Астанадағы Қуыршақ театры заманауи оқиғаларды арқау еткен ақылды айлакер Алдар көсе жайындағы жаңа қойылымды балаларға тарту етті. Халық ертегісінің желісі бойынша сахналанған режиссер Айжан Салаеваның «Алдар көсе жайлы не білеміз?» атты қойылымы кішкентай көрерменнің көңілінен шыққан сыңайлы.
Алдардың мақсаты – сараң байды, пайдакүнем саудагерді, озбыр ханды әжуа ету. Мысалы, ол асқан сараңдығы үшін халық Шықбермес Шығайбай атаған байдың асын ішіп, атын мініп кетеді. Алыпсатар саудагердің алдынан өгіздерін айдап кетеді. Бірақ оқиға мұнымен бітпейді. Ол қу, зұлым сайтандарға тап болады. Алдар көсе олардан айласын асырып, достарын зұлымдықтан құтқара ала ма? Қойылымға жиналған Алдардың жақтастары міне, осы сұраққа жауап іздейді.
Қойылымның авторы және режиссері – Айжан Салаева, хореографы – Юлия Амирова, қоюшы суретшісі – Ерболат Сүлейменов, композиторы – Андрей Коротченко. Бас кейіпкер Алдар көсе рөлін Абу-Самат Түсіпбаев пен Илияс Базарбаев сомдаса, әкесі мен байды Дархан Мүсілімов, Ержігіт Абитаев, хан бейнесін Нұржан Ахметов, Досымхан Бейсенбаев алып шықты. Ал ертегідегі негізгі кейіпкерлер қызыл сайтанды Айжан Садықова, Аида Берікбай, көк сайтанды Альбина Баирова, Жаңагүл Шәмші нанымды ойнап шықты.
– Алдар көсе қойылымын сахналауға бүкіл театр болып жұмылдық. Алдар көсені зұлымдықпен күреске жанқиярлықпен атсалысқан кейіпкер ретінде білеміз. Ол адамдарға мейірім танытып, үнемі көмектесіп жүреді. Кез келген дүниеге жауапкершілікпен қарау, керек кезде қол созу, айналамызда не болып жатқанына немқұрайды болмау деген сияқты ұстанымдарды балаларға түсіндіргіміз келді. Ар, адамдық, ұят деген дүниелерді ақшаға сатып алуға болмайтындығын білсе дейміз. Қазақ ертегілеріне инсценировка жасап, сюжетін өз қалауымызша заманауи түрде жасап шықтық. Ұлттық салт-дәстүр, таным тұрғысынан алыстамауды да ойладық, – дейді режиссер Айжан Салаева.
Асқан айлакерлігімен жақсылықтың жақтаушысы, жамандықтың даттаушысы болған Алдар бейнесі бұл жолы да ұтымды шықты. Өйткені кішкентай көрермен пейілінен айыптауды емес, қайта құптап, қошеметтеп отырғанына куә болдық. Ал сахна алдына жайғасқан шыншыл һәм талғампаз көрерменді алдаусырату әсте мүмкін емес.
– Алдар көсе образын алып шығу қиынға түсті. Бас кейіпкердің қуақы бет-бейнесі табиғатыма келе бермейтіндіктен, үлкен дайындықты талап етті. Бұл жолда театрдағы жоғары буын әртістердің көп көмегі тиді, – дейді Алдар рөлін сомдаған Ілияс Базарбаев.
Тәрбиелік мәні зор халық даналығын бүгінгі заман биігінен түрлендіріп ұсынған өнер ордасының ұсынар тағылымды дүниесі мұнымен толастамақ емес. Бүгінгі таңда елордалық қуыршақ театрының репертуарында «Қаңбақ шал», «Ер Төстік», «Мәңгілік бала бейне», «Атамекен», «Арыстан патша», «Орманда болған оқиға», «Менің салған суретім» «О, тоба», «Ана құдіреті», «Ағайынды гномдар», «Жалқаудың айласы» сынды отызға тарта қойылым бар. Мұның барлығы көркемдік кеңестен өткен айтары мол ертегілер. Бірі достықты дәріптесе, енді бірі адамгершілікке, адалдыққа, анаға, жерге, елге деген сүйіспеншілікке үндейді.