• RUB:
    5.37
  • USD:
    477.04
  • EUR:
    520.78
Басты сайтқа өту
Тарих 30 Наурыз, 2021

«АЗиЯ» ақиқаты

2922 рет
көрсетілді

Университетке түскен жылы менің өмірімде ұлт тарихы мен бодандыққа қарсы бас көтерген халық ақындарына деген махаббатымды оятып жіберген бірнеше оқиға болды.

Тіл сындырып, сауатымызды ашқаннан білім беру саласының бәрінде де негізінен орыс әдебиеті мен мәдениетіне баса назар аударылып, төл мұрамыз шетқақпай қалып, ұлттық қайнарын іздеген біздің буын елдің рухани тыныс-тіршілігіндегі кез келген жаңалыққа құлағын түріп, елеңдеп жатты.

Жалғыз менің ғана емес, өліара шақта өзгерісті күткен жастардың елік көңілін елеңдетіп, сеңнің қозғалуына себепкер болған қазақ ақынының дүниені дүрліктірген еңбегінің сол жылы қолыма түскені ойыма оралып отыр. Алматының шетіндегі қара базардан алып-сатарлармен саудаласа жүріп тұтас бір стипендиямды қиып алған кітабымның аты – «АЗиЯ», авторы – Олжас Сүлейменов еді.

Елді еліктірген еңбек жүз мың данамен басылып шықса да Кремльдің пәрменімен сауда орындарынан тәркіленген кітап, айналасы екі-үш ай ішінде диссидент атанған орыс қаламгерлері Иван Буниннің «Қарғыс атқан күндер», Дмитрий Мережковскийдің «Қайта тірілген Құдайлар», Варлам Шаламовтың «Колыма әңгімелері» тағы сол секілді кеңестік цензура «тұтқындаған» туындыларының қатарын толықтырды. Сәбидің кәмпитке құмарлығындай, тыйым салынған дүниені оқуға елдің ынтызарлығы қай заманда да күшті. Ендеше, күн ұясына қонуға таянған жалқын кеште жұрттан жасырынып оқитын кітапты жүрегі лүпілдеп қолына ұстаған мендей жаны нәзік романтиктің қандай ұлы сезімнің ләззатына батқанын айтпай-ақ түсінетін шығарсыз.

«АЗиЯ»-ны қолға түсіргеніме бәрінен бұрын әкем қатты қуанды. Мәз-мейрам болып, көздері күлімдеп, сыртқы мұқабасын қызықтап, маған мейірлене қарады. Оқып-білгенімді жұртқа жая беруімнің қажеті жоқ екенін ескертуді де ұмытпай, «уақыты келгенде бәрін өзің түсінесің балам» деп басымнан сипағаны есімде.

Орысшаға сауатты анамның ақшамнан кейін басымызды қосып, тісіміз батпайтын күрделі тұстарын тәптіштеп түсіндіріп, «АЗиЯ»-ны дауыстап оқып беруі мен кітапты сатып алған қыркүйек айында қара шаңырағымыздағы қалыпты жағдайға айналды. Кейбір тұсына келгенде әкем таңданысын жасыра алмай «Олжекеңнің білмейтіні жоқ қой, білмейтіні жоқ» деп басын шайқап, сүйсініп қояды.

Шамамен екі аптада кітап оқылып бітті. Іргелі зерттеудің соңғы парағын жауып, тынысымызды алған соң әкем маған «АЗиЯ» жарық көргеннен кейін Олжастың дауға ілігіп, басына қауіп-қатердің қара бұлты төнгенін әңгімелеп берді. Орыс шовинизмінің дертіне шалдыққан мәскеулік ғалымдар 10 сағат бойы үтір-нүктесіне дейін қалдырмай кітапты талқылап, қызды-қыздымен ақынды «халық жауы» деп танып, тіпті ату жазасына кесу керек дегенді айтып тантыған. Қазақстанның бірінші басшысы Дінмұхамет Қонаевтың шатақ іске араласып, араша түсуінің арқасында ғана ақын «ажалдан» аман қалған. Димекең кітапты алып, Брежневке көрсетіп, онда ешқандай ұлтшылдық арам пиғылдың бір мысқалдай да ізі жоқ екенін дәлелдеп, басы бәлеге қалған ақын тағдырына балапанын қорғаған торғайдай шырылдап, араша түсіпті.

Қиялымды тербеткен жұлдызды түннің бір уағына дейін әкеммен әңгімелесіп, талай-талай құпиялардың түндігін түріп, тереңінде жасырынған жұмбақ сырына қанықтым, «бүлікшіл» ақынды бұрынғыдан да бетер жақсы көре түсіп, жүзін көріп сұхбаттасуды армандадым.

Қаланы қараңғылық қалжыратып, түн тыныштығына қарай бойсынып, марғау мысықтай маужырап кеткенімен, мына әңгімеден соң ұйқым шайдай ашылып қоя берді. Мектепте жүргенде бір оқығаннан көбейту кестесіндей жадымда жатталып қалған ақын өлеңдерін ішімнен құран ақтарғандай күбірлеп оқып, өзгелер түгіл, өзім де түсінбейтін тәтті сезімнің бесігінде балқып барамын. Көңілімдегі көбелек ойлар дүниенің жалғандығын ұмытқызып жіберіп, қиял әлемінде қаңғыртып қойды.

Мне удивительно: когда я весел,

что ни потребуется – всё дают,

когда захочется унылых песен,

мне их с великой радостью поют.

Бываю рад, и все –

бывают рады,

я убегу, и все за мной в кусты.

Когда в жару я вижу дно Урала,

мне кажется, что все моря пусты.

 

И потому, когда кочевье выманит

всё моё племя, –

я один пашу,

когда никто не смеет слова вымолвить,

мне рот завяжут –

я стихи пишу.

Иә, бұл әділетсіздікке жаны төзбей, ақындықтың қынабынан қылыштай суырылған Махамбеттің өлер алдындағы жаны алқымына тірелгендегі соңғы сөзі. «Жұрттың бәрі шындықты айтудан қорыққан заманда, аузымды буып тастаса, мен өлең жазамын» дегенді ажалмен арпалысып жатып айту үшін, мінезден бөлек үлкен жүрек керек.

Не деген мағынасы терең ұлы сөздер! Не деген жүрек жұтқан батырлық! Ақындықтың ақиқатты айтқаннан асқан қандай биік мақсаты, асыл мұраты болуы мүмкін. Жанымды бір оқығаннан сиқырлап, көңіл күйімді жыландай арбап алған Олжастың осы бір ғажайып өлеңінен нағыз батырлардың бойында ғана болатын өршілдіктің рухын сезетінмін. Ішкі түйсігім мені алдамапты. Жетінші атасы Абылай хан әскерінің оң қанатын басқарған Олжабай батыр болып шықты. Өз әкесі Омар қазақтың тұңғыш кавелерия полкінде офицер қызметін атқарып, 1937 жылы жала жабылып, итжеккенге айдалып кетіп, Краснодар аймағындағы Норильск лагерінде әйгілі түркітанушы ғалым Лев Гумилевпен бірге отырып, кейін ату жазасына кесіліпті.

Жесір қалған шешесі уақыт өте келе белгілі журналист Әбдуәли Қарағұловты жолықтырып, тұрмысқа шығады. Олжас­тың қайраткер тұлға, азулы ақын, ойшыл қаламгер, білікті ғалым болып қа­лыптасуына өгей әкесінің зор ықпалы тиіп, бала күнінен оны сауаттылыққа, жауапкершілікке, еңбекқорлыққа баулып тәрбиелепті.

Негізгі мамандығы геолог екен. КазМУ-дің геологиялық барлау мамандығын үздік дипломмен бітіріп шыққан соң Мәскеудің А.М.Горький атындағы Әдебиет институтына оқуға түскен. Алайда қазақтарды келеке қылған орыс студенттерімен тө­белескен сотқарлығы үшін оқудан шы­ғарып жіберіпті...

Қабат-қабат үйлердің шамдары сөн­геніне қарамастан, әкемнің ертегіден де тәтті әңгімесінен кейін ұйқым үркек қояндай қашып, анам айнадай жалтыратып сүртіп қойған терезеден түскен ай сәулесіне телміріп, қиялым шартарапты шарлап кетті. Қылышынан қан тамған тоталитарлық жүйеден қаймықпай, мүйізі қарағайдай орыс ғалымдарына қарсы шыққан ақын ерлігіне тамсандым. Кеудемдегі жапы­рақтай жүрегім жаныма тыныштық бермей дүрсілдеп, «АЗиЯ»-ға араша түскісі келіп жұдырығымен кеудемнің қақпасын қайта-қайта ұрады. Әйткенмен, атағы дардай отандық ғалымдарымыз да оған болысуға қаймығып, тілдері кісенделіп отырған қысылтаяң шақта шындыққа шөл­деген мендей пақырдың әділетке арашашы болуға күш-қайраты жете қояр ма екен. Шіркін-ай, ғайыптан тайып осындай бір мүмкіндік туа қалса, халқымның тарихын, мәдениетін, әдебиетін жоққа шығарып жатқан миғұлалардың бетінен алып, ағымнан ақтарылып, Олжасты қорғап, өзім білетін ақиқаттарды айтып-айтып тастар едім, қорықпай. Көңілдерін көң, көздерін шел басып, «қазан төңкерісіне дейін қазақтарда мәдениет те, әдебиет те болған емес» деп төл тарихымызға топырақ шашып жүргендерге тойтарыс берсем, ұлы арманыма қол жеткізгендей болмаймын ба.

Бір қызығы, көктен сұрағаным жерден табылып, ондай мүмкіндік туып, мазамды алып, жанымның тыныштығын бұзған ұлы арманымның алдағы күндері орындалатынын мен сол түні мүлде білген жоқпын.

 

* * *

1985 жылы орыс халқының ХІІ ғасырда дүниеге келген деп айтылып жүрген жазба ескерткіші «Игорь жорығы туралы жырдың» 800 жылдығы Кеңес Одағында кең көлемде аталып өтетін болды. Әрине мұндай елеулі оқиғадан еліміздегі ең ірі жоғары оқу орны С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің де сырт қалмай, ғылыми конференциялар ұйым­дастыруға білек сыбана кірісетіні айтпаса да түсінікті. Бірге оқып жүрген студенттерден орысшам көш ілгері болғандықтан ба, біздің курстан мерейтойға қатысты баяндама жасау міндеті менің мойныма жүктелді. «АЗиЯ»-ны оқып шыққаннан кейін қызығушылығым оянып, даулы тақырыпты ешкімге білдірмей зерттеп, ондаған кітаптар мен ғылыми басылымдарда жарық көрген жүздеген мақалаларды шолып шыққандықтан конференцияда сөз сөйлеуге қуана-қуана келістім. Бірақ университет ұсынысынан бас тартып, өз еркіммен «Подлинность слово о полку Игореве» деген күрделі тақырыптың құлағына сырға тақтым.

Түпнұсқасы өртеніп кетіп, А.Мусин-Пушкин жазып алған көшірмесі ғана қалып, біздің заманымызға жеткен орыстың ежелгі эпосы төңірегіндегі дау-дамай ХІХ ғасырда басталып, қызуы бір басылмай күні бүгінге дейін жалғасып келеді. 1801 жылы неміс тарихшысы Август Шлецер эпостың ал­ғашқы басылымының жарық көруіне орай мақала жазып, ежелгі орыс ескерткішінің түпнұсқалығына күмән келтіргеннен бері басталған айтыс-тартыс жылдан-жылға өрттей өршіп барады. Әйгілі эпосты поляк тіліне тәржімалаған ақын Циприан Годебский, Мәскеу университетінің профессоры М.Каченовский да шығарманың ХІІ ғасырда жазылғанына байланысты көңілдерін қытықтаған күмәндарын жасыра алмай, шындықтарын айтты.

1812 жылы жазба ескерткіштің қол­жазбасы Мәскеудегі өртте сау тамтығы қалмай жанып кеткеннен кейін күдіктің қара бұлты бұрынғыдан бетер қоюлана түсті. Алып-қашпа әңгімелер туып, эпосқа қатысты дау-дамай жаңаша сипат алды. Каченовскийдің шәкірті И.Беликовтің «Некоторые исследования «Слова о полку Игореве» зерттеуіндегі болжамдар талас-тартыстың отына май құя түсіп, О.Сенковский сияқты беделді ғалымдарға дейін скептиктердің ыңғайына жығылды. Күмәнданушыларға қарсы шыққандардың ішінде М.Погодин, С.Шевырев, М.Максимович, Д.Дубенский, П.Строев, И.Давыдов, М.Катков, тіпті орыстың ұлы ақыны А.Пушкин де болып, шығарманың түпнұсқалығын дәлелдеуге бар күштерін салды.

1852 жылы В.Ундольский тұңғыш рет «Игорь жорығы туралы жырмен» ұқсастығы көп ХV ғасырдың жазба ескерткіші «Задонщинаның» мәтінін жа­­риялаған соң күмәнданушылардың қа­­тары әжептәуір сейілгендей болған. Алай­да 1890 жылы француз слависі Луи Леже ғылыми ортада талас туғызып келе жатқан эпостың «Задонщинаның» негізінде жазылған шығарма болуы ықтимал екендігі туралы болжамын жасады. Леженің айтуынша, бұл жыр халықтық туынды емес, бертінде жазылған білікті маманның төл шығармасы.

Ғалымдардың дауыл күнгі дарияның толқынындай аласұрған талас-тартысы ХХ ғасырда да толастаған жоқ. Қайта бұрынғыдан да бетер күшейіп, шарықтау шыңына жетті. Орыстың ұлы суреткері Лев Толстой жырдың жалған туынды болуы әбден мүмкін екенін тілге тиек етіп, оны Краледворск қолжазбасымен (Славян әдебиеті мен фольклоры саласындағы жалған қолжазба) салыстырды.

1938 жылы атақты ғалым Андре Мазон мен оның жақтастары француз слависі А.Вайян, эмиграциядағы орыс филологы Б.Унбегаун мен ақын М.Горлин, болгар ғалымы М.Арнаулов, жапон слависі Р.Кисакийдің жазба ескерткіштің түпнұсқалығына күмән келтірген сериялық мақалалары бірінен соң бірі жарық көрді. 1940 жылы профессор Андре Мазон жырды зерттеген кітабын шығарып, оның Оссианның поэтикасына еліктеп жазылған шығарма болуы ықтимал екені туралы ойын білдірді. Белгілі ғалымның пікірінше, мұндай жалған эпосты қолдан жасау қажеттілігі Екатерина ханшайымның жеке басының абыройын асқақтату, орыс отаршылдарының Қырым мен Галицияны өздеріне қосып алу құқығының бар екенін дәлелдеу мақсатынан туған.

Әрине жырдың түпнұсқалығын дә­лелдегісі келген орыстың атақты ға­лым­дары ауыздарын ашып, ай бағып отыр­ған жоқ. Асыл мұраларының ХІІ ға­сырдың туындысы екенін дәлелдеуге құл­шына кіріскен ғалымдар Р.Якобсон, А.Исаченко, Е.Ляцкий, А.Соловьев, П.Бицилли, И.Голенищев-Кутузов, В.Адрианова-Перетц, Н.Гудзий, Д.Лихачевтар күмән­дану­­шыларға тойтарыс беріп, пікір-талас­тың көрігі бұрынғыдан бетер қызып кетті.

Өкінішке қарай, кейбір кеңестік ғалым­дардың еңбектерінен кейін бұл мә­се­ле идеологиялық бағытқа бет бұ­­рып, ғылымидан гөрі саяси сипат алды. Мәдениет саласындағы солақай идеологтардың пікіріне сүйенсек, «Игорь жорығы туралы жыр» – орыс пен кеңес халқының мақтанышы, ендеше оған күмән келтіру лениндік құндылыққа қарсы шабуылмен пара-пар буржуазиялық әрекет. Көне жырдың жауларына қарсы күрес қатты қарқын алып, жазалау науқаны күшейгендіктен қызыл империяның қаһарынан қаймыққан ғалымдар енді бұл тақырыпқа қатысты ойларын абайлап айтуға көшті. Міне, осындай кеңестік идео­логия ғылым саласына да тізесін батырып, өктемдігін жүргізіп тұрған өліарада эпос туралы өз ойын айтқан бір үлкен ғалымның еңбегі мен орыстардың көбі жыға тани қоймайтын бір қазақ ақынының жарық көрген кітабы жұрттың көңілінде бейбіт күнде жарылған бомбадай әсер қалдырды.

1963 жылы жазба ескерткішті зерттеп жүрген орыс ғалымы А.Зимин аяқ-астынан «жауларының» жағына шығып, сөз сөйлейді. Эпосты жан-жақты зерттеп, текстологиялық жұмыс жасаған ға­лым Ленинградтағы Пушкин үйіндегі әй­гілі баяндамасында «Игорь жорығы туралы жырдың» ХІІ ғасырда емес, «Задонщинаның» негізінде, кейінгі ғасырларда жазылған шығарма екенін мәлімдеді. Баяндамашыны тыңдауға жиналған ғалымдардың ешқайсысы да Зиминнің дәлелдеріне қарсы уәж айта алмай, ауыздарына құм құйылды.

Әйткенмен, ғылыми ортада дүрлігіс туғызған оқиғадан кейін Кеңес Одағы коммунистік партиясының идеологиялық бөлімі Зиминнің концепциясының саяси қауіпті екенін мәлімдеп, ғалымға қатаң ескерту жасалып, баяндамашының материалдарын жариялауға цензуралық ты­йым салынды.

Он жыл өткен соң қазақ ақыны Олжас Сүлейменовтің тартысты тақырыпқа ара­ласып, өз болжамын жасауы тағы да елеулі оқиғаға айналды. Күтпеген жерден ол «АЗиЯ» кітабында көне эпостың екі тілді оқырманға арнап жазылған, қос тілді меңгерген, яғни орысшамен бірге түркі тілін де жақсы білетін автордың шығармасы болуы ықтимал екендігі туралы жорамалын жария етіп, ежелгі орыс қайнарларынан ондаған мысалдар, жүздеген дәлелдер келтірді.

Бұрынғы тарих ғылымы далалықтар мен татар-моңғол басқыншылығы кезінде орыс тіліне түркілердің екі-үш қана сөзі енді дегенді жағы талмай айтумен келген еді. Ал Олжас бұл кітабында орыс тілінің еншісіндегі көптеген сөздің түрк тілінен алынғанын өз тұрғысынан дәлелдеп, «Игорь жорығы туралы жыр» эпосындағы көзге көрінбейтін тюркизмдер туралы мәселе көтерді. Бодандығында болып, үстемдігін жүргізуге дағдыланған «жабайыларға» жоғарыдан қарап үйренген ресейлік академиктердің қазақ ақынының аузынан мұндай жаңалықты естігенде ашу-ызалары келіп, қандары қайнады.

Шын мәнісінде Олжас Сүлейменовтің айтып отырған сөздерінің қисыны бар-тын. Тіл де химиялық элементтер сияқты мәдени байланыстардың, соғыстардың, саяси және экономикалық қарым-қатынастардың арқасында ұдайы өзгеріске ұшырап отырады. Мысалы, корей тілінің 75 пайызы қытайдікі, ал француз тілінің 25 пайызы араб сөздері екені дәлелденген. Ендеше, «Игорь жорығы туралы жыр» эпосындағы көптеген сөздің түркі тілінен алынғанына қатысты қандай күмән тууы тиіс. Тіпті бұл эпос орыс ақынының емес, түрк шайырының жазба мұрасы болуы да ықтимал ғой. Баяндамамды дайындау барысында әйгілі туынды түркі халқының көне заманда туған мадақ жыры емес пе екен деген ойға беріліп кеткен кезім де болды.

Ғылыми конференцияға мен бар ынта-жігерімді салып дайындалдым. Оқытушылардың дәрісін тыңдап бола салысымен, түстен кейін жол-жөнекей тамағымды іше салып, бірден Орталық кітапханаға тартамын. Тақырыпқа қатысты дүниелерді жаздырып алып, кітапхана жабылғанға дейін тапжылмай отырып, ғылыми еңбектерді, журналдарды, тіпті орыс ақыны Игорь Шкляревскийдің эпосты аударып шыққан сол жылдары жасаған тәржімасына шейін оқып шықтым. Қазақ ақындары Берқайыр Аманшин мен Несіпбек Айтовтың эпосты ана тілімізге аударған тәржімасымен де таныстым.

«Игорь жорығы туралы жыр» эпосының 800 жылдығына арналған басқосуда біраз жұрт төбе көрсетті. Төменгі, жоғары курс­тың белсенді студенттері де қатысты. Маған сөз конференция аяқталар кезде тиді. Жүрегім дүрс-дүрс соғып, қобалжып кеттім.

Ғылыми отырыста көне жырдың тұп­нұсқалығына қатысты мәселелерді ғана қозғауым керек екеніне қарамастан, баяндамамның соңына таман тақырыпты басқа жаққа бұрып әкеттім. Шешіліп сөйлеп, Олжас Сүлейменовтің «АЗиЯ»-сын қорғап, көкейімде жүрген ойларым­ды айтып-айтып тастадым. Қызды-қыз­дымен орыстың мүйізі қарағайдай ғалым­дарының еңбегін сынап жіберіппін. Қазақ мәдениетіне Ресей немесе Еуропа ғалым­дарының көзімен ғана қараудың қате екенін айттым. Конференцияға амалсыздан келіп, қал­ғып-шұлғып отырғандардың өзі басын көтеріп алып, менің сөзіме таңырқай қарас­ты.

– Өз халқының мәдениеті мен әдебиетін көтере отырып, өзге халықтың әдебиеті мен мәдениетін жоққа шығаруға болмайды,  деп сөзімді аяқтап ойымды түйіндедім. Соны айтуым мұң екен университеттің біраз мұғалімдері қитұрқы сауалдар қоя бастады. Менің алдымда сөйлегендерге құр қол шапалақтай салған. Конференция аяқталғанда көзілдірік киген бір оқытушы қасыма келді де:

– Байқа, бала! Әкеңе сеніп жүрсің бе? Жаңағы сенің айтып отырған сөздерің ойыншық емес. Неге қарсы шығып отыр­ғаныңды сен сезбейтін сияқтысың, – деп қатаң ескерту жасады.

Бәлкім, мұндай конференциялардың сол кезде көп өткенінен бе, әлде әлі жас қой деп аяды ма, әйтеуір менің сөздеріме ешкім ерекше көңіл бөліп, соңы дауға айнала қойған жоқ. Дегенмен, тұмаудай жабысып, тамағымды жыбырлатқан шындықты айтып салғаныммен, әлдекімдер мәселе көтеріп, оқудан шығарып жібере ме деген күдік күні бойы көңілімнен кетпей қойды.

 

* * *

Орыс эпосының 800 жылдығы Кеңес Одағында дүркіреп тойланғаннан бері де отыз жылдан астам уақыт өте шығыпты. Ол кездері мен әлі он сегізге де толмаған жас жігіт болсам, аты аңызға айналған ақынның сол тұста елуден енді асқан шағы екен. Бүгін Олжас Сүлейменов 85-ке толса, мен ақиық ақынның сол мезгілдегі жасына енді келіп отырмын.

Шашасына шаң жұқпай өте шыққан отыз жылда талай дүние өзгерді. Бүгінгі таңда біз түгіл, әлемге аты шыққан, мүйізі қарағайдай ғалымдардың өздері «АЗиЯ»-да айтылған сөздердің ақиқат екенін мо­йындап жатыр. Бұл – жалғыз ақынның ғана емес, ұлттың да ұлы жеңісі. Өйткені қазір біз Олжастай тұлғаларымыздың арқасында ұлттық тарихымыздың тамыры тым тереңде жатқанын, сонау ықылым заманнан бері мемлекеттілігі қалыптасқан ел болғандығымызды мақтанышпен айдай әлемге жар салып айта алатын дәрежеге жеттік.

 

Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ