1995 жыл. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін тәуелсіздігіміздің елең-алаң шағында жаппай орын алған әлеуметтік-экономикалық қиындықтар Қызылжар өңірі тұрғындарының да қабырғасын қайыстырып, еңсесін езіп жіберген болатын.
Солтүстік Қазақстан облысының сол кездегі әкімі Владимир Гартман мәслихаттың кезекті бір сессиясында есеп беріп: «Жылу жоқ, газ жоқ, көмір жоқ, ақша жоқ, қайдан алуды білмейміз», деп сөзді көбейте бастағанда халық атынан депутаттық мандаты бар Мәлік Мұқанов ағамыз орнынан атып тұрып: «Онда сіз бұл жерде не қылып тұрсыз? Бұл сөзді бізге сол ТЭЦ-тің кочегары да айтып берер еді ғой. Ал халықты қараңғылықта тоңдырып, жауратып отырған, қолынан түк келмейтін сіздердей басшыларды соттау керек», деп жерден алып-жерге салған.
Турашыл, кесек мінезді, ер тұлғалы Мәлік Мұқанов, міне, осындай ел елеулісі, халық қалаулысы болатын. Оның азан шақырып қойған есімі – Майдан. Атына затына сай ірілік, күрескерлік көрсетіп, саналы ғұмыры мылтықсыз майдан алаңында, саяси сахнада өтті. Қатарластары әлі күнге дейін «Шынында да, ол Майдан десе Майдан еді» деп еске алады. Құрдастары көзі тірі кезінде ойын-шыны аралас «Котовскиймен тұстас болсаң, сен де революционер болар едің» деп оның болмысына біткен күрескерлігіне таңданатын еді. Бүгінге дейін оның алмас қылыштай қиып түсер өткірлігін, шыншылдығын, ешкімнен қаймықпайтын өжеттігі хақында тұрғыластары да, қаламдас әріптестері де, теріскейде тіл-діл үшін күресте аға, үлгі тұтқан інілері де аңызға бергісіз әңгіме айтудан жалықпайды. Осы орайда ардагер журналист Болат Қожахметовтің Мәлік Мұқанов жайлы айтқан бір естелігі ойыма оралып отыр.
«Сексенінші жылдардың таусылар тұсы еді. Жайнап тұрған жаз айы болатын. Одан кейін аты екі рет өзгерген саяси оқу үйінің алды. Рұқсатсыз митинг өткізуге жиналған казактар осы үйдің алдындағы оның енімен бірдей құла-дала тас баспалдақты лық толтырды. «Казактар митинг өткізгелі жатыр» деген суыт хабарды ести сала жүгіре басып, жетіп келген біз, бір топ жігіт «жотаға» өкше тиізе алмай, төменірек тұрмыз. Бір кезде баспалдақтағылардың біреуі өзімен бірге ала келген КСРО-ның етектей қызыл туын желбіретіп қадай бастады. Оны бәріміз де бірден байқадық. Ал Мәлік болса, біздей ойланған жоқ: жетіп барып, қызыл туды жұлып алды да, лақтырып жіберді. Абырой болғанда, едірейген казактар туға жармаспады. Мәлікке де тарпа бас салмады. Құдай сақтады әйтеуір! «Әр дәуірдің өзінің қол бастаған немесе сөз бастаған бетке ұстарлары болады ғой. Мәлік ХХ ғасырдың бас кезінде өмір сүрсе, Алаш арыстары сынды күрескер болмай қоймас еді».
Еліміз өз егемендігі мен тәуелсіздігін жариялаған тоқсаныншы жылдардың басында Қызылжар өңірінде саяси жағдай күрт шиеленісіп, жар астынан шыға келген жау пиғылды базбіреулердің қос азаматтық, қос мемлекеттік тіл, автономия құру мәселелерін көтеріп, елді дүрліктіргені мәлім. Сол сындарлы, алмағайып кезеңде қайратты қалам иелері парыз бен парасат биігінен көрініп, жұртшылықты сабырға шақырып, арандатушылардың арам ниеттерін әшкерелей тойтарыс беріп отырды. Бұл ретте, әсіресе, екі тілге бірдей жетік дарынды көсемсөзші Мәлік Мұқановтың орыстілді оқырман қауымға ой салатын, ұлт араздығын қоздырушы әзәзілдерді оңдырмай әшкерелейтін, кешегі Кеңес империясын көксеушілерді тәубеге шақыратын бірнеше көлемді мақаласы қызылжарлықтардың айрықша назарын аударды. Әсіресе, 2000-2003 жылдар аралығында «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі бола жүріп, өңірдегі ұлттық мәселелерді сол бір әрі-сәрі кездің өзінде кемеріне келтіріп, келістіре жазған мақалаларын жұрт іздеп жүріп оқитын. Себебі шырылдаған шындықты ақмылтық Мәлік аға бас газеттің бетінде тайсалуды білмейтін бел баладай тіке айтушы еді.
Көктемгі, күзгі науқандарды қағаз жүзінде аяқтап, жалған ақпар беретін аудан әкімдерін әшкерелейтін болашақ мақалаларының материалдарын жинарда жергілікті телерадиокомпанияның сол кездегі басшысы Кәрібай Мұсырманға хабарласып, көлік сұрап алады екен. Әкімдердің жалған ақпаратын дәлелдермен айпара қылу үшін қасына телерадиокомпанияның операторы мен журналисін де қосып алып, фактілерді бейнетаспаға жаздырып алады. Басылымның бетіне Ауыл шаруашылығы министрлігінің, Бас прокурордың назарын аудартуға бағытталған мақалалары жарқ етіп жарияланып, кінәлілердің сазайын тарттырып, шарасыздардың айызын қандыратын. «Көш көлікті. Ал басқасы ше?!», «Қыс келіп қалды. Оралмандар баспанасыз отыр» деген мақалалары қоғамдық дүмпу туғызғаны ел есінде. Бұл мақалаларға еліміздің сол кездегі Үкімет басшысы назар аударып, онда көтерілген мәселеге орай шара қолданғаны да жұрттың жадында болар.
Мәлік Мұқанов қалай жазса да, сөйлесе де мергеннің оғындай дөп тигізетін. Оның өткір сындары жауын найзасымен жұлып түсіретін баяғының батырларын көз алдымызға елестететін. «Қазақстанның Бас прокуроры назарына» айдарымен жарияланған «Жер беріп, ұлын жарылқаған әкім Дмитриенко қашанғы тайраңдайды?» деген мақаласының арқасында әділдік орнап, кінәлілер қызметінен кеткенін жалпақ жұрт біледі.
Журналистиканың қыр-сырын терең меңгерген Мәкеңнің жазуынан ұшынған пәле іздеп жанығатын залымдардың өзі уәж таппай діңкелеуші еді. Мұқалмас жігерден жаралған Мәлік аға нысанаға алған тақырыбын жеріне жеткізіп жазып қана қоймай, сынға құлақ аспайтын құрдымдармен заң алдында жүздесіп, сотта талай жеңген кездері болған.
Қаламының қуатын ұлттық, проблемалық жайттарға арнаған Мәкең саяси күрес алаңына шыққанда кейбіреулер құсап жалған бедел, арзан ұпай алу мақсатын емес, елдік мәселелерді ту етіп көтеріп, биік мінберлерден білікті ұсыныс-ойлар айтуымен ерекшеленетін. Озық ой, орынды ұсыныс толы тұжырымдарын қалам шеберлігімен жеткізіп, аймақтағы көп кемшіліктерді жоюға баламалы жол табу мақсатын көздеген талай мақалалары жарияланып жатты. Қазір бас газеттің сол жылдары шыққан сандарын парақтап отырып, көзбен көрмесем де, аға буынның айтуымен сұлбасы сызылған Мәлік Жақыпұлының бейнесі айқындала түскендей. Өршіл рухқа толы болмыс-бітімі, ұлттық мүдде сынға түскенде ешнәрседен де тайсалмайтын жүрек жұтқан батыр мінезі, шынында да, үзеңгілес әріптестері айтса айтқандай екен.
Турашылдық туғаныңа да жақпайды. Нобель сыйлығының лауреаты Габриэль Маркес айтқандай, сүліктей сорып алатын журналистиканың жүгін арқалап, журналист ретінде жарқырап көрінген Мәлік ағамызға көзі тірісінде екі марапат қана бұйырыпты. Журналистер одағының сыйлығы осы саладағы қажырлы еңбегі үшін тапсырылыпты. Тәуелсіздікті нығайту жолында қаламымен қайрат көрсеткен Мәкеңнің төсіне мерекелік медальды «Егемен Қазақстан» газетінің басшылығы тағыпты. Әрине, ең зор марапат – халықтың құрметі! Қазағын сүйген, оның әрбір жетістігіне қуанатын, кемшілігіне күйінетін адами қасиеттерді бойына сіңірген азаматтың жылдар өтсе де жадымыздан өшпеуі – осының айғағы.
Арайлым Бейсенбаева,
журналист
Солтүстік Қазақстан облысы