Ертеректе мемлекет қамқорлығын қажет ететін, табысы мардымсыз отбасыларды анықтау өлшемшарттарын айқындау кезінде ауылдағы ағайынның қорасындағы тауығын ғана емес, оның жыл ішінде табатын жұмыртқасына дейін санауды ұсынып, жұртқа күлкі болған шенеунік бар. Сөйтіп, ол «асфальтта өсіп», өмір бойы қалада қызмет еткендігінен, жергілікті жердегі жағдайды білмейтіндігін байқатып алған.
Тауық тақырыбы өткен жылдың соңында Парламент Мәжілісінде жаңа Экологиялық кодекстің жобасын талқылау барысында тағы көтерілді. Заң жобасының бірінші оқылымында өз пікірін білдірген Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің: «Кодекс жобасын қарасақ былай: мысалы, Қарағанды облысының Ұлытау ауданы тұрғынының 4-5 немесе тіпті 1 тауығы бар делік. Ол соны декларациялау үшін 700 шақырымдай жердегі облыс орталығында орналасқан облыстық табиғи ресурстар басқармасына баруы керек болып шықты. Осы ретте «Бұл норманы жазған адам ауылда болып көрді ме екен?» деген сұрақ өз-өзінен туындайды. Болмаған шығар. Шіркін, сол шенеунікті 2-3 айға ауылға жіберсе ғой. Сонда ол тауық пен сиырдың айырмашылығын түсінер еді...» дегені бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желіде жарыса жазылғаны жадымызда...
Әрине, бүгінде министрліктерде биік лауазымды қызметтерді атқарып жүрген мемлекеттік қызметшілердің теориялық білімінің ешкімнен кем еместігіне шәк жоқ. Олардың арасында Тұңғыш Президентіміз – Елбасы ұсынған «Болашақ» бағдарламасымен шетелдердің үздік жоғары оқу орындарын тәмамдаған, келешегі зор жас мамандар да аз емес. Тек бір «әттеген-айы» – өңірлерде қалыптасқан нақты ахуалды, әсіресе, ұлтымыздың алтын бесігі – ауыл тіршілігін олардың бәрі бірдей біле бермейді. Тауыққа қатысты әжуа сөздің араға біраз уақыт салып, тағы айтылып жатқандығы – соның айғағы болса керек.
Орталық мемлекеттік органдардағы шенеуніктердің «Қазақстан – 2050» Стратегиясына сәйкес, елімізді «озық отыздықтың» қатарына қосу мақсатында Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының стандарттарын енгізуге ерекше ықылас қойып отырғандығы түсінікті. Тек Еуропа елдері мен Қазақстанның арасындағы аумақтық, демографиялық айырмашылықтардың үлкендігі жете ескерілмей, соның салдарынан кейде асыра сілтеушіліктерге жол беріліп жататындығы жасырын емес. Бұған бірер мысал келтірейік.
Денсаулық сақтау министрлігінің бір кездегі әсіре реформашыл басшыларының солақай шешімінен Қарағанды облысынының Шет ауданындағы 4 мың тұрғыны бар Ақжал кентіндегі аурухана жабылып, дәрігерлік амбулаторияға айналдырылыпты. Дәрігерлердің дені қысқартуға ұшырағандықтан, медициналық көмек алу үшін ақжалдық науқастар ескі де жалғыз «Жедел жәрдем» машинасымен аудан орталығы мен Балқаш қаласына әупірімдеп барып жүргенін өз көзімізбен көрдік. Сөйтсек, сап-сау жұмыс істеп тұрған аурухананы сақтап қалу үшін «еуропалық стандарт» бойынша Ақжал сияқты кентте 5 мың тұрғын болуы шарт екен...
Ал Парламент депутаттары «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының Ұлттық экономика министрлігі айқындаған өлшемшарттары бойынша онсыз да тұрғындарының қатары селдіреп қалған Солтүстік Қазақстан облысындағы ауылдардың жартысы болашағы бар тірек және серіктес ауылдық елді мекендер тізбесіне енгізілмей, тағдырлары қыл үстінде тұрғандығы дұрыс еместігін шенеуніктерге айтып, түсіндіре алмай жүр.Тіпті аса көрнекті жазушы Ғабит Мүсіреповтің туған ауылы – Жаңажолдың түтіні түзу ұшып тұрғанына қарамастан, тірек деп танылған көршілес елді мекеннен біршама алыс орналасқандығы себепті ғана «жазықты» болып, серіктес елді мекендер тізбесіне де ілінбей қалыпты.
Тобықтай түйін: шенеуніктерді осыдан он шақты жыл бұрын мемлекеттік қызмет саласына енгізілген «орталықтан – өңірге, өңірден – орталыққа» қағидатымен ауыстыру ісін дәйектілікпен жалғастыру қажет сияқты. Сондай-ақ «Болашақ» бағдарламасының түлектері мен Президенттік жастар кадрлық резервіне кіргізіп, үкілі үміт артып отырған білімді жастарымызды бірден орталық мемлекеттік органдарға қызметке орналастырмай, әуелі жергілікті атқарушы органдарға қызметке жіберіп, олардың аймақтардағы шынайы әлеуметтік-экономикалық жағдаймен жете танысып, тәжірибе жинақтауына баса мән берер болсақ, ұтылмасымыз анық. Өйткені «өңірді көрмеген – өмірді көрмеген» деген сөздің жаны бар. Әйтпесе тауық байғұстың құлағы әлі талай шуылдауы мүмкін...
Кәрібай МҰСЫРМАН,
«Egemen Qazaqstan»