• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
21 Сәуір, 2010

АЛҒАШҚЫ ТОҚСАН АСУЛАРЫ

590 рет
көрсетілді

Қазақстан экономикасының серпінді даму арнасына қайта түскендігін байқатты Бүгінде әлемнің дуалы ауыз сарапшы­лары, тіпті экономикадан аздаған хабары бар жалпы жұртшылығы Қазақстанның әлемдік қаржы-экономикалық дағдары­сы­на қарсы қабылдаған іс-шараларына ерек­ше жоғары баға беруде. Шын мәнінде жаһанды тұралатқан дағдарыстан Қазақ­стан басқа елдермен салыстырғанда, еш­бір күйзеліссіз шыққанын уақыттың өзі дәлелдеп берді. Мемлекет басшысының көрегендікпен дер кезінде қабылдаған бір­лескен іс-қимыл бағ­дар­ламасының арқа­сын­­да еліміз дағдарыс қиындықтарын же­ңіп қана қоймай, экономи­ка­лық сала­лар­дың бар­лы­ғында дерлік тұрақ­ты­лық пен өсімге қол жеткізді. Дағдарыстың ең ауыр кезеңі болып есептелетін 2009 жылы қол жеткізген осындай ілгерілеушілік елімізді дағ­дарыстан кейінгі 2010 жылы дамудың жаңа асуларына алып шығатын берік тұ­ғыр қалады. Қазақстан биылғы жылы дағ­дарыстан кейінгі ке­зең­де экономикалық қайта өрлеудің әлемдік жаңа үлгісін көр­се­тетін сыңайлы. Оған ағымдағы жылдың алғашқы тоқсанының қорытындысы бой­ынша еліміздің әлеу­мет­тік-экономикалық даму үрдісінде жеткен табыстары дәлел болмақ. 2010 жылдың алғашқы үш айының қорытындысы бойынша экономиканың барлық негізгі салаларында өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда айтар­лық­тай өсім байқалады. Мәселен, бірінші тоқсанда 2009 жылдың бірінші тоқса­нын­дағы көрсеткіштермен салыстырғанда өнер­кәсіп 11,5 пайыз, ауыл шаруашылығы – 2,4, сауда – 11,5, көлік – 5,2, байла­ныс 4,5 пайыз өсімге қол жеткізген. Эко­номиканың барлық саласына салқынын тигізген әлемдік қаржы дағдарысынан кейін бұлайша көтерілу үрдісі басқа ешбір елдің даму тәжірибесінде орын алған жоқ. Міне, осы жайлар кешегі күні Пре­мьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төр­аға­лығымен өткен Үкімет отырысында сөз бол­ды. Үкімет отырысы үстіміздегі жыл­дың бірінші тоқсанының қорытынды­ла­рын арнайы қарады. Онда аталған мәселе бойынша негізгі баяндаманы жасаған Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова­ның айтуы бойынша экономиканың не­гі­зін құрайтын алты саланың, атап айт­қанда, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, сауда, байланыс, көлік және құрылыс сала­­ларының ішкі жалпы өнімінің көле­мі­не сәйкес тұтас экономиканың өсу ин­ди­каторы анықталған. Осы бойынша бі­рінші тоқсанның қорытындысы шығары­лып отыр. Ол еліміздің ішкі жалпы өні­мі­нің нақты өсімі 6,5 пайыз шамасында қалыптасқандығын көрсетеді. Бұл дағ­дарыс кезеңі басталғаннан бері отандық экономиканың қайтадан серпілісті даму арнасына түскендігін білдіреді. Енді аталған салалардың жағдайына қысқаша тоқталатын болсақ, ең бірінші экономиканың өзегін құрайтын өнеркәсіп саласындағы дамудың, былтырғы жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда 11,5 пайызға өскендігін ай­та­мыз. Соның ішінде өң­деу өнеркәсібінің қар­қын­ды екендігі байқа­лып отыр. Бұл саладағы өсім көрсеткіші 18,7 пайызды құрады. Соның ішінде мәшине жасау өндірісінің көлемі 1,8 есе, химия өнеркәсібінің көле­мі 1,5 есе, мұнайды қайта өңдеу өндірісі 25 пайызға, металлургия өнеркәсібінің көлемі 10,5 пайызға өскен. Өнеркәсіптің тағы бір үлкен саласы тау-кен өндірісінде өсім көлемі 7,8 пайыз­ды құрады. Соның ішінде темір рудасын өндіру 27,6 пайызға, шикі мұнай өндірісі 8,4 пайызға, табиғи газ өн­діру 8,2 пайызға артты. Жанар Айтжанова құрылыс саласы мен не­гізгі капиталға жасала­тын инвести­ция­ларға да жеке тоқтала кетті. Бұл жерде атап көрсететін жәйт, жөндеу жұмыс­та­рын жүргізетін компа­ния­лар қызметінің кө­ле­мі былтырғы жылдың бі­рінші тоқса­нымен са­лыстырғанда 1,5 есе ұл­ғайған. Бірінші тоқсанда 1,4 миллион шаршы метр тұрғын үй пайда­ла­нуға берілген. Ал негізгі капиталға салынған ин­вес­тициялар көлемі аз­дап төмендегеніне қара­мас­тан, наурыз айын­дағы көрсеткіш ақпан айына қарағанда 50,5 пайызға ұлғаюы көңілге үміт сезімін ұялатады. Мұнда эконо­ми­ка­ға келген ин­вестициялардың басым кө­лемін кәсіпорын­дар­дың жеке қаражат­та­ры құрағандығын айтуымыз керек. Яғни отандық экономика өзін-өзі қар­жылан­дыру арқылы да­муға айналған. Сауда саласы да жақ­сы даму көрсет­кіш­те­рін көрсеткен. Мы­са­лы, бірінші тоқсанда ішкі саудадағы тауар ай­на­лы­мының көлемі 10,5 пайызға өскен. Бұған дү­кендердегі сауда айна­лы­мының 13,8 пайызға өсуі және жеке кәсіпкерлердің сауда ай­на­лымы 60 пайызға өсуі оң ықпал еткен. Яғни, еліміздің саудасы іштей қайнау үстінде. Бірінші тоқсанда жүк тасымалдау кө­лемі былтырғы жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 13,3 пайыз ұлғайып отыр. Сондай-ақ пошта және курьерлік қызмет 5 пайызға, байланыс қызметтері 4,5 пайызға өскен. Тоқсан қорытындысы бойынша сауда саласында оң сальдо қалыптасуда. Алғаш­қы екі айдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 5,4 миллиард АҚШ долларын құрады. Бұған Қазақстан тауарлары экспортының 60 пайызға өсуі қолайлы әсер етті. Ал шеттен келетін тауарлар импорты 17,7 пайызға қысқара түскен. Аталған жұмыстардың барлығы еліміздің әлеуметтік тұрғыдан дамуына да игі ықпалын тигізді. Халықтың жан басы­на шаққандағы таза табысының орташа көрсеткіші 5 пайызға артты. Орташа ай­лық жалақының көлемі 66,4 мың тең­гені құрады. Үстіміздегі жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақы мен әлеуметтік төлем­дердің өсуі көрініс беріп отыр. Ал үстіміз­дегі жылдың 1 сәуірінен бастап Елбасы­ның тапсырмасымен бюд­жеттік сала қызмет­кер­лерінің жалақысы тағы 25 пайызға артқан­дығы белгілі. Үкімет отырысында екінші болып баяндама жасаған Қаржы ми­нистрі Болат Жәмішев бірінші тоқсанда рес­пуб­ликалық бюджеттің кірісі 981 миллиард тең­гені, ал шығысы 1 трил­лион 400 миллион тең­гені құрағандығын айт­ты. Екінші тоқсанда Кеден одағына қатысты нормативтік-құқықтық база толық қалыптасуы тиіс. Қазынаға кіріс көлемінің барысы сол кезде неғұрлым айқы­ны­рақ бола түседі. Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исе­кешев бірінші тоқсанда барлық облыстар бойынша ішкі жалпы өнім көлемі мен индустрияландыру жо­баларын жүзеге асыруда оң көрсеткіш­терге қол жеткізген­дігін айтты. Әсіресе, Қостанай, Павлодар, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарын­да даму қарқыны жоғары болып отыр. Ауыл шаруашылығы министрі Ақыл­бек Күрішбаев осы саланың бірінші тоқ­сандағы дамуы 2,4 пайызды құраған­дығын атап көрсетті. Соның ішінде мал басының өсімі 2,8 пайыз болса, құс саны 11,4 пайызға артқан. Қайта өңдеу сала­сының жақсы қарқынмен дами баста­ғандығы белгілі бол­ды. Онда өсім кө­ле­мі 11 пайызды құрады. Сондай-ақ еліміздің оңтүстігі мен оңтүстік-шығыс өңірлерінде көк­тем­гі егіс қызу қар­қын­мен жүргізілу үстінде. Сала бойынша өнім­дер­ді әртараптандыру ісіне баса көңіл бөлінуде. Соның ішінде бидай сапасын арттырудың шаралары белгіленген. “Самұрық-Қазына” қорының басшы­сы Қай­рат Келімбетовтің айтуынша, осы қорға тапсырылған жобалар мен жұмыс­тарда даму­дың оң қарқыны жақсы бай­қа­лып отыр. Қазіргі күні Алматыдағы Шы­мбұлақ кешенін нығайту, Қызылор­дадан газ-турбина зауытын салу секілді үлкен жобалар жүзеге асуда. Шағын және орта бизнесті қолдауға 18 миллиард теңге­нің қаржысы бөлініп, екінші деңгейдегі банк­терге орналастырылды. 21 мың адам­ға жұмыс беретін 108 жоба жүзеге асыры­луда. Қазақстандық үлеске үлкен көңіл бөлініп отыр. Қордың барлық тапсырыс­тарындағы оның үлесі 62 пайызды құ­рады. Сонымен қатар, Қайрат Келімбетов басқару тізгіні қорға тапсырылған екінші деңгейдегі банктердің сыртқы қарыздары едәуір мөлшерде азая түс­кендігін мәлім етті. Мәселен, “ТұранӘлем­банк­тің” сыртқы қарызы 11,5 миллиард доллардан 4,4 миллиард долларға дейін, “Альянс­банктің” сыртқы қарыздары 4,5 миллиард доллардан 1,16 долларға дейін төмен­де­ген­дігін жеткізді. Енді “Темірбанктің” қа­рыз­дарын қайта құры­лым­дау жұмыстары жүзеге асуда. Ол аяқталғанда оның қарыз­дары 770 миллион доллардан 61 миллион долларға дейін төмендейтін болады. “ҚазАгро” холдингінің басшысы Асыл­жан Мамытбеков осы холдинг Елба­сы­ның тапсырмасы негізінде 250 мил­лиард теңгенің жұмыстарын жүзеге асыру үстінде екендігін айтты. Соның ішінде 57,7 миллиард теңге тұратын 55 жоба қар­жы­ландырылса, үстіміздегі жылдың жар­ты­жылдығында осының 15-і пайдалануға берілуге тиіс. Сонымен сайып келгенде айтарымыз, Үкімет отырысында қаралған бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойын­ша отандық экономиканың жан-жақты өсу жағдайында екендігі жақсы байқалып отыр. Бұл тоқсанды экономиканы дағда­рыс­тан кейінгі қайта қалпына келуінің бет­бұрысты сәті деп айтсақ та бола­тындай. Отырысты қорытындылаған Үкімет бас­шысы Кәрім Мәсімов бұл тоқсан қо­ры­тын­дысы Мемлекет басшысы Нұрсұл­тан Назар­баев­тың алдағыны күні бұрын ойластырған сая­сатының жемісі екендігін атап көрсетті. Бізде дағдарысты кезеңдегі арпалысты шақтар­дың өзінде дағдарыстан кейінгі кезеңге қажетті шаралардың барлығы ойластырылғандығын айтып өтті. “Енді бізге осы қарқынды бәсеңсітпеу ке­рек. Барлық бағыттар бойынша қар­қын­ды сақ­тай отырып, алға басуымыз керек”, деген Пре­мьер-Министр ендігі ке­зек­те денсаулық сақтау мен білім беру салаларындағы бағдарламаларды әзірлеп, іске қосу қажеттігін, осы мәселе бойынша жобаны әзірлеу сеніп тапсырылған ми­нистрліктердің облыс әкімдерімен бірлесе отырып, бұл бағдарламаларды жергілікті жерлерде кең көлемді талқылауы қажет­тігін айтты. Сонымен қатар, Үкіметтің келесі селекторлық кеңесі халыққа қызмет көрсету орталықтары мен “Жол картасы­ның” жүзеге асуын қарайтын болады. Үкімет басшысы осы мәселелерге тыңғы­лықты әзірленуді тапсырды. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Үкіметтің алдына бұл жаһандық дағда­рыс­тан абыроймен шығып қана қоймай, елі­мізді таяу болашақта серпінді даму бас­пал­дақтарына көтеретін алғышарттар жа­сау міндетін қойғандығы белгілі. Үсті­міздегі жылдың І тоқсанындағы отандық экономиканың даму серпінінен Мемлекет басшысының уақыт тынысын қалт жібермей, тап басатын тамаша қасиеті тағы бір көрініс берді. Дағдарыстан кейін­гі бірінші жылдың алғашқы тоқсанының қорытындыларының өзі-ақ “Дағдарыспен күрес стратегиясының”, “Жол картасы­ның”, “100 мектеп, 100 аурухана” бағдар­ламаларының нақты жемісін көрсете бастады. Экономиканың өнеркәсіп, қайта өңдеу, ауыл шаруашылығы, көлік сала­лары сияқты негізгі бағыттарының жыл басының өзінде межелі биіктерден көрінуі Елбасының бастамасымен өткен кезеңде ел экономикасын жедел де батыл тұрақтандыру­дың жемісі екені даусыз. Жақында Елбасының Жарлығымен 2010-2014 жылдардағы үдемелі индустрия­лық-инновациялық даму жөніндегі мемлекеттік бағдарлама бекітілген бола­тын. Күні кеше ел Үкіметі осы бағдар­ла­ма­ны іс жүзіне асырудың нақты шара­ла­рын белгіледі. Нақ осы шаралар шең­бе­рінде жасалған “Индустрияландыру кар­та­сына” жалпы құны 7,4 триллион теңгені құ­райтын 240 ірі жоба енгізілді. Бұл – ел эко­номикасының серпінді дамуына жаңа қарқын беріп, жүз мыңдаған адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етеді деген сөз. Бұл – жаңа экономикалық өрлеу жо­лындағы Қазақстанға жаңа мүмкіндіктер ашады деген сөз. Сұңғат ӘЛІПБАЙ, Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.