• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
24 Сәуір, 2010

ҚАЗАҚ БАТЫРЫНА АРНАЛҒАН БАСҚОСУ

619 рет
көрсетілді

Ұлттық идея мен халықтық сананың елдік құндылықтардағы аса пәрменді құралға айналуына қазақ халқының қаһарман ұлы, Кеңес Одағының Батыры, жазу­шы Бауыржан Момышұлы­ның қосқан үлесін тек біз ғана емес, күллі әлем мойындайтыны ақиқат. Биыл Ұлы Жеңістің 65 жылды­ғында Б.Момышұлының 100 жыл­дық мерейтойын да атап өтпек­шіміз. Осыған байланысты Мәде­ниет министрлігінің Тіл коми­теті мен Астана қаласының Тілдерді дамыту басқармасы бір­лесе отырып Л.Н. Гумилев атын­дағы Еуразия ұлттық универ­ситетінде “Бауыржан Момышұлы тұлғасы: елдік пен ерліктің құндылығы” атты конференция өткізді. Парасат-пайымы кемел, хал­қына адал қызмет ете білген тұлғаға арналған іс-шараға Мем­лекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Мекемтас Мырзах­мет­ұлы, Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова, “Бауыр­жантану” орталығының бас маманы Мұхамеджан Кәтімхан, сондай-ақ Дихан Қамзабек, Мыр­затай Серғалиев, Зиябек Қабыл­динов сынды белгілі ғалым­дар қатысып, халқымыздың жаужүрек перзенті туралы тағылымы мен тәрбиесі, өнегесі мен ғибраты мол пікірлерін ортаға салды. Мекемтас Мырзахметұлы Бауыр­жан Момышұлының шы­ғар­машылығы туралы тұщымды да түйінді ойларын былайша жет­кізді: “Халықтың дәстүрі, тілі, ділі қалпына келмейінше, ұлттық сана да болмайды. Осыны жақсы түсін­ген Баукең өзінің саналы өмірін туған халқының дәстүрін, тілін, ділін, тарихи жадын сақтап қалуға арнап, сол жолда еңбек етті. Барлық рухани күшін осыларды сақтап қалуға жұмсады. Ұлтының нағыз жанашыры болған қазақ халқының ұлы батыры, даңқты қолбасшы, жазушы Баукең шы­ғар­­машылығының 30 томдық жи­на­ғы бүгінгі таңда баспаға жіберіліп отыр. Осыған қоса 10 томдық шығармаларға Баукеңнің замандастары жазған естеліктер мен батырға жолданған арнаулы өлеңдер де енетін болады. Ендігі мақсат – Бауыржан Момышұлы энциклопедиясының сөз тізбесін жасау. Қазір қаржы мәселесіне байланысты бұл еңбектің тек үш­тен бір бөлігі ғана жасалған. Жал­пы, бүгінде Баукең туралы жазыл­ған еңбектер өте көп. Солардың бәрін жинап, аудару қажет. Сонда 100 жылдығына орай батыр ағамыздың 100 томдығын шығару­ға мүмкіндігіміз болады”. “Бауыржан Момышұлы – халқымыздың мақтан тұтар, аза­маттығы биік перзенті. Сондықтан да Баукең атында орден тағайын­дау қажет деп ойлаймын. Соны­мен қатар, менің ойымша, Бауыр­жан Момышұлы атында арнайы сайт ашу қажет. Мұның жай ғана ақпаратқа толы сайт емес, өскелең ұрпаққа берері көп сайт бола­тынына мен сенімдімін”, – деп Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің прорек­торы Дихан Қамзабекұлы кон­ференция барысында өз ұсы­ныстарын жиналған қауыммен бөлісті. Конференциядан соң, “Кон­гресс-Холл” сарайында “Ана тілдің айбыны” атты кеш өткізілді. Кеш барысында батырдың ғасыр тойына арналған қысқа метражды фильм көрсетіліп, “Ұшқан ұя”, “Қанмен жазылған кітап”, халық жазушысы Шерхан Мұртазаның “Ноқтаға басы сыймаған” атты шы­­ғармаларынан үзінділер қойыл­­ды. Сонымен қоса, белгілі ақын­дардың батыр Баукеңе арналған өлеңдері оқылды. Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова сахнаға көтеріліп: “Мен атамның тәлім-тәрбие мектебінен өттім бе десем, академиясынан өткен екенмін. Атамның 80 жылдығында Кремль­дің темір құрсаулы санды­ғында жатқан “Алтын Жұлдызды” Мем­лекет басшымыз жұлып әкеліп, қазақ деген халықтың кеудесіне таққан болатын. Сонда халқымыз­дың әділеттілік қашан орнайды, батырымыз атағын қашан алады деген арман-тілегі орындалып, еңбек Елбасымыздікі, есімі халық­тікі болды. Бұл – тарихи шын­дық. Енді, міне, 100 жылдық мерей­тойы да үлкен белеспен ұштасып келіп жатыр. Еліміз халықаралық үлкен беделді ұйымға төрағалық ету үстінде. Алда – Жеңістің 65 жыл­дығы. Бұл Жеңіс бізге оңайлықпен кел­меген. Соғыстың зардабын тарт­паған, соғыстың өрті шалмаған Қазақстанда бірде-бір отбасы жоқ дерлік. Сондықтан қазіргі кезде арамызда жүрген ардагерлерімізді ардақтайық”, – деді. Мәскеуді кеудесімен қорғаған ұлт перзентіне арналған кеш кон­церттік бағдарламамен тұздық­та­лып отырды. Соңында Мәде­ниет министрлігі мен Астана қала­сы әкімдігінің аттарынан сахна ортасына гүл шоқтары қойылды. Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.