• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 30 Наурыз, 2021

Береке-бірліктің бастауы

393 рет
көрсетілді

Бар әлемді шуағына бөлеген көктем жаршысындай болып төл мерекеміз Наурыз да келіп жетті. Күн мен түн теңеліп, табиғат жаңаратын, тіршілік атаулы қайта оянатын Ұлыстың ұлы күнін күллі қазақ халқы қуана қарсы алды. Мен қазақ халқы деген ұғымға елімізде тұрып жатқан тағдыр-тілегі, мұрат-мақсаты бір жүз сан ұлттың бәрін сыйғызып айтып отырмын.

Қазір зейнеттегі адаммын. Жыл сайын наурыздың 21-і күні қыстан сақтап қойған сүр ет, қазы, күріш, мейіз, қатығымды қосып мол етіп, наурызкөже жасап қоя­мын. Келесі күні біздің үйдің есігі жабылмайды. Кең дастарқан жайылып, көрші-көлем, ағайын-туыс наурызкөжеден ауыз тиеді. «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!»,  деп жаңа жылға ізгі ниет, жақсы тілектерін арнайды.

Өзім киелі Торғай топыра­ғында туып өскендіктен, ұлтым орыс болса да, қа­зақтың ділін, тілін бойыма сіңіріп өстім. Әке-шешем тың игеру жылдары Рудный қаласының ма­ңайындағы бұрынғы Ели­заве­тинка, қазіргі На­бе­режныйға Қыр­ғызстаннан көшіп келіпті. Кейін Торғайға қоныс аударды. Әкем – Василий құрылысшы еді, үлкен кісілердің айтуынша, Торғайдағы ең алғашқы шатырлы үйді менің әкем тұрғызыпты. 1974 жылы Торғайда дүние салды.

Наурызкөженің дәмін алғаш сол қырдағы қазақы ауылда тат­тым. Ауыл адамдарының көңі­лі кең ғой, той-томалақ, қуа­ныш бола қалса, ұлты басқа, діні бөлек деп алаламай, біздің үйді де шақыратын. Ондайда әке-шешемнен қалмаймын. Ауыл­дағылар сол кеңес заманында да көрші-қолаң, туыс, құда-жег­жатын үйіне шақырып, наурызды атап өтіп жататын. Нау­рыздың тарихы терең ұлық мереке екенін тоқсаныншы жылдың басында еліміз тәуелсіз­дік алған­нан кейін ғана білдік қой. 

Кейін қазақ отбасына келін болып түстім. Енем жарықтық көзі тірісінде бәрін үйретіп кетті. Құдайы нан – шелпек пісіруден бастап наурызкөже жасауға дейін сол кісіден үйрендім. Нау­рызды, негізінен, сол үлкен үйде қарсы алатынбыз. Кейін Қостанай ауда­нының орталығы – бұрынғы Зато­болға, қазіргі Тобыл қаласына кө­шіп келген соң, наурызкөжені өзім жасай бастадым. Әу баста ұлтым орыс болған соң көрші әжейлер көжені өзім жасадым дегенге сеніңкіремейтін, кейін көктем жақындағанда бұйырса, орыс келіннің наурызкөжесін ішеміз, Ирина жасаған көженің дәмі ерекше дейтін болды. Үйге келіп, дәм татқан соң: «Қолыңа дерт бермесін!» деп ақ жаулықты әжелер ақ батасын беріп кетеді.

Аудандық әкімдіктің экономика бөлімінде Елена деген орыс келіншекпен бірге жұмыс істедім. Жолдасы әзербайжан жігіті еді, Ұлыстың ұлы күні жа­қындағанда Елена – бір қазан, мен бір қазан наурызкөже пісіріп, бауырсақ, құрт-мейізімізді алып жұмысқа әкеліп, әріптестерімізге көже беретінбіз. Мұнымызға өзге ұлт түгіл, қазақтардың өздеріде қай­ран қалып, бас шайқасып, разы болып қалады. Көже қай­натып үйренгісі келіп, жөн-жосық сұраған келіншектерді «Наурызкөже пісіру дегенің –ойын­­шық емес, екінің бірінің қо­лынан келе бермейді. Тек ене тәрбиесін көрген келіндер ғана көже жасай алады», деп қағыта әзілдейтінмін. 

Жолдасым Серік Меңдіқара жақтың азаматы. Екеуміз 1978 жылы отастық. Қазір, Аллаға шүкір, ұлды ұяға қондырып, қызды қияға ұшырып, немере сүйіп отырмыз. Серік екеуміз отасқан соң 38 жылдан кейін мешітке барып, некемізді қайта қиып, мұсылмандықты қабылдап, фатиха мен ықыласты жаттап алдым. Екі-үш жыл ораза ұстап едім, былтыр қантым көтеріліп кетіп, ауыз бекіте алмадым. Ең бастысы, ел іші аман, заманымыз тыныш болсын.   

Наурыз – бағзы қазақтың тұрмыс-салтымен тығыз байланысып жатқан шын мәніндегі ұлттық мейрамы. Мұны бұрынғы ғұламалар да айтып кеткен, Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлы: «Наурыз – қазақша жыл басы», десе, Міржақып Дулатұлы Ұлыс­тың ұлы күнінде «қазақтан ар­тық қуанатын ел жоқ»,  деп  түйін­дейді. Наурыз тойдың бас тағамы – наурызкөже. Наурыз­көже – молшылықтың, ырыс-бере­кенің белгісі. Бірлігі бар елдің ырысы артады. Ендеше жыл басы құтты болып, Қазақ елі­нің бірлігі жарасып, берекесі арта берсін! 

 

Ирина ҚҰСАЙЫНОВА-ШАЛЫГИНА,

зейнеткер

 

Қостанай облысы,

Тобыл қаласы