Нұр-Сұлтан қаласында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өту аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ұйымдастырылған «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасы басталды.
Аймақтар донорлар мен меценаттар кездесуіне бейнебайланыс арқылы қосылды. Сондай-ақ аталған кездесу Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің әлеуметтік желідегі парақшасында тікелей эфирде көрсетілді. Іс-шараға Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, бизнес және үкіметтік емес сектор, қайырымдылық және еріктілер ұйымдары өкілдері, атап айтқанда, «Aitas KZ» АҚ президенті Ксения Верба, «Altyn Qyran Foundation» қорының директоры Мақсұтбек Айтмағанбет, Қазақстанның волонтерлер лигасының төрайымы Айсұлу Ерниязова және басқалар қатысты.
Өткен 2020 жыл «Волонтер жылы» деп жарияланып, барша қазақстандықтарды қайырымды істер аясында біріктірді.
«Бүгінгі таңда еліміздегі волонтерлер саны 100 мыңға жуық адамды құрайды. Олар үшін адамдарға көмек беру – тек жоғары гуманистік әрекет емес, өмірдің нормасы мен жан қалауы», деді А.Балаева.
Қатысушылар қайырымдылық бастамалар, еріктілер қызметін дамытудағы бизнестің рөлі, донорлық қызметтегі халықаралық тәжірибе, қоғамның әлеуметтік маңызды мәселелерін шешуде азаматтық белсенділіктің рөлі, қазақстандық волонтерлік тәжірибе туралы ойларымен бөлісті. Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының басшысы Лима Диас «Қайырымды істер марафоны» ұлттық жобасымен таныстырды. Атап айтқанда, білім беру мекемелерінде (мектеп, колледж, университет) сынып сағаттары, онлайн-тренингтер мен фандрайзинг, корпоративті волонтерлік бойынша шеберлік дәрістері өтеді. Марафонға барлық қазақстандық, оның ішінде мемлекеттік және қоғамдық ұйымдар, бизнес өкілдері, білім беру мекемелері қатыса алады.
Талқылау барысында корпоративті сектордың өкілі Әсел Қожақова БАҚ өкілдерін марафон шаралары туралы ақпараттандыруда белсенді қатысуға, адамдарды жақындары мен мұқтаж адамдарға жақсылық жасауда ақпараттық түрткі болуға шақырды. Кездесу барысында пікір алмасуға Батыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеев те қосылып, «Қайырымды істер марафоны» шараларына шетелде тұратын отандастарды тартуды ұсынды.
А.Балаева өзінің қорытынды сөзінде барлық азаматтық қоғам институттарына жергілікті жерлерде белсенді болып, бүкілхалықтық игілікті істерге өз үлестерін қосуға шақырды. «Мен меценаттық қызметті жүзеге асыратын барлық кәсіпкерлерге қоғамдық және азаматтық бастамаларды белсенді түрде қолдауға шақырамын», деді министр.
Қатысушылар қоғамды осы жоба аясында біріктірудің маңыздылығы мемлекет пен қайырымдылық ұйымдарының өзара тығыз әріптестігінде екенін атап өтті.