1994 жыл. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жылдағы әдетімен біздің облысқа егін орағы басталған тұста келді. Елбасын Солтүстік Қазақстан облысының, Қызылжар қаласының әкімдері, облыс, қала басшылары, қоғамдық ұйымдардың өкілдері және журналистер қала әуежайында құрметпен қарсы алды.
Президент ұшақтан түсісімен қаламызда жаңадан салынып, іске қосылғалы тұрған макарон фабрикасына барды, оның салтанатты ашылуында сөз сөйлеп, құрылысшыларды, осы құрылысты жүргізіп, өнім шығарып отырған түркиялық басшыларды құттықтап, рахмет айтты. Фабриканы жоғары сортты бидаймен қамтамасыз етушілер біздің облыстың ауыл шаруашылық қызметкерлері болмақшы. Өйткені, макарон өндіруге лайықты бидай біздің жерімізде өсірілетін көрінеді. Оның нандық қасиеті жоғары болса, сорты да қатты, күшті болып келеді екен.
Макарон фабрикасының алғашқы өнімдері жұртшылықты елең еткізгені анық. “Сұлтан” деп ат қойылған кеспе, вермишель және басқа да толып жатқан ұннан жасалған тағам түрлері бұрын бұл өңірде дәл мұндай жоғары сапалы, әрі аса мәдениеттілікпен жасалып көрмеген. Содан да болу керек, аталмыш өнімге қалалықтардың сұранысы бірден артты.
“Шетелдік инвестиция дегенің осы болса, бұл өте дұрыс, әрі мезгілінде болған игілікті іс болды”, – десті жиналған көпшілік ризашылығын білдіріп.
Иә, бұл өзі халықтың тұрмыс-тіршілігінің күйзеліп, елдің нарық дегеннің заңына бастыға алмай тұрған кезі еді. Мынау бір қараңғы жерге сәуле түскендей, алда жарық барын меңзегендей оқиға болды.
1993 жылы Нұрсұлтан Әбішұлы мына ашылып отырған өндіріс орны іргетасының алғашқы кірпішін өз қолымен қалаған еді. Міне, бір жылдан кейін сол фабриканың ашылу рәсімін жасап отыр. “Сұлтан” макарон фабрикасының саяси жағынан да мән-мағынасы зор-тын.
Президент бұдан кейін жаңадан салынатын қазақ классикалық гимназиясының іргетасына өз қолымен кірпіш қалады. Халық көп жиналды. Қуанышта шек болған жоқ. Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгенге дейін Қызылжарда бір-ақ мектеп-интернат болатын. Ол да қалалық емес, облыстық. Ауқаты төмен отбасылардың балалары мен жетім балалар әр ауылдан келіп, осы мектеп-интернатта оқитын. Енді, міне, Қызылжарда қазақ гимназиясының үйі бой көтеріп, қаланың қарадомалақ балалары білім кәусәрінен сусындайтын болады. Бұл да үлкен жетістік, үлкен жеңіс. Президентіміздің өзі бүлдіршіндеріміз үшін білімге жол ашып беріп отыр, десек артық айтқанымыз емес.
Иә, кезінде Қызылжарда 6 мешіт-медресе болған. Қазақ, татар балалары осы медреселерден білім, тәрбие алып, олардың арасынан атақты композитор Ақан Қорамсаұлы, ақиық ақын Мағжан Жұмабаев және татардың ірі ақындарының бірі Ахмет Оразаев Қызылжари, тағы басқа да ел-жұртқа есімдері белгілі адамдар шыққан. Белгілі себептермен ол медреселердің де, сондай-ақ кейіннен ашылған жалғыз қазақ мектебінің де қарасы жойылған-тұғын.
Қызылжар қазақтың қаласы болмағандай, мұнда қазақ деген халық тіршілік құрмағандай болды ғой бір замандарда. Өз қолымыз өз аузымызға жеткендей жағдайға келген бүгінде Қызылжарда қазақ мектептері ашылып жатыр, әлі де ашыла беретініне сенім мол. Халқымыздың ана тілін құрметтеуі, оған бет бұруы, ұрпақтарымыздың жаппай өз тілін, ділін, дінін, және тарихын білуге талпынуы, ұмтылуы осы сенімімізді растай түседі.
Нұрсұлтан Назарбаев сол жолғы сапарында қаламыздың орталығындағы Мағжан алаңында болып, ұлы ақынның ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Алаңға жиналған халықта қисап жоқ. Президентпен көпшілік сөйлесіп қалғысы келеді. Көкейінде жүрген ой-пікірін айтқысы келетін де, тұрмыс жағдайының ауырлап бара жатқанын жеткізгісі келетін де адамдар бар. Оның үстіне қалада да, ауылда да жарығы құрғыр бірде жанып, бірде сөнетін. Көп қабатты үйлерді жылыту да үлкен проблемаға айналған еді. Осындай қиын-қыстау шақта халықтың да, әр сатыдағы басшылардың да бастарына шын мәнінде ауыртпалық батпандап түсіп тұрғанда Президентіміздің мына алаңға жиналған қара- құрым елмен ашық сөйлесуі, бетпе-бет келіп, именбей, жасқанбай шындықты айтуы, алдымызда бұдан да қиын күндердің болатынын, оған әрқайсымыз дайын болумен қоса, сол өткелектерден өтудің амалдарын табуымыз керектігін ашық айтқан:
– Қол жая беретін кеңес өкіметі келмеске кетті. Сондықтан, әркім өзінің отбасы үшін, өз бала-шағасы үшін, тіпті, өзі үшін еңбек етуі тиіс. Кәсіп істе, сауда жасауды үйрен, шаруашылықпен айналыс. Ең болмаса картоп өсір, бұл жақта картоп мол шығады. Өнімін көктемде, күзде сат.
Иә, нарықтың мән-мағынасын Президентіміз де, әкімдер де халыққа айтумен, көрсетумен келеді-ау. Бірақ, соған көндіге алмай, ойымызды да, бойымызды да жаттықтыра алмай әлекпіз. Нарық заңының қатал екенін енді-енді сезініп келе жатқан жай бар.
Нұрсұлтан Әбішұлына қойылған сұрақтар да, тілек-талаптар да жетерлік. Өмірде көрген-білгені көп, білімі ұшан-теңіз, қай тақырыпта болса да халықпен сөйлесе алатын, ақыл-кеңес те айта білетін, сөзін елге тыңдата да, орындата да алатын, терең ой мен кенен ақылдың иесі, бүгінгіні де, ертеңгіні де көре білетін, болашақты болжай отырып, елдің жүрер жолын айқындап беретін білімпаз, ғұлама азаматтың Қазақстанды басқарып отырғанына қуанасың.
Жайшылықта еліміздің және облыстың басшыларын алайда-былай деп, алақандарына түкіріп жүрген сөзуарлар бұл митингіде бұқпантайлап қалды. Президенттің тұжырымды да, орнықты сөзі, қойылған сұрақтарға орынды да, салиқалы жауабы жиналғандарды қанағаттандырды. Ел риза болды. Риза болатын себебі: мына қиын-қыстау, қым-қуыт жағдайдан ада болып, халықтың алдынан бір жарық сәуленің шығатынына сенім пайда болды сол жүздесуде.
Тоқсаныншы жылдардың басы болуы керек, Президент Қызылжар өңіріне бір келгенде: “Жігіттер, біз бір он жыл айқай-шусыз, жанжалсыз, тыныштықпен өмір сүріп кетсек, одан әрі жағдайымыз жаман болмас еді”, – деген болатын. Ол кісінің бұл сөзі жүрегіндегі арманы сияқты болып естіліп еді маған. Жатса да, тұрса да елдің амандығын ойлайды ғой Президент. Өзіміз бір үйдің иесі болып жүріп, кейде әйелің мен екі-үш балаңа сөзіңді өткізе алмай қаласың. Қырық ру, әр тілде сөйлеп тұрған түрлі халықты басқару азаматтың азаматының ғана қолынан келетін іс. Нұрсұлтан Әбішұлының қазіргі халі Абылай ханның тіршілігімен пара-пар, тіпті, одан да күрделі, одан да жауапты-ау деп ойладым 1993 жылғы бір кездесуде.
Абылай ханның заманында халықтың дені, тіпті, барлығы дерлік қазақтар болды. Ру-руға бөлінген халықтың басын біріктіре алмай әлек болған ұлы ханның күй-жайы ауыр болғаны рас.
Ал бүгінгі Қазақстан көп ұлтты мемлекет, ортақ тіл таппасаң, әрқайсысы әр жаққа қарап сөйлеп кетері анық. Мұнымен қоса, жеріміз бай. Сары алтының ба, қара алтының ба – бәрі осында. Осынша байлыққа көзі қызықпайтын, жұтынып, тамсанбайтын шет жұрттықты тауып көр, кәні?! Міне, үздік саясат, тамаша көрегендік, болашақты болжампаздық біздің елді басқаруға керекті қасиет. Ал біздің Президентімізде мұның бәрі бар.
Солтүстікқазақстандықтарға белгілі, 1980-жылдардан бастап ұжымшарлар мен кеңшарларда ауру мал көбейіп кетті. Сонда шаруашылық басшылары туберкулез, бруцеллез қара малды қазақ ауылдарында ұйымдастырылған арнайы фермаларда бақтырды. Қай ауылға барсаң, ауру сиырлар мен тайынша-торпақтарды бағып-қағып отырған қаракөз бауырларды көресің. Сөйтіп, ауыл тұрғындарының жаны да, малы да жұқпалы ауруларға шалдықты. Иә, бұл кеселден қанша адам көз жұмды, қанша адам күні бүгінге дейін зардап шегіп жүр десеңізші. Сол кезде Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы қызметін атқарып жүрген Нұрсұлтан Назарбаев біздің облыстың мал шаруашылығында орын алып отырған апатты жағдайды болдырмауды өз бақылауына алып, облыстағы ауру малды сауықтыртқаны бар. Шет елдерден сатып әкелінген сондағы қара ала сиырлар тұқымы кейбір шаруашылықтарда әлі де өсіп, өнуде. Меңдеп кеткен жұқпалы ауруға қарсы күрес те күшейтіліп, әсіресе, ауылдардағы қандастарымыздың денсаулықтары біршама түзеліп қалған.
Ұмытпасам, 1990 жыл болу керек, Н.Ә.Назарбаев Қазақ КСР-інің Президенті болып сайланғаннан кейін біздің облысқа сапармен келген. Сол жолғы сұхбатымызда: “Мен осында келгеннен бері облыстың тұрғындары құттықтап, президенттік басқаруды қолдайтын көңілдерін білдіріп жатыр. Көп рахмет! Біздегі президенттік басқаруды жұрттың бәрі бірдей қолдап отырған жоқ. Мәскеу де қолдамай отыр. Ал мынандай аласапыран заманда президенттік басқару елдің шашылмауына дұрыс деп шештік”, – деген еді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Шын мәнінде, Қазақстанда президенттік басқарудың егемен еліміз үшін табысты болғанын, ол тәуелсіздік жылдарында экономиканың серпінді дамып, әлеуметтік мәселелердің оңтайлы шешілуіне қолайлы жағдай жасап қана қоймай, көптеген саяси өзгерістерге жол ашып, бүгінгі таңда еліміздің қарышты дамуына бағдарламалық сипат беріп отырғанына куәміз.
Президенттік басқару жүйесі ел тәуелсіздігі тұғырының беки түсуі, халқымыздың әл-ауқатының жыл санап жақсара бастауы, елдегі саяси, ұлтаралық және дінаралық тұрақтылық пен келісімнің, Отанымыз қауіпсіздігінің басты кепілі болды.
Тұңғыш Президентімізге деген менің сүйіспеншілігім ерекше, оған біздің елдің ықыласы да жоғары. Қай жерде болсын Нұрсұлтан Әбішұлын қошеметпен қарсы алады. Осындай бір кездесу бұрынғы Соколов ауданының Налобин деп аталатын шаруашылығында болған еді. Президент осында еңбек етіп жүрген аң өсірушілерге тап бола қалғаны. Әлгілер көптен көрмеген туысқандарын жаңа көргендей, Елбасын орталарына алып шүйіркелесіп сөйлесіп жатыр. Бір әйел далбақтай жүгіріп келіп, Нұрсұлтан Әбішұлына қолындағы құндыз құлақшынды ұсынды. Жұрт та шуылдасып, қуанысып: “Басыңызға киіңіз, басыңызға киіңіз. Өзі арнайы тігілгендей болды ғой, тіпті, шап-шақ”, – десіп жатыр. Президенттің жанында еріп жүрген басшыларға да, жергілікті әкімдерге де түсініксіз жай болды бұл. Көбінің жүректері бүлкілдеп кетті-ау, сірә. Ал шындығында, халықтың Нұрсұлтан Әбішұлына деген ыстық ілтипаты еді бұл. Солтүстік Қазақстанда тұратын қай ұлттың өкілі болса да, Президентке ұлттар мен ұлыстар арасындағы татулықты, достықты қалыптастырудағы үлкен мемлекеттік саясаты үшін риза. Көршілес елдегідей, құдайға шүкір, елімізде қырқыс, жанжал жоқ. Сол пәле болмаса екен, деп тілейді жұрт.
Президент бір жолы Новоникольскідегі “Зенченко и К” шаруашылығында болып, осындағы тұрғындардың ыстық ықыласына бөленгені бар. Олардың негізі – 18 ғасырда қазақ жеріне қоныс аударған казактардың ұрпақтары. Бұлар өздерінің әдет-ғұрыптарын, дәстүрлерін сақтап келеді десем, қателік болмас. Аталмыш елді басқарып жүрген де казак-орыс тұқымынан шыққан Геннадий Иванович Зенченко деген азамат. Оның әкесі – бұрынғы Көкшетау және Солтүстік Қазақстан облыстарында тұңғыш кеңшарларды ұйымдастырушылардың бірі. Міне, “әке көрген оқ жонар” демекші, оның ұлы Геннадий Зенченко да еңбекшілдігімен, ұйымдастырушылық шеберлігімен шын мәнінде халықтың қошеметіне бөленген жан. 2008 жылы Қазақстанның Еңбек Ері атағын Елбасының өз қолынан алған ардақты азамат. Облысымыздың барлық өңірінде дерлік кеңшарлар, ұжымшарлар талан-таражға түскен шақта осы “Новоникольский” кеңшарының мұрты да қисайған жоқ. Бұлардың егіні де өсіп, қорасы малға толып, ауылдың түтіні түзу шығып тұрды. Халықтың тұрмысы жақсарған жерде, олардың әлеуметтік және мәдени жағдайлары да алға басатыны шындық. Казактардың хоры, ән-би ансамблі аудандық, облыстық және республикалық байқаулардың бірнеше мәрте жүлдегерлері атанған. Сонымен қатар, мұнда ат спорты да жақсы дамыған. Осындағы жылқы фермасында асыл тұқымды сәйгүліктер өсіріледі.
Нұрсұлтан Әбішұлының аталмыш селоға ат басын тірегенін естіген, көрген жұртшылық орталық алаңға әп-сәтте-ақ жиналып қалды. Қоңыр күз. Мезгіл түс әлеті болатын. Мұнда бітік өскен егін де жиналып алынған. Тұрғындардың көңіл-күйлері көтеріңкі. Президенттің жиналған халықпен әңгімелері жылышырайлы жағдайда өтіп жатқан. Бір егделеу казак: “Нұрсұлтан Әбішұлы, біздің өтінішіміз бар”, – деді көп ішінен айқайлап. Бәрі елең ете қалысты. “Біз Сіздің ауылымызға келгеніңізге өте қуаныштымыз, құрметті қонағымыз болыңыз”.
– Бұл ұсынысқа мен де қосыламын, дұрыс айтылған сөз, – деді Геннадий Иванович та.
Не керек, Президент қарақұрым халықтың сөзін далаға тастай алмады. Дастарқан мәзірі де дайындалып, ашық аспан астында музыка әуенімен сауық кеші де басталып кетті. Көркемөнерпаздар концертін тамашалаған жұртшылық өздері де қосылып ән салды, биге де кезек берілді. Президент те қарыздар болып қалған жоқ. Өзін қоршап, қаумалаған жұртшылықтың ортасында тұрып домбырамен қазақша, орысша және украинша ән шырқады. Нұрсұлтан Әбішұлы шырқаған әнге қосылған дүйім ел Қызылжар өңірін аспанға көтергендей жадыратып жіберді. Тамаша музыка шалқар даланың көгілдір күмбезінде қалықтап тұр. Геннадий Зенченко Президентке орыс тройкасын сыйға тартты. Жеңіл арбаға жегілген үш сәйгүлік, десе дегендей, көздің жауын алатын әсем жүйріктер. Халықтың қуанышында шек болған жоқ. Дүрілдете қол соғып, Президентті құттықтап жатқан ел-жұрт, Қызылжар өңірінің абыройын асқақтатып жіберген өздерінің басшыларына да ризашылық сезімдерін білдіруде.
Казактардың кең пейіл көңілін, дарқан мінезін көрсетіп тастаған Г.И.Зенченконың ықыласына рахмет айтып тұрып, Нұрсұлтан Әбішұлы қолындағы алтын сағатын шешіп, Геннадий Ивановичке сыйлады. Міне, қазақтың да көңілі дариядай шалқып, арнасынан асып жатады-ау.
Президент қайда болса да, кіммен жүздесіп, әңгімелессе де, алдымен елдің тыныштығын, бірлігін, халықтар арасындағы татулықты алға тартып отырады. Халықтың көкейіндегісі де сол – елдікті сақтау, баянды ету ғой.
Республикамызда әр түрлі ұлттардың өкілдері тату-тәтті, ынтымақта өмір кешуі қазақтардың кеңпейілдігіне де, даласындай дарқандығына да байланысты екені рас. Біз кереметпіз деп кеуде қағып, омыраулап, көрінгенге қоқаңдап жатса, елде тыныштық бола ма?!
“Мәдени мұра” мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында Қызылжардағы ұлттық мәдениет пен тарих үшін ерекше маңызы бар Абылайдың Ақ үйін қалпына келтіру жұмысы Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қолдауымен іске асырылғаны да аса қуанарлық жәйт. Осы ғаламат мұражай кешенін Елбасының өз қолымен ашуы ұрпақтар сабақтастығын еске салған мән-маңызы айрықша, ұмытылмас тарихи оқиға болды. Мұның өзі: “Абылай бұл қалада болмаған, Қызылжар қазақтардың қаласы емес”, деп кезінде шулағандарға мықты соққы болып тигені анық.
Абылайдың Ақ үйі – тек солтүстікқазақстандықтардың ғана емес, бүкіл Қазақстан жұртшылығының бас иіп, тағзым етер, құрмет тұтар, халықтар арасындағы достыққа дәнекер болатын киелі жер, айтулы орда. Президентіміз бұған да керемет көрегендік танытып, бұл ғимараттың құрылысына мемлекет тарапынан қыруар қаржы бөлдіргеніне жаным қалмай қуанған едім. Өйткені, Абылайдың Ақ үйі туралы жас кезімнен кәрі құлақ қарттардан, Жақан Сыздықов, Сәбит Мұқанов, Хамза Абдуллин сияқты үлкен ақын, жазушылардан, Кенжебек Әбішев тәрізді көргені мол, көкірегі ояу жергілікті ақсақалдардан естігенім көп еді. Үйдің орнын ел-жұртқа көрсетіп, насихаттап жүруші едім. Ол туралы шағын поэма да жазғанмын.
Иә, халқымыздың бағына біткен Елбасымыздың ұстамды да, ақылды саясатының нәтижесінде республикамызда, оның ішінде Қызылжар өңірінде де қай салада болсын тамаша ілгері басушылық, өрлеу бар. Егемен ел билігі өз қолына тиісімен Президентіміз облыстың бірінші басшысы кім болуы керектігі мәселесін де көрегендікпен шешіп келеді. Кеңес заманында бір де бір қазақ азаматына Солтүстік Қазақстан облысын басқару бақыты бұйырмай, жергілікті ұлттық кадрлар қағажу көріп келгені мәлім. Қазір, құдайға шүкір, бұл жөнінде еш өкпе-ренішіміз жоқ.
Ендеше, ел сыйлаған еріміз – Елбасымыз барда және Елбасының соңына ерген сенімге лайық, сертіне берік, “бір жағадан – бас, бір жеңнен – қол шығаратын” бірлігі мықты басшы азаматтарымыз барда туған еліміздің жылдан-жылға көркейе беретініне үміт зор. Осылайша ұлы Мағжан арманы орындалып, алаш аты аспанға шыға берсін деп тілеймін Алладан.
Мүтәллап ҚАНҒОЖИН, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы.
ПЕТРОПАВЛ.