КОРЕЙ КЕРЕМЕТІНІҢ БІР СЫРЫ ОСЫНДА ЖАТЫР
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Корея Республикасына сапары екі елдің байланысын стратегиялық деңгейге көтеріп, Қазақстанға инвестиция арнасының өсе түсуіне жол ашты.
Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Корея Республикасына мемлекеттік сапарының аясында екіжақты маңызды құжаттарға қол қойылғанын кешегі нөмірге жолдаған мақаламызда жазғанбыз. Сол құжаттардың бірі – Қазақстан Республикасының Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі мен Кореяның Білім экономикасы министрлігі арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық жайындағы меморандумға Қазақстан жағынан Премьер-Министрдің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев, Корея жағынан Білім экономикасы министрі Чой Киан Хва қол қойған тұста бұл елдегі министрліктің өзгешелеу атына еріксіз назар аударғанбыз.
Білім экономикасы министрлігі... Осы сөз тіркесін естігенімізде жақында қолымызға тиген Андрей Ланьковтың “Быть корейцем...” деген кітабы ойға оралған. “Корейлер қазірше біздің қолымыздан келмей тұрған нәрсені жасай алды. Өмірімізге “Daewoo”, “Samsung”, “LG”, “Нyundaі” деген сөздер байқатпай еніп барады... Оңтүстік Корея біздің өз ортамызда біздің өзімізге байқалмай-ақ өмір сүріп жатыр. 25 жылдың ішінде қайыршылықтан қазіргі өркендеген өмірге секіріп өтіп, ерлік жасаған елдің тұрғындары туралы тіпті мардымсыз білеміз. “Корей экономикалық кереметі” туралы дұрыстап естіп-білген кім бар бізде? Бұл кереметтің басты құпиясы корейлердің өзі болса, олар қандай адамдар сонда?” – кітап аннотациясында осылай жазылыпты. Расында да, корейлер кереметінің көп сырының бірі осы білім экономикасында жатыр.
Білім экономикасының бастау-бұлағы, әрине, білімнің өзі, ғылымның көзі. Сондықтан да Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздіктің таңсәрі шағынан бері білімнің болашағын ұлтымыздың болашағы деп санап, осы салаға ерекше қамқорлық жасап келеді, жұртқа жалақы жеткізудің өзі түйінді мәселеге айналған ана бір ауыр жылдардың өзінде “Болашақ” бағдарламасын жасатып, жастарымызды шет елдерде оқытуды қолға алған болатын. Сондықтан да Президент жаңа технологиялардың небір кереметімен адамзаттың аузын ашқызумен келе жатқан Кореядай елге келіп тұрып, осындағы жоғары оқу орындарының жай-күйімен жақынырақ таныспай кетуді орынсыз деп санапты. Біздің Елбасымыздың жаңалыққа құштарлығын, жастарға қамқорлығын бағалаған корейліктер де Нұрсұлтан Назарбаевқа өздерінің ілтипатын білдіруді орынды көріпті. Сапар бағдарламасы тағы бір күнге ұзартылғанын біз кеше таңертең елге қайтуға жиналып жатқанда бір-ақ естідік. Кешегі нөмірге жолданған мақаланы “Ең маңыздысы – Қазақстан Президенті екіжақты келіссөздер біздің мемлекеттеріміздің қарым-қатынастарын жаңа деңгейге – стратегиялық әріптестік деңгейіне шығарып бергенін қадап айтты. Таңғы шық еліндегі екі күндік сапардың басты қорытындысы да міне осы”, деп тиянақтап жүргеніміз де сондықтан болатын. Сонымен, бұл сапар біз жазғандай екі күндік емес, үш күндік сапар болып шықты.
Нұрсұлтан Назарбаевтың Корея Республикасына мемлекеттік сапарының үшінші күніндегі алғашқы іс-шара кеше таңертең Корей университетінің ұжымымен кездесу болды. Кездесудің басында университеттің ғылыми кеңесі Нұрсұлтан Назарбаевқа Құрметті ғылым докторы атағын беру жөнінде бірауыздан шешім қабылданғаны жария етіліп, ректор хаттамаға сәйкес доктор мантиясын Елбасымызға кигізді, университеттің алтын төсбелгісін тақты. Құттықтау сөзін: “Кешегі кешкі дастарқан кезінде біз Президентіміз Ли Мён Бактың немерелі болғанын естідік. Нұрсұлтан Назарбаев бізге жақсылық алып келіп отыр”, деп бастаған университет ректоры Қазақстан басшысының ел экономикасын әлемдік дағдарыс жағдайында да дамыта білген бағалы тәжірибесін сан қырынан қарастырып, жоғары бағалады, мұның өзі Назарбаевтың ел басқаруды ғылыми негізде жүргізе білетіндігінің арқасы деген ой айтылды. Қазақстанда ішкі жалпы өнім бұрын жылына 9-10 пайызға артып отырғаны, осының арқасында ел байлығы төрт есе өскені айрықша аталды. “Кезінде қазақтар біздің корейлерді өздері ашқұрсақ жүрсе де жарты нанын бөлісіп қарсы алған, енді біз сол жақсылықты қайтаруымыз керек”, деді ректор. Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің жауап сөзінде Корей университетінің Құрметті ғылым докторы атағы берілгені үшін разылық білдіре келіп, Таңғы шық елінің әлемдік саясат пен экономикада алғы шепке шығуында осы университет түлектерінің үлкен үлесі бар екеніне ерекше екпін түсіре сөйледі. “Президент Ли Мён Бакпен кешегі келіссөзіміз екі елдің арасындағы ынтымақтастықтың ұзақ мерзімдік сипатын тағы да тиянақтай түсті. Біз алдағы кезде екіжақты экономикалық ынтымақтастықта негізгі назарды ғылымды қажет ететін және инновациялық жобаларды жүзеге асыруға ауыстырмақпыз. Бұл істе Қазақстан мен Оңтүстік Кореядағы университеттер мен басқа да жоғары оқу орындарының, зерттеу институттары мен орталықтарының өзара тығыз іс-әрекет етуі өте маңызды”, деген Нұрсұлтан Әбішұлы корейлік ғылыми қоғамдастықтың назарын Астанадағы жаңа университетпен ынтымақтаса жұмыс істеу мүмкіндігі ашылып отырғанына аударды. Елбасымыз бұл университетте әлемнің көптеген елдерінен мамандар дәріс оқитынын ескертіп, олардың арасынан корей профессорларын да көргісі келетінін айтып өтті. “Біз Қазақстанда экономикамыз бен бүкіл қоғамымыздың технологиялық жаңғыртылуының негізінде қуатты серпіліске дайындалып жатырмыз”, деп мәлімдеді кеше корей жерінде Нұрсұлтан Назарбаев. Солай деді де кез келген серпіліс – мейлі ол саясатта болсын, мейлі ол бизнесте болсын – жаңа кадрларды, адам әлеуетіне елеулі инвестиция салуды қажет ететінін, ал бұл үшін мамандарды бірлесе дайындау мен алмасу керек екенін айтты. Бүгінде Оңтүстік Кореяның жоғары оқу орындарында қазақстандық 100 студент оқып жүр екен. Былайша қарағанда аз да емес сияқты. Алайда, Президент “Болашақ” бағдарламасының аясында Кореяда оқытылатын жастардың қатарын қалыңдата түсетінін еске салды. Орынды. Бұл елден үйренетін нәрсе көп.
Кореяның жоғары білім жүйесінде қызғылықты жайлар жеткілікті. Мысалы, қысқы демалыс үш айлық, жазғы демалыс екі айлық екен. Оны аз десеңіз, мұндағы студенттердің аптасына бес күн оқитынын қосыңыз. Оны да аз десеңіз, бүкіл Шығыс елдеріндегі әдет бойынша мұнда да түрліше фестивальдарға, спорт жарыстарына, “мәдени жорықтарға” талай уақыт бөлінетінін тағы айтайық. Сонда корей студентінің жылына сабаққа қарайтын кезі 150 күннен аспай қалады. Тегі, сол күндердің өзінде жастардың терін сығып алатын болса керек. Өйткені, бұл елде нағыз білім культі қалыптасқан. “Кореяда білім марафонынан бір шығып қалған адам қатарға қайта қосыла алмайды. Мұнда адамның тағдыры 12-16 жасында анықталады. Мектепте жүрдім-бардым оқыған берекесіз баланың министр немесе профессор болу тұрмақ, дәулетті кәсіпкер болуы да мүмкін емес”, деп жазады Андрей Ланьков. Мұндағы университеттер жапондық үлгімен қалыптасқан. Ал жапон университеттері кезінде Ресей университеттерімен бір үлгіде қалыптасқан. Неге дейсіз ғой? Негесі сол, орыстарға да, жапондарға да әуелде немістер сабақ берген. Орыстар о баста Ресей университеттерінде дәрістер тек неміс тілінде оқытылғанын онша көп айта қоймайды. Соның намыс қылатын дәнеңесі жоқ. Күні ертең ашылғалы жатқан Назарбаев университетінде де дәрістер ағылшынша жүрмекші. Жүрсін. “Тіл – құрал” деген Ахмет Байтұрсынов.Сол құралмен қандай мақсатқа жету басқа мәселе.
Университет ұжымымен кездесуден кейін Президент бағдарламада көзделмеген бір іс-шараға бастамашы болды. Сеулден 250 шақырымдай жердегі Тэчжон қаласына пойызбен аттанып кетті. Сағатына 300 шақырым жылдамдықпен жүйткитін корей пойызына отырып, бас-аяғы 3 сағаттың ішінде ары-бері 500 шақырымдай жер жүріп қайтты. Сондағы академиялық қалашыққа барып, іргелі ғылымның қалай жолға қойылғанын көрді. Тэчжонда үш ғылыми-зерттеу институтында болған Елбасымыз ядролық энергетика бағдарламасының жүзеге асырылу барысымен танысты, жел энергиясын пайдалану мүмкіндігін де шамалап қайтты. Нұрсұлтан Назарбаевтың “Известия” газетінде жарияланған “Аса ауқымды әлем және ядролық қауіпсіздік” атты мақаласында біздің еліміздің бейбіт атомды пайдалануға кірісетіні айтылған, бұл жөнінде Елбасымыз Вашингтондағы жаһандық саммитте де мәлімдеді. Бүкіл әлемдегі барланған уранның ширек бөлігіне жалғыз өзі ие болып отырған Қазақстанның бұл қадамын әркім де түсінуге тиіс. Президентіміздің бұл сапарға білім беру ісіне ерекше көңіл бөліп, адам ресурстарының дамуын елдің ұзақ мерзімді стратегиялық жоғарғы басымдығы ретінде айқындағандықтан да, болашақта жұмыс күшінің сапасы мен өнімділігін елеулі түрде арттыру білім беруге инвестиция салумен тығыз байланысты екенін терең пайымдағандықтан да шыққаны анық.
Елбасымыздың білмекке құштарлығы, жаңалыққа жақындығы – үйренерлік үздік үлгі. Ал қажымас-талмас қажыр-қайраты кім-кімді де қайран қалдырарлықтай. Корея елінің басшысымен бірлесіп өткізген баспасөз мәслихатынан кейін Нұрсұлтан Әбішұлы бізге жақындап келіп, “Қалай, шаршаған жоқсың ба? Мына шаруаларды көріп отырсың ғой, осының бәрі болашақ үшін”, деген еді. Күні бойы жүріп, кеш бойы жазып жүргенде жүзімізден шаршаудың табы танылып тұрды ма екен деп, шынын айтқанда, жөпелдемеде жауаптан тосылыңқырап та қалдық. Бір жағынан Президенттің мысы басатыны да рас. Жоқ, шаршамаймыз. Халқының қамы үшін аттан түспей, түн қатып, түс қашырып, ауыздықпен алысып Елбасымыз жүргенде атқа мінгескен біз неге шаршайық. Азаматымыз айдай әлем алдында арғымақпен арындап жүре берсін деп тілейік.
Сауытбек АБДРАХМАНОВ – Сеулден.