• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 31 Наурыз, 2021

Жаһандық жасыл келісім

376 рет
көрсетілді

Қазіргі таңда әлем бұрын-соңды кездеспеген жаһандық апатқа тап келіп отыр. Климаттың өзгеруі – бүкіл әлем елдерінің тізе қосуын, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруын» қажет етеді. Осыдан бес жыл бұрын шартараптың түкпір-түкпірінен мемлекеттер басшылары жиналып, Париж келісіміне қол қойды. Аталған құжатқа сәйкес, әр ел парникті газдарды шығаруды азайтуға уәде берген.

Еуропалық комиссия президенті Урсула вон ден Ляйен, Еуропалық инвестициялық банк президенті Вернер Хойер бүгінгі мақаласында жаһандық жылыну мәселесіне назар аударады. Авторлардың айтуынша, Еуропалық одақ қабылдаған Жасыл келісімшарттың аясын кеңейтіп, жаһандық жасыл келісімге қол қою қажет. Бұл тұрғыда шартарапты жасыл энергияға көшіруге кәрі құрлық көмек көрсетпек.

Келесі мақала технология саласындағы маңызды мәселелерге арналған. НАТО-ның бұрынғы бас хатшысы Андерс Фог Расмуссеннің айтуынша, АҚШ пен Еуропа елдерінің технологияға қатысты ережелерде ортақ келісімге келе алмауы автократиялы елдердің оң жамбасына келіп отыр. Осылайша, олар өздерінің ережелерін жүзеге асыра бастады. Мақала авторы бұған жол бермес үшін АҚШ пен Еуропа ортақ келісімге келуі керек деп есептейді.

Естеріңізге салайық, әлемдегі маңызды да өзекті тақырыптар жөнінде бірегей контент әзірлейтін Project Syndicate жобасы мақалалары Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен жарық көріп отыр.

БРЮССЕЛЬ – Еуропада климат өзгерісінің әсері жөнінде естідік. Егер біздің өнеркәсіптік, энергетикалық, көліктік және азық-түлік жүйелеріміз өзгермесе, осы ғасырдың соңына таман жаһандық ауа райы температурасының апатты 3 градусқа жылынатынын жақсы білеміз.

Еуропаның рекордтық ыстық температруасы тіркелген 2020 жыл аяқталар тұста Еуропалық одақ 2030 жылға қарай парниктік газ шығаруды 1990 жылғы дең­гейден 55 пайызға дейін төмендету туралы ұжымдық шешім қабылдады. Еуро­палық комиссия қазіргі таңда нақты саяси өзгерістер арқылы бұл міндет­те­ме­ні орындауға кірісті. Ал Еуропалық инвестициялық банк оған қаржылық тұрғыда қолдау көрсетеді.

Қазіргі онжылдық – планетамыз үшін шешуші сәт. Алда күтіп тұрған қиын­­дықтарға қарсы тұру мақсатында біз­дің екі ұйым 2021 жылы 24 наурызда мемлекеттерді, халықаралық институттар мен инвесторларды «Климаттық іс-ша­раларды инвестициялау» атты ма­ңызды оқиғаға шақырды.

Іс-шара әлемдегі көшбасшылардың ба­сын қосып, қажетті саясатты жүзеге асы­ру және халықаралық үйлестіруді қам­тамасыз ету жоспарымен бөлісті. Осы­лайша, инвесторлар мен бизнес көш­басшыларына кем дегенде келесі он­жылдықта өздері жұмыс істейтін сая­си орта туралы түсініктерін жақсартуға кө­мек­тесуге тырыспақ.

Климаттық іс-қимыл бүкіл әлем бо­йынша ауқымды құрылымдық өзгерісті және орасан зор инвестицияны талап етеді. Еуропаның өзінде ғана 2030 жылға қарай парникті газдар шығарылуын азайту жөніндегі жаңа міндеттемені орындау жыл сайын шамамен 350 миллиард еуро (417 миллиард доллар) қосымша инвес­ти­ция қажет етеді. Алайда бұл қол қусы­рып отырғаннан әлдеқайда жақсы.

Инвестициялық проблеманы шешу үшін әлемдегі ең ірі көпжақты несие бе­ру­ші Еуропалық инвестициялық банк өзінің барлық қызметін Париж ке­лісімінде көрсетілген мақсаттармен сәй­­кес­тендіріп, ЕО Климаттық Бан­кіне ай­налды. Басқа бағытпен қатар, Еуро­па­лық инвестициялық банк алдағы он­жыл­дықта климатқа қарсы іс-қимыл мен эко­логиялық тұрақтылықты сақтауға 1 трил­лион еуро инвестиция бөлуге уәде берді.

Бірақ қаржыландырумен іс аяқтал­май­ды. Бізге жол картасы қажет. Сон­дық­тан Еуропалық комиссия 2019 жыл­ғы желтоқсанда Еуропалық Жасыл келісім­шарт енгізді. Еуропаның жаңа өсу стратегиясы саналатын бұл құжат ЕО-ны ресурстарды үнемдеп, бәсекеге қабі­летті экономикаға көшіру арқылы әді­летті, өркендеген қоғамға айналдыруды мақсат етеді. Түптеп келгенде, мақсат – 2050 жылға қарай парниктік газдарды мүлдем шығармауға қол жеткізу.

ЕО-ға жаһандық парниктік газ шы­ға­ру­дың 10 пайызы ғана тиесілі. Сондықтан климаттың жылынуын бәсең­де­ту үшін еуропалықтардың әрекеті жеткіліксіз. Жаһандық температураның жоға­ры­ла­уын мүмкіндігінше 1,5 гра­дус­­тың ай­наласында ұстап тұру үшін шека­ра­ларымызға қарамастан, декар­бо­низация­лау әрекетіне кірісуіміз керек. Сондықтан бізге Жаһандық жасыл ке­лі­­сім қажет.

Осы мақсатқа қол жеткізу үшін үш инвестициялық басымдық беріп отыр­мыз. Біріншіден, ең озық әрі таза тех­ноло­гиялардың барлық жерде қолда­ныл­­уын қамтамасыз етуіміз керек. Жа­­­ңартылатын энергияны қолдану бо­­йын­ша алға жыл­жы­ға­нымызға қара­мас­тан, әлемдегі элек­тр энер­гиясының 40 пайызы әлі күн­ге дейін ең лас энергия көзі саналатын көмір арқы­лы өнді­рі­леді. Экономикалық дамумен бірге электр энергиясына деген сұраныс жо­­ға­ры­лай­ды. Соған сәйкес жасыл технология шешімдерін қабылдау және әлемді таза электр желілеріне қосу міндеті туын­дай­ды.

Еуропа Африканы жасыл энергети­ка­­мен қамтамасыз ету бағдарламасы мен Азиядағы өнеркәсіпті декарбонизация­лау бағ­дарламасынан бастап, Латын Аме­ри­ка­сында қуат жинағыштар қою секілді жобаларға инвестиция құю­ға дайын. Біз су тасқынына қарсы тех­но­­логиялар, ауа райын болжаудың озық құ­ралдары және тұрақтылық инфра­құ­ры­лымы секілді кли­матқа бейім­де­лу тә­жірибелерімен бөлі­се аламыз. Қар­жы­лық мүмкіндіктерін, кли­мат­қа бе­йім­делу бойынша күш-жігерді қол­дау­ға арналған білімін қолданып, Еуро­палық инвестициялық банкі өзінің ресурс­тарын осы маңызды салаға жеке сек­тордан көбірек инвестиция тартуға күш салады.

Біздің екінші басымдық – серпінді жасыл технологияларға бұрын-соңды бол­­маған инвестиция салу. Мұндай зерт­теулер мен әзірлемелер өте қажет әрі олар үлкен нарықтық мүмкіндік бе­реді. Қазірдің өзінде әлемдегі пар­ник­тік газдар шығарудың жартысын құ­рай­тын елдер тобы оны мүлдем жоюға міндеттеме алды. Басқа мемлекеттер бұған қосылатыны сөз­сіз. Бұған қол жеткізу үшін аталған мем­лекеттердің бәрі еуропалық технология мен инвестицияны қажет етеді. Таза су­тегі, жа­ңар­тылатын энергия көздері және энер­гия­­ны сақтау шешімдері Еуро­па­лық одақ­­тың экспорттық саласына айналуы мүм­кін.

Ақырында, «айналмалы экономика» идеясын қабылдауымыз керек. Қалай дегенмен, біз планетамыздың мүмкіндігін асы­ра сілтеп пайдаланып жатырмыз. Оның салдары жыл сайын күшейіп, жой­қын бола түсті. Біз тұтынатын тауар­лардың экологиялық зияны және көмір­те­гі газдарын шұғыл азайтуымыз қажет.

Оған қол жеткізу үшін үнемі жаңа тауарлар шығарып немесе импорттап, шикізат өндіріп отырмай, ресурс­тар­ды қайта пайдаланатын «айналмалы техно­ло­гияларға» инвестиция са­луғ­а тиіс­тіміз. Мұндай экономика аз кез­де­се­тін ресурстарға тәуелділігімізді азайтып қана қоймай, сонымен қатар жұмыс орындарын құруға орасан ықпал етеді. Еуропа көрсетіп келе жатқанындай, Жа­сыл келі­сім – тек экологиялық саясат емес, бұл – экономикалық және геосаяси қ­аж­ет­тілік.

Бес жыл бұрын 196 мемлекет жи­на­лып, Париж келісіміне қол қо­йып, әлемдік орташа температураны индус­трия­ға дейінгі деңгейден 2 гра­дусқа, мүм­кін болса 1,5 градуста ұс­тап тұруға уәде берді. Әзірге бұл мін­дет­темені орындауға жасалып жатқан іс-әрекет жет­кіліксіз. Амбицияны іске қосып, прогресті жеделдететін кез келді. Бұл «Кли­маттық іс-шараларға инвестициялау» жиынындағы әлемге жолдауымыз.

Бәріміз – мемлекеттер ғана емес, со­ны­­мен қатар кәсіпкерлер, қалалар, қар­жы инс­титуттары және азаматтық қо­ғам климат проблемасын шешу үшін бірлесуіміз керек. Еуропада үлгі болатын құралдар, дағдылар мен білім бар. Біз Жаһандық жасыл келісімді қамтамасыз ету үшін кли­маттық саясаттағы көшбасшылықты на­рықтағы көшбасшылыққа ауыстыруы­мыз керек.

Ендеше, іске кірісейік.

 

Урсула вон ден ЛЯЙЕН,

Еуропалық комиссия президенті

Вернер ХОЙЕР,

Еуропалық инвестициялық банк президенті

 

Copyright: Project Syndicate, 2021.

www.project-syndicate.org