Эпидемиялық жағдай матрицасына сәйкес Қазақстан орташа қауіпті аймақтан тәуекелі төмен аймаққа ауысты. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлім етті.
Елімізде 10 ақпандағы жағдай бойынша жалпы 198 086 науқас COVID-19 індетін жұқтырған. Бүгінде инфекциялық төсек орындарының 26 пайызында науқас бар, реанимациялық орындардың 18 пайызында пациент жатыр.
«Осы аптада эпидемиялық жағдайдың матрицасы бойынша Қазақстан орташа қауіпті аймақтан тәуекелі төмен аймаққа өтті. 3 өңір – Ақмола, Павлодар облыстары және Нұр-Сұлтан қаласы «қызыл аймақта» тұр. «Сары аймақта» – 3 өңір – Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары бар. Қалған 11 өңір – «жасыл аймақта. Шекара маңы аудандарында эпидемиялық жағдайдың тұрақтануына байланысты 2021 жылғы 2 ақпаннан бастап ел аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның шешімімен Қазақстан Мемлекеттік шекарасын кесіп өту тәртібіне бірқатар жеңілдіктер енгізілді», деді министр.
Қазақстан азаматтары үшін, сонымен бірге шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар үшін де шекараны кесіп өту жиілігі 3 есеге ұлғайтылды. Ерекше жағдайларда: емделуге, оқуға бару, қызметпен, отбасы мүшелерін жерлеуге баруға, отбасындағы жағдайы ауыр науқасқа күтім жасау, жолаушы тасымалы, халықаралық тасымал үшін шектеу жоқ. Қазақстан Үкіметінің шешімі бойынша тікелей әуе қатынасы қайта қалпына келген (тұрақты, тұрақты емес чартерлік рейстер) мемлекеттерге шетелдіктердің шығуына, Қазақстан аумағына кіруіне, транзитпен өтуіне рұқсат етіледі.
Сонымен қатар министр «Ashyq» қосымшасы 13 мыңнан астам бизнес субъектісінің қызметін қайта қалпына келтіруге көмектесетінін атап өтті.
«Коронавирус пандемиясы басталғаннан бері бүкіл әлемдегі бизнестің жұмысына шектеу қойылды, кәсіпкерлерге табыс кірмей қалды. Бұл біздің елге де қатысты. 13 мыңнан астам бизнес субъектісі әлі күнге дейін қызметін қайта бастай алмай отыр. «Атамекен» ҰКП-ның қатысуымен бизнес қауымдастық Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің (Гонконг, Сингапур, Малайзия) тәжірибесін ескере отырып, «АSHYQ» жобасын іске асыруды ұсынды», деді А.Цой.
«Ashyq» мобильді қосымшасын «Атамекен» ҰКП, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі және Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырысы бойынша отандық IT-компания әзірлеген. Бүгінде қанатқақты режімде «АSHYQ» қосымшасы Алматы, Нұр-Сұлтан және Қарағанды қалаларында қызмет көрсетуге рұқсат етілген нысандарда (фитнес-орталық, спа-орталық, бассейн, монша, кинотеатрлар) іске қосылды. Қазір 40 нысан «Ashyq» пилотына ерікті түрде қатысуда. «Ashyq» мобильді қосымшасы QR-код арқылы және Денсаулық сақтау министрлігінің ортақ базасымен интеграциялау арқылы келушінің мәртебесін, оның вирус тасымалдаушысы емес екенін анықтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ нысандардың келушілерді қабылдауға әзірлігін және олардың санитарлық талаптарға сәйкестігін көрсетеді.
«QR-код тек бизнес субъектілеріне беріледі. Келуші «Ashyq» мобильді қосымшасын өз телефонына жүктеп, телефон нөмірі бойынша авторизациялаудан өтуі және мекеменің QR-кодын сканерлеуі қажет. Түстерге бөлу әлеуметтік желілерде талқыланғандай, адамдардың жеке өмірін бақылауға арналмаған. Бұл науқасты анықтайды немесе адамның карантиндегі пациентпен жақын байланысы бары-жоғын көрсетеді. «Аshyq» мобильді қосымшасын әркім өз еркімен қолданады және ол қауіпсіз орта қалыптастыруға, келушілерді вирус жұқтыру, індеттің таралу қаупінен қорғауға бағытталған, сондай-ақ бизнеске карантин кезінде қызметін жалғастыруға мүмкіндік береді», деп түсіндірді А.Цой.
Жиын барысында ведомство басшысы вакциналауға да тоқталып, 10 ақпандағы жағдай бойынша 13 301 медицина қызметкері екпе алғанын айтты.
«Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қазақстанда 1 ақпанда Ресейде шығарылған «Спутник V» вакцинасымен КВИ-ге қарсы вакциналау басталды. Вакциналау барлық өңірде жүруде, 778 егу пункті ашылды, олардың 166-сы қазір іске қосылды, барлығы тоңазытқышпен қамтамасыз етілген. 9 мыңнан астам медицина қызметкері оқытылды», деді министр.
Вакциналауды бірінші болып инфекциялық стационар, жедел медициналық көмек, сондай-ақ КВИ-мен сырқаттанудың жоғары қаупі бар басқа да бейіндегі медицина қызметкерлері алады. Одан кейін қатарға педагог, күш құрылымдарының қызметкерлері қосылады. Вакцинаның қорғау әсері бірінші дозадан соң 12-14 күннен кейін байқалады, бірақ толық иммунитет қалыптасу үшін екі доза қажет, екпені араға 21 күн салып қайталау ұсынылады. Толық курстан кейін 1,5 ай ішінде ағзада иммундық реакция пайда болады, осыған байланысты егілген адамдар профилактика шараларын сақтауы қажет.
«Вакциналау жоспары бірнеше рет айтылды. Қазақстанда Қарағанды фармацевтикалық кешені шығаратын «Спутник V» вакцинасын жеткізу және пайдалану жоспарлануда. Қазірдің өзінде 90 мың доза көлемінде бірінші партияның өндірісі басталды, ол Бірыңғай дистрибьютордың қоймаларына және одан әрі өңірлерге ақпан айының соңына қарай жөнелтіледі. Шілде айына дейін өндіріс көлемі 2 млн дозаға жетеді», деді министр.
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой вакциналаудың маңызына тоқталып, оның 400 жылдан астам уақыт бойы адамзатты шешек, оба сияқты қауіпті, өлімге әкелетін аурулардан қорғап келгенін айтты.
«Соңғы 30 жылда эпидемиялық паротитпен сырқаттанушылықтың 870 еседен артық төмендегені, халық арасында «В» вирустық гепатитімен сырқаттанудың 150 есеге, көкжөтелмен сырқаттанудың 7,3 есеге төмендегені байқалды. Қазіргі уақытта полиомиелит, дифтерия, сіреспе, қызамық сияқты инфекциялар ұмытылған. Сондай-ақ халық арасында «коронавирус инфекциясымен ауырып шыққан дұрыс» деген пікір бар, бірақ оның иммундық жүйеге және созылмалы аурулардың өршуіне әсер ететін, «ковидтан кейінгі» асқынулар болатынын, өкпе, бауыр, жүрек сияқты өмірлік маңызды ағзалардың функциясы бұзылатынын еске салғым келеді. Қалпына келу процесі өте қиын. Көп жылдық тәжірибе көрсеткендей, вакциналау – әлемде аурулардың таралуының алдын алудың барынша тиімді құралдарының бірі», деді А.Цой.