Аттай бір жыл үзілістен соң «Astana Musical» мемлекеттік театрының жаңа маусымы «ЕНТ тапсырмаймын!» атты премьерамен ашылды. Драма жанрындағы жаңа туынды белгілі драматург Л.Разумовскаяның «Қымбатты Елена Сергеевна» атты шығармасына негізделген.
Режиссер, театрдың көркемдік жетекшісі Есләм Нұртазиннің айтуынша жаңа туынды өскелең ұрпаққа адамгершілік құндылықтарды насихаттауға бағытталған.
– Қазіргі жастардың түсінігіне сай болуы үшін Л.Разумовскаяның «Қымбатты Елена Сергеевна» атты атақты пьесасын бүгінгі күнге лайықтап, өзгертіп сахналадық. Өткен ғасырдың 80-жылдары жазылған пьесаның мазмұнын жастардың қазіргі өзекті мәселелерімен байланыстыра отырып, қойылымның атауын «ЕНТ тапсырмаймын» деп қойдық. Жаңа форматта өрбіген драма жасөспірімдерді ҰБТ тапсырмауға үгіттемейді. Қойылымның мақсаты – жастарды ессіз әрекеттерден туындайтын күрделі мәселелерден абай болуға, оларға дер кезінде төтеп беруге шақыру және адамгершілік құндылықтарды дәріптеу, – деп жеткізді Есләм Нұртазин.
Қойылымның қалың көпшіліктің көңілінен шыққанын көрермен ықыласы аңғартты. Сенат депутаты, белгілі журналист Дана Нұржігіт өткен дәуір мен бүгінгі шақ өткелдерін салыстыра отырып, биік ұстанымдағы адам болудың қай заманда да маңызды дүние екендігін атап өтті.
– Жалпы, бұл шығарма маған таныс. 1988 жылы шыққан Э.Рязановтың «Дорогая Елена Сергеевна» деген фильмін бәріміз көрдік. Мен ол кезде сол Л.Разумовскаяның пьесасындағы кейіпкерлермен жасты ұрпақтың бір өкілі болдым. Сол уақытта да фильм адамдарға біраз ой салған. Келешегіміз қандай болады, болашақ ұрпақтың мәңгілік құндылықтарға деген көзқарасы мен ұстанымы қандай болады деген сұраққа жауап іздеудің бір жолы осы пьеса арқылы жүрген деп айтқым келеді. Мінеки, 32-33 жылдың ішінде мәңгілік құндылықтар өзгерген жоқ. Мұғалім – ізгіліктің, мейірімділік пен адами құндылықтардың шырақшысы, соның ең биік үлгісі болып қала беру керектігін бүгінгі қойылым тағы бір дәлелдей түсті. Бұл пьеса цифрлы технологиялар келген дәуірде жаңа бір реңк қосқан сияқты. Заман одан сайын қатыгез, талапшыл болып бара жатыр. Сондықтан осы күрделі заманда адам болып қалуды парыз тұтатын, осындай биік ұстанымы бар жастарды тәрбиелеу маңызды. Парасаттың майданында ізгілік үшін күресуге дайын сарбаздар көп болса екен деп тілегім келеді, – деді Дана Нұржігіт. Ал «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ринат Кертаев қойылымда бүгінгі қазақ қоғамында болып жатқан кертартпа дүниелер, көкейкесті мәселелер ерекше көрініс тапқанын, авторлар өзекті дүниелерді үлкен сахнаға сәтті алып шыққандығын жеткізсе, премьераны тамашалауға келген халықаралық журналист, белгілі тележүргізуші Бақыт Шойымбек те туынды мазмұнынан бүгінгі замандастар бейнесіне куә болғандығын атап өтті.
Кәсіби шеберлігімен тәнті еткен белгілі актриса Айнұр Бермұхамбетова басты рөлді сомдаса, оқушылардың образдарын Әділет Абдукадиров, Саят Мақұлбаев Медет Рахымбергенов, Айна Әбдікәрімова, Ардақ Смағұл, Арнат Жамаш, Еркебұлан Серікбай сынды жас актерлер ұсынды. Пьесаны аударған – Есім Сегізбаев, қоюшы-суретші – Ерлан Тұяқов. Пандемия өнерге кедергі емес екендігін тағы бір дәлелдей түскен «Astana Musical» театры әртістері өнерлерін шыңдап, алдағы уақытта көрерменге тағы да көптеген жаңа туындыларды ұсынбақ. Ұйымдастырушылардың айтуынша, ақпан айы қызықты премьераларға толы болмақ!