Адамзатты түрлі індеттерден екпелер құтқарса-дағы, пандемияға қарсы жүргізіліп жатқан вакциналауға қатысты алып-қашты әңгімелер мен жұртты мазалайтын сауалдар да жеткілікті.
Вакциналанғандар қандай шараларды сақтауы керек, екпе алған кезде нені ескеруі керек, иммунитет қалай қалыптасады? Осы және COVID-19-ға қарсы вакциналауға қатысты басқа да сұрақтарға Алматы қаласы №20 қалалық емханасы бас дәрігерінің орынбасары Маржан Әлиева Алматы ӨКК онлайн-сұхбаты барысында жауап берді.
Еске сала кетейік, 2021 жылдың ақпан айынан бастап Алматыда COVID-19 вакциналауы басталды. Бірінші компонентті вакциналаумен медицина қызметкерлері қамтылды.
– Вакциналау бізде ғана емес, бүкіл әлемде жүргізіліп жатыр. АҚШ-та вакциналау қарқынын ұлғайтып, халықтың көп бөлігін қамтымақ. Израильде қала билігі мұғалімдерге міндетті вакциналау мен мектепке тек COVID-19 екпесін алғаннан кейін ғана келу шартын қойды, – дейді маман.
Дәрігер әлемдік тәжірибеде эпидемияға қарсы вакцина індеттен құтылудың жалғыз құралы екенін дәйектеуге ұмтылды. Халықты коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинациялау кезең-кезеңімен жүргізіледі.
Сонымен I кезеңде инфекциялық ауруханалардың, жедел медициналық жәрдемнің, РҚТБ, АМСК медицина қызметкерлерін, ауруханалардың қабылдау бөлімдерінің, санэпидқызмет қызметкерлерін – 2021 жылғы 1 ақпаннан бастап 100 мың адамды вакцинациялау жоспарланып отыр.
Наурыздағы II кезеңде – жалпы білім беретін мектептердің, АОББҰ-ның, ЖОО педагогтері, ведомстволық медициналық қызметтердің медицина қызметкерлерінен 150 мың адам қамтылады.
Биылғы сәуірдегі III кезеңде – мектеп-интернат педагогтары, МДББМ, студенттер, созылмалы аурулары бар адамдар – 600 мың адам екпе алады.
Мамырдағы IV кезеңде – ІІМ, ТЖМ, ҚМ, ҰҚК қызметінің қызметкерлері, басқа стационарлардың медицина қызметкерлері, МДББМ персоналы және созылмалы аурулары бар 600 мың адам алады.
Ал маусымнан бастап V кезеңде медициналық-әлеуметтік мекемелердің контингенті мен персоналы, балаларға арналған жабық мекемелердің қызметкерлері мен созылмалы аурулары бар 600 мың алматылық егіледі.
VI кезеңде – тәуекел тобынан қалған контингенттен 2021 жылғы шілдеден желтоқсанға дейін 600 мың адам қамтылуы керек.
Осыған орай, халық арасында жұртты үрейлендіріп, үркітетін жағдаяттар орын алмауы үшін арнаулы маман ең жиі қойылатын сұрақтарға жауап берді.
– Вакцинаның тиімділігі қандай? Егілгеннен кейін де коронавирус жұқтыру бар ма?
– Зерттеулерге сәйкес, «Спутник V» вакцинасының COVID-19-ға қарсы тиімділігі 91,6%-ды құрайды. Бұл көрсеткішті есептеу «Спутник V» вакцинасының бірінші және екінші инъекциясын немесе плацебо алған 19 866 ерікті бойынша деректер негізінде жүргізілді – қорытынды бақылау кезеңінде COVID-19 расталған 78 жағдай тіркелді. «Спутник V» вакцинасының тиімділігін зерттеу нәтижелері салыстырмалы халықаралық бағалаудан өтті. Алынған мәліметтер «The Lancet» журналында жарияланды. Сондай-ақ вакциналау бізді короновирус инфекциясының ауыр түрін жұқтырудан қорғайды. «Спутник V» вакциналауынан кейінгі иммунитет шамамен 1 жылға дейін сақталады. Қазір коронавирус вакцинасы қауіпті болуы мүмкін деп болжауға негіз жоқ. Теориялық тұрғыдан алғанда, бұл жағымсыз реакцияны тудыруы мүмкін, бірақ оның ықтималдығы өте аз.
– Ресей ғалымдары «Спутник V» 1 және 2 типті қант диабеті бар адамдар үшін қауіпсіз деп хабарлады. Алматыда диабетпен ауыратындар вакцина ала ма, әлде ауру әлі де вакциналауға қарсы көрсетілімдер тізімінде ме?
– ДСМ 21.10.2020 жылғы «Профилактикалық егулер жүргізуге медициналық қарсы көрсетілімдер тізбесін бекіту туралы» бұйрығында қант диабеті вакциналау үшін қарсы көрсетілім болып табылмайды.
– Бұған дейін гормондарды қолдану қарсы көрсетілімдердің бірі деп айтылды. Жүктіліктен қорғайтын контрацептивтерді ішетін әйелдер қалай вакциналанады?
– Әртүрлі патологияларда стероидтерді, сондай-ақ иммуносупрессивті қасиеттері бар басқа препараттарды қолдану сала мамандарының қорытындысынан кейін көрсетілген.
– Күнтізбе бойынша жоспарлы иммундау сол көлемде өтіп жатыр ма? COVID-ке қарсы және жоспарлы вакциналауға медициналық қызметкерлер жеткілікті ме?
– Иммундау жоспарға сәйкес және вакциналауды оқыған медицина мамандары жүргізеді. Вакциналау үшін емханада екі егу кабинеті, екі дәрігер, екі вакцинатор-медбике және екі тіркеуші дайындалды. Егу кабинеті санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес келеді. Медициналық қызметкерлердің жетіспеушілігі жоқ.
– Емханаға вакциналауға кезекке тұруды сұрап, қоңырау шалған адамдар көп пе?
– Емхананың call-орталығының нөмірлеріне вакциналау туралы түрлі сұрақтармен қайта-қайта қоңыраулар түсіп тұрады.
– Вакциналаудан кейін адамдарға қандай ұсыныс берер едіңіз?
– Бұл жағдайда барлық процедуралар мен дәрі-дәрмектерге рұқсат етілмейді. Вакциналаудан кейін дәрігермен байланыста болу керек. Вакциналау орнының қызаруы, ісінуі, ауыруы кезінде антигистаминді препараттарды қабылдаңыз. Вакциналаудан кейін дене қызуы көтерілгенде дәрігердің тағайындауы бойынша стероидсыз қабынуға қарсы дәрілерді қабылдау қажет.
– Бәріміз де вакциналаудың маңызын білеміз және түсінеміз. Бірақ, соған қарамастан, әлеуметтік желілерде кейбір аңыздар таралып кеткен. Қайсысы шындыққа жанаспайды?
– Денсаулық жайлы сөз қозғалған жағдайда барлық жаңа нәрсеге ел күдікпен қарайды. Адам тексерілмеген заттан қорқады және өзі арқылы препаратты бірінші болып сынаушылардың қатарынан болғысы келмейді. Бұл топ вирустың қауіпті екеніне сенбейтін коронаскептиктер категориясымен біріктірілген. Тағы бір мотив белгілі бір вакциналаудың белгілі бір қауіптілігі бар деген кейбір адамдардың сенімділігімен, вакциналаудың зиян келтіру үшін тікелей алдау болуы мүмкін деген күдікпен байланысты.
Вакциналаудан бас тартудың себептері туралы ашығынан сұраған кезде олар: «бұл чиптеу», «мен вакциналау түрінде не жасалатынын білмеймін» деген сияқты жауаптар береді. Барлық ықтимал жанама әсерлерді болжау үшін ғалымдар кішігірім сынақтардан бастайды: алдымен үлгілерді зертханаларда сынайды, жануарларға, содан кейін барып адамдарға сынайды. Мысалы, Pfizer және BioNTech вакцинасы жағдайында сынақтарға 40 мың адам қатысты. Бұдан басқа, алынған нәтижелерді қосымша тексеруді реттеушілер жүзеге асырады – мысалы, дәрілік заттар мен медициналық тауарларды реттеу жөніндегі британдық агенттік (MHRA), тамақ өнімдері мен дәрі-дәрмектердің сапасын санитарлық қадағалау жөніндегі америкалық басқарма (FDA) немесе Ресей жағдайында денсаулық сақтау министрлігі.
– Екпе қабылдаған адам басқа адамнан ауру жұқтыруы мүмкін бе? Егер вакцина салдырған адам сақтану шараларын ұстанбаса не болады?
– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мамандары бірінші екпе жасалғаннан вакциналаудың екінші кезеңіне дейін басқа адамдармен байланысты мейлінше азайтып, барлық санитария ережелерін сақтауы қажет екендігін де атап өтуде. Иммунитет біртіндеп қалыптасады, сондықтан осы екі кезең аралығында адам әлсіз, қорғалмаған болып саналады. Ол коронавируспен ауыруы бек мүмкін.
– Вакциналау жасалғаннан кейін адам профилактикалық шараларды ұстанбаса да болады деген сөз айтылып жүр. Осы көзқарас қаншалықты дұрыс? Вакцина алған адамдардың не істемегені дұрыс?
– COVID-19-ға қарсы вакцина, екпе қабылдаған адамның бетперде тағуға, қолғап киюге, әлеуметтік арақашықтықты сақтауға деген қажеттіліктердің күшін жоя алмайды. Вакциналаудан кейінгі үш күнде инъекция жасалған жерге су тигізбеген, монша, сауналарға бармаған, алкоголь ішпеген, денеге күш түсірмеген жөн.