры шартты дүние, сондықтан бұл классикалық қойылым Арно Бернардың қызықты ой-пайымдарымен әрлене түсті, атап айтқанда, кейіпкерлер сахна кеңістігінің астынан пайда болып, ал алаяқ Дулькамара спектакльдің соңында әуе шарымен ұшып кетсе де, осының бәрі заманауи шындық тұрғысынан өте үйлесімді көрінді әрі композитордың ұлы туындысын жаңа заман көрерменінің қабылдауына бір табан жақындата түсті.
Әлемнің көптеген елдеріне танылған қоюшы дирижер Алан Бөрібаев пен режиссер Арно Бернардың, заманымыздың көрнекті сценографы Эцио Фриджерио мен костюмдер бойынша суретші, «Оскар» сыйлығының лауреаты Франка Скуарчапиноның жүйелі жұмысының арқасында өткен ғасырда орын алған қарапайым хикаядан жастықтың жалыны мен өмірге деген құштарлық есіп тұрды.
Бас кейіпкер Неморино (Жан Тапин, Дамир Сәдуақасов) дәулетті ару Адинаға (Салтанат Ахметова, Альфия Каримова) ғашық, бірақ сезімін білдіруден қорқақтайды. Адина да сержант Белькореге (Талғат Мұсабаев, Талғат Ғалеев) тұрмысқа шыға жаздағанына қарамастан, шын мәнінде Немориноны жақсы көреді. Жағдайдың түйінін дүмше емші Дулькарама (Бауыржан Әндержанов, Евгений Чайников) шешеді.
Барлық әртістер кейіпкерлерінің бейнесін толықтай аша білді.