“Астананың жаңа университеті” АҚ президенті Аслан Саринжиповпен әңгіме
– Аслан Бөкенұлы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ерекше мән берген жаңа халықаралық университет туралы білгісі келген оқырман сауалдары редакция поштасына аз келіп жатқан жоқ. Ендеше, ел тарихында елеулі орын алатын білім ордасы туралы не айта аласыз?
– Иә, Елбасы өзінің биылғы Жолдауында Астанада халықаралық деңгейдегі университетті құру туралы мәселеге ерекше мән бергені рас. Қазақстанда осындай университетті ашу еліміздің Президентінің идеясы болып табылады. Осы университеттің негізгі міндеті – жоғары білімнің жаңа моделін құру және әлемдік ғылыми кеңістікте қазақстандық ғылыми құрылымдарды интеграциялау бойынша жүйелі жұмыс жүргізу. Бұл қазақстандық білім мен ғылым жүйесінің ең үздік үлгілерін әлемдік деңгейге үйлесімді түрде сәйкестіру.
Бұл жоба тек Қазақстан үшін ғана емес, сондай-ақ Орталық Азия аймақтары үшін де алар орны ерекше болып табылады. Өйткені, халықаралық жоғары оқу орындарымен тығыз ынтымақтастықта жұмыс жасайтын университеттер серіктестігінің осындай формасы бұрын болған емес.
Оқу орнының тұжырымдамасы әлемдік практика негізі ескеріле отырып әзірленді. Оның моделі әлемнің ең үздік зерттеу университеттерінің құрылымына сай келеді. Мұнда бөлімшелердің автономдығы мен модульдігі бірінші кезекте қарастырылатын болады. Жаңа университет әлемдік стандарттарға сәйкес келетін жаңа инфрақұрылыммен, соның ішінде академиялық, әкімшілік және әлеуметтік объектілермен ерекшеленді.
Біздің мақсатымыз – Президент тапсырмасына орай, Еуразия континентінде ең үздік университет құру. Бұл үшін Астананың жаңа білім ордасы әлемнің ең үздік университеттерімен тығыз серіктестік қатынастарды орнату бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр, бұл бакалавриат, магистратура мен PhD оқу бағдарламаларын әзірлеу, ғылым және білім үдерістерін басқару бойынша олармен жинақталған тәжірибелердің нәтижелерін пайдалануға мүкіндік береді.
– Университет қандай мамандықтар бойынша кадрлар дайындайды? Отанымыздағы басқа оқу орындарынан бұл университеттің айырмашылығы қандай? Бір жылда қанша студент қабылданады? Қабылдау мерзімі қай кезеңге жоспарланып отыр? Қандай пәндерден емтихан тапсырылады? “Алтын белгі”, отандық, халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздарына жеңілдіктер бар ма, әлде олардың да емтихан тапсырулары керек пе? Жалпы сынақ тест арқылы өте ме, болмаса басқа жолы қарастырылып жатыр ма?
– Академиялық бағдарламалардың мазмұны мен факультеттердің мамандануы шетелдік серіктестерімізбен бірге әзірленеді. Жалпы, бакалавриат бағдарламасы бойынша инженерия, медицина, бизнес, жаратылыстану және әлеуметтік ғылымдар мектептерін ашу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, бұдан әрі магистрлік және PhD бағдарламалары бойынша бизнес және мемлекеттік саясат мектептері ашылатын болады.
Біздің университетіміздің негізгі ерекшеліктерінің бірі – бұл халықаралық деңгейдегі университетті құру моделі ретінде біздің серіктестік моделін таңдап алуымыз. Бұл ұлттық білім жүйесінің барлық артықшылықтары мен ең үздік шетелдік практиканы ескеретін университеттің серіктестері – жоғары оқу орындарымен бірлескен білім бағдарламаларын құру туралы біздің бастапқы ойымызға тікелей байланысты болып отыр. Осындай қарым-қатынастар отандық жоғары білімді модернизациялаудың жаңа сатысы болып табылады, бұл жаңадан құрылған университетке оқу үдерісін ұйымдастырудың халықаралық ерекшеліктері мен ұлттық ерекшеліктерін жинақтаған өзіндік брендті қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Жоба бойынша университет студенттерінің жалпы саны 4 000 адамды құрайтын болады. Ағымдағы жылда университеттің дайындық (Foundatіon) бағдарламасы бойынша студенттерді қабылдау жүргізілмек. Оқу үдерісі тек ағылшын тілінде жүргізілетінін назарға сала кетсем деймін.
Оқуға түсу кезінде қойылатын талаптарды қабылдау комиссиясы белгілейді. Студенттерді іріктеу кезінде негізгі ұстанымдар ретінде TOEFL және ІELTS емтихандарының, Лондонның Университеттік колледжімен әзірленген қабілеттерді айқындау тестілерінің нәтижелері, халықаралық олимпиадаларға қатысуы және басқа марапаттары мен жетістіктері ескеріледі.
Қазір Қазақстанның барлық облыс орталықтарында университеттің тұсаукесерлері өткізіліп жатыр. АЖУ, USL мен Британ кеңесінің өкілдері мектеп түлектерін университетке түсу ережелерімен және еліміздің әр түрлі аймақтарында ағымдағы жылдың сәуір – тамыз айларында өткізілетін іріктеу турларына қатысудың шарттарымен таныстыруда.
Іріктеудің бірінші кезеңі ағылшын тілін білу деңгейін тексеретін Brіtіsh Councіl Englіsh Profіcіency Test (BCEPT) тестін тапсыруды қарастырады. Бұл үшін ағымдағы жылдың сәуір – мамыр айларында BCEPT тестін жүргізу үшін Британ кеңесінің өкілдерінен құрылған сараптама тобы Қазақстанның барлық аймақтарына шығатын болады.
Бірінші іріктеу турына қатысу үшін, сондай-ақ университетке түсудің ережелері мен шарттары www.nu.edu.kz. сайтта көрсетілген.
Аталған тестілерді ойдағыдай тапсырған талапкерлер іріктеудің 2 кезеңіне шақырылады. Олар ІELTS тесті мен Subject Entrance Test тестілерін – USL-мен өткізілетін пәндер бойынша оқуға түсу емтихандарына қатысады.
Өздігінен тестілерді тапсырған талапкерлер және ағылшын тілінің тиісті деңгейін растайтын: TOEFL (қағаз бетінде РВТ немесе onlіne режимінде) немесе ІELTS халықаралық тестілердің нәтижелері көрсетілген ресми сертификаттары бар талапкерлер USL тестілерін тапсыруға шақырылады.
Емтихандарды тапсыру барлығына, соның ішінде “Алтын белгі” иегерлері үшін де, отандық және халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары үшін де міндетті екенін атап өткім келеді.
– Университетке студенттерді қабылдау тәртібі туралы айта кетсеңіз. Бұған қоса талапкерлер қандай құжаттарды әзірлеуі керек?
Университет талапкерлері іріктеу турының аталған кезеңдерінен өткен соң, Foundatіon бағдарламасы ресми құжаттарды қабылдау ағымдағы жылдың маусым – шілде айларында жүргізілетін болады.
Foundatіon бағдарламасы негізінде оқуға құжаттарды тапсыру үшін талапкерлер төмендегі құжаттарды: орта мектепті бітіргені туралы аттестаттың немесе техникалық кәсіби білім, жоғары білім туралы дипломның, ІВ (Іnternatіonal Baccalaureate) дипломының, сондай-ақ “Алтын белгі” сертификатының, республикалық және халықаралық олимпиадаларының және орта білім пәндері бойынша ғылыми жарыстардың І, ІІ, және ІІІ орын дипломдарының түпнұсқасын немесе нотариалдық түрде куәландырылған көшірмелерін тапсыруы керек.
Жаңа университеттің қабылдау комиссиясы тест нәтижелерін және талап етілген құжаттарды қарап шыққан соң, қабылдау ережелері мен ұстанымдарына сәйкес әрбір талапкердің өтінішін қарап шешім қабылдайтын болады.
– Университетке түсер алдында талапкерлер дайындық бағдарламасынан өтетін көрінеді. Бұл бағдарлама туралы толық айтып берсеңіз. Жалпы оқу гранттары кімдерге беріледі? Грантқа ие бола алмағандар ақылы оқи ма? Ақылы оқитын болса, төлейтін қаржының көлемі қандай? Кейбір ақпарат құралдарында оқу төлемі туралы әралуан мәліметтер кездесіп қалады. Қомақты қаржыны дарынды балалардың, әсіресе, ауылдық жерде тұратын қандастарымыздың қалтасы көтере ме?
– Foundatіon дайындық бағдарламасы бакалавриаттың бірінші базалық курсын білдіреді, бұл жерде студенттер профильді пәндер бойынша базалық білім, университеттің білім беру жүйесі және академиялық мәдениеті туралы ақпарат алады. Өздерінің коммуникациялық дағдыларын дамытады, ағылшын тілінен білім жетілдіреді.
Мұндай игілікті іске шетелдік жоғары оқу орны – университеттің серіктесі ретінде Лондонның университеттік колледжі (USL) қатыстырылады. Ол Tіmes Hіgher Educatіon газетінің баға беруі бойынша әлемнің ең үздік университеттерінің тізімінде 4 орында тұр.
Университетте оқу ақылы негізде жүргізіледі. Бұл ретте оқу төлемі серіктес – университеттің қоятын талабына сәйкес болады және тиісті жоғары оқу орындарындағы осыған ұқсас баламаларға сәйкестендіріледі. Оқу төлеміне оқу шығындары, университеттің ғылыми-техникалық жабдықталуына жұмсалатын қаржы, профессор-оқытушылар мен әкімшілік- басқаруға төленетін еңбек ақы стипендия қоры жатады.
Сонымен қатар, оқуға түсу емтихандарының нәтижелері бойынша ең жоғары балл жинаған талапкерлердің мемлекеттік оқу гранттарын алуға мүмкіндіктері бар. Бұл, әрине, университетте тегін оқуға мүмкіндік беру деген сөз. Күні кеше ғана 500 грант бөлінгені соған дәлел.
Сондай-ақ студенттерге арнайы қаржылық көмек көрсету жүйесі қарастырылып отыр. Қазіргі таңда оның кіріс көзі, мөлшері туралы мәселелер шешілу үстінде. Бұл ретте студенттерге қаржылық көмек көрсету туралы шешімді қабылдауда олардың қабілеттері мен таланттары бірінші кезекте ескерілетінін атап өткім келеді.
Сонымен қатар, заманға сай салынып жатқан жатаханаларда білім ордасының барлық студенттерінің тұруына мүмкіндік бар. Грант иегерлері жатақханаларда тегін тұратынын айта кетуге болады. Бір сөзбен айтқанда, жастарға әлемдік деңгейде жағдай жасалады.
– Сабақ ағылшын тілінде жүргізілетіні белгілі болды. Ал бұл тілді білмегендер, оқысақ деп талаптанған талапкерлерге қандай мүмкіндіктер бар?
– Иә, университеттегі оқу үдерісі шетелдік жоғары оқу орындарымен, яғни серіктестер талабы қамтамасыз етілетіндіктен сабақ ағылшын тілінде жүргізіледі. Сонымен қатар, USL-ке сәйкес таңдалған арнайы пәндер бойынша үздік академиялық көрсеткіштерге ие болған, бірақ ағылшын тілін жеткілікті деңгейде білмейтін (ІELTS көрсеткіші 4,0 төмен емес) талапкерлерге ағылшын тілінің Englіsh for Academіc Purposes жеделдетіп оқыту курсынан өту мүмкіндігі беріледі.
Кейіннен университетке оқуға түсуге тыңдаушыларды дайындау бойынша арнайы курстар ашылатын болады. Онда ағылшын тілін тереңдете оқытып, тестке дайындау көзделген.
– Университеттің профессор-оқытушылар құрамы қалай жасақталып жатыр? Сіздерде эндаумент қоры бар көрінеді. Бұл қандай қор, ол немен айналысады?
– Профессор-оқытушы құрамын қабылдау талаптары университет – серіктеспен анықталатын болады. Бекітілген шарт талаптарына сәйкес Ұлыбританиядан 50 оқытушы келіп сабақ береді. Сондай-ақ университетке ең үздік ұлттық зерттеушілер шақырылатын болады. Бұл оқу сапасының артуына мүмкіндік береді.
Мақсатты капитал қорын (эндаумент қорын) құруға қатысты айтар болсақ, ол университеттің тұрақты дамуын қамтамасыз ету мақсатында құрылып, мемлекеттік, сондай-ақ жеке құрылымдардың есебінен қаржыландырылады. Қордың негізгі міндеті – университеттің академиялық, ғылыми және өзге де бағдарламаларын қаржымен қамтамасыз ету. Қордың қаражаты арнайы активтерде жинақталады. Олардан түскен кіріс университеттің ғылым, білім бағдарламаларын дамытуға және студенттерге арнайы стипендияларды беруге пайдаланылады.
– Университет әлемдегі алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарымен тығыз қарым-қатынас жасайтыны мәлім, сондай оқу орындарын нақты атай кетсеңіз.
– Жаңа халықаралық университеттің мақсаты – елдің жаңа кәсіби қызметкерлерін даярлауға өз үлесін қосу, жастарға халықаралық стандарттарға сай білім беру. Сол арқылы Қазақстанға әлемнің үздік жоғары оқу орындарынан шақырылатын жоғары дәрежелі профессорлардың дәрістерін талантты жастарымыздың тыңдауына мүмкіндік беру болып табылады. Осы мақсатты іске асыру үшін біз жетекші шетелдік жоғары оқу орындарымен белсенді келіссөз жүргізіп жатырмыз. Өткен жылдың аяғында және осы жылдың басында университет делегациясы АҚШ, Ұлыбритания және Жапонияның жоғары оқу орындарына іссапармен барып келді. Осы кездесулердің барысында жеткен келісімдер өзара мүдделі салаларда шетелдік серіктестіктермен табысты ынтымақтасуға негіз болып табылады.
Жалпы, университетті дамыту стратегиясы – әлемнің 30 үздік университетінің қатарына кіретін жетекші жоғары оқу орындарымен ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.
Бүгінгі күні біз университет мектептерінің (факультеттерінің) және ғылыми орталықтарының тұжырымдамаларын әзірлеу мәселесін әлемнің жетекші университеттерімен бекіттік. Атап айтқанда жасалған ондай келісімдер: UCL, Pіttsburgh, Carnegіe Mellon, Wіsconsіn-Madіson, Duke, Harvard Medіcal, т.б. Осы келісімдер келешекте ұзақ мерзімді байланысқа негіз болады деген сенімдеміз.
– Редакцияға хабарласқан талапкерлер елімізде жоғары оқу орындарын аяқтағаннан кейін сіз басқарып отырған университетте екінші мамандық алуға бола ма, ондай мүмкіндік бар болса қабылдау қалай жүреді, қандай мамандықтар бойынша оқи аламыз деген сұрақтарды алға тартып жатыр. Сіз бұл туралы не айта аласыз?
– Жоғарыда да аңғартып өттім. Білім алуды қалағандардың бәрі, олардың академиялық көрсеткіштері шетелдік жоғары оқу орындары – серіктестер белгілеген қабылдау талаптарына сәйкес болса, университетте екінші мамандық алуға мүмкіндіктері бар.
2012 жылдан бастап университетте магистрлік және PhD бағдарламалар бойынша бизнес мектебі және мемлекеттік саясат мектебі ашылады. Осының барысында академиялық бағдарламалар және факультеттердегі мамандықтар тізбесі шетелдік серіктестермен тиісті келісімдерді бекіткеннен кейін әзірленетінін де айта кетсем деймін.
– Аслан Бөкенұлы, Елбасы Жолдауында университет аясында 3 ғылыми орталық ашылатыны туралы айтылған еді. Сол орталықтарда зерттеу жұмыстарымен өз Отанымыздың ғалымдары айналыса ма, әлде шетелдік оқымыстылар тартыла ма?
– Сұрақ орынды қойылып отыр. Президент Н.Ә.Назарбаев өз Жолдауында жаңа университет жанында үш ғылыми, атап айтқанда: пәнаралық инструменталдық орталық, энергетикалық зерттеу орталығы және өмір туралы ғылым орталығын ашуға ерекше көңіл бөлді. Осы орталықтар “болашақ экономиканың” негізі болатын ұлттық инновациялық жүйенің ажырамас бөлігі болуы тиіс.
Пәнаралық инструменталдық орталық (ПИО) талдау жабдықтар паркін, зертхана фабрикалары мен зауыттарын, жобалық-сметалық бюроны, білікті қызметкерлер құрамын, технопаркті, технологиялық бизнес- инкубаторды қамтитын пәнаралық инструменталдық парк ретінде қалыптасады. Осында бизнес жоспарлардың инновациялық конкурстары және грантты қаржыландыру, т.б. өткізіледі. ПИО жаратылыстану (физика, химия, математика, биология) ғылым мектебінің департаменттері үшін ғылыми база болады. Сондай-ақ өнеркәсіп және халықаралық серіктестермен бірлескен зерттеулерді өткізуге қатысады.
Энергетикалық зерттеулер орталығын құру мақсаты түрлі елдерден ғалымдар мен инженерлердің энергетикалық және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің ауқымды мәселесін шешу көзделген. Қазіргі уақытта технологиялардың көбі экологияға оң әсері бар дей алмаймыз. Адамның денсаулығына зиянды екені де белгілі. Ендеше, адами экологиялық ұстанымдарды ескере отырып, талаптарға сай жаңа энергияны сақтайтын және зиянсыз технологияларды енгізу қажет.
Өмір туралы ғылым орталығының негізгі мақсаты ғылыми қызметкерлерді даярлау, іргелі және трансляциялық биомедицинаны дамытуды инвестициялау жолымен сапалы медициналық қызметтерді әзірлеп Қазақ елінің бәсекеге қабілетті биомедициналық саласын құру болып табылады. Орталық қызметінің басым бағыттары трансплантология, жасанды жүрек пен өкпе технологиясын жетілдіру және енгізу, радиохирургия мен фетальды хирургияны дамыту, адамның өмір жасын ұзартудағы медицинаның рөлін арттыру болып табылады.
Орталықтардағы ғылыми зерттеулермен отандық және шетелдік зерттеушілермен қатар, университеттің студенттері де айналыса алады.
– Қазір Елбасының ұйытқы болуымен “Болашақ” халықаралық бағдарламасы бойынша шетелдерде кадрлар дайындалып жатыр. Олардың алдыңғы толқыны ел дамуына өз үлестерін қосып жүр. Сіз басқарып отырған университет бірде-бір шетелде кадр дайындауды тоқтатып, өзімізде оны жүйелі жүзеге асыруды ойластырып жатыр ма?
– Осы жобалардың әрқайсысы ел тарихынан өз орнын алады деп ойлаймын. “Болашақ” бағдарламасы бойынша жетекші шетелдік жоғары оқу орындарында білім алған жас мамандардың көбі қазіргі уақытта ел дамуына өз үлестерін қосып жүргені мәлім.
“Болашақ” халықаралық бағдарламасы да, Астана жаңа университеті де Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылды. “Болашақ” халықаралық білім беру бағдарламасы, жастарымыздың білім деңгейінің өсуіне бағытталған оның бірінші қадамы еді. Ал Елбасының елдің ордасында халықаралық деңгейдегі университетті ашу туралы идеясы – бұл қазақ жерінде жаңа білім ордасы арқылы отандық кәсіби қызметкерлерді даярлауға бағытталған құнды жұмысы болды.
Осы екі үлкен бастаманың арасы – 17 жыл. Қазақ елі осы университетті ашу үшін 17 жыл әзірлік жасады. Тиісті ғылым-білім, техникалық, зертханалық зерттеу базасын даярлады. Бұл кезеңде Қазақстан әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіруге ұмтылып әлеуеті күшті, тәуелсіз ел ретінде өзін көрсетті. Ендігі жерде мықты кадр өзімізде әзірленетін болады. Жаңадан құрылған университет соның алтын діңгегі. Бұл университетте жас қазақстандықтарға елден шықпай-ақ, үздік шетелдік жоғары оқу орындарының деңгейіне сай сапалы білім алып, білікті қызметкер болуға мүмкіндік жасалды. Тек талапқа төтеп берсе болды.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Сүлеймен МӘМЕТ.