Қазақстанның Халық жазушысы, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті қаламгер Қабдеш Жұмаділов 1936 жылы 24 сәуірде Шыңжаң өлкесінің Тарбағатай аймағы, Малдыбай ауылында дүниеге келген.
Болашақ жазушы өзінің кіндік қаны тамған ауылында бастауыш білім алып, кейін Шәуешек гимназиясын бітіреді. Алғашқы өлеңдері «Шыңжаң» газетінде, ал тырнақалды әңгімесі «Шұғыла» журналында жарияланған. 1956 жылы Қытай үкіметінің жолдамасымен Алматыға келіп, Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түсті. КСРО мен Қытай мемлекеті арасындағы саяси жағдайға байланысты оқудан кері шақырылып, 1958-1962 жылдар аралығында қуғын-сүргінге ұшырайды. 1962 жылы империя шекарасы шырғалаңын көктей өткен қазақ көшімен бірге атажұртқа оралып, оқуын аяқтайды.
Қаламгердің осындай күреспен басталған өмірі атамекенінің асқақ армандары, ел үміті мен мүддесі, тәуелсіздіктің арайлы таңы атқаннан кейін жас мемлекеттің қалыптасуы және қайта өрлеуі, ұлттық құндылықтар мен жас ұрпаққа рухани тәрбие беру жолындағы ізденістер мен талпыныстарға ұласты. Сол талпыныстар оның қаламынан туған әрбір шығармасынан анық көрінді.
«Жас дәурен», «Қаздар қайтып барады», «Көкейкесті», «Соңғы көш», «Бақыт жолында», «Саржайлау», «Шарайна», «Сәйгүліктер», «Атамекен», «Тағдыр», «Дарабоз» секілді повестері мен романдары ел тарихы мен тағдырының ең бір күрделі кезеңдері жайлы ой толғаған, оның жарқын болашағына сенген шығармалар болды. «Соңғы көш» дилогиясы үшін Әуезов атындағы әдеби сыйлықты алса, «Тағдыр» романы үшін Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты болды. Әр жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Жазушы» баспасында, Мемлекеттік баспалар комитетінде қызмет істеп, кейінгі қырық жылдан астам уақытын шығармашылыққа арнады.
Жазушыны қаламы шырқау биікке – даңқ пен беделдің шығанына ғана емес, туған елінің махаббаты мен құрметінің, оқырманның шынайы бағасының биігіне көтерді.
«Егемен Қазақстан» газеті ел өмірін жырлаған ерен қуатты қалам иесі, халқымыздың қадірлі қариясы, оқырмандардың іздеп жүріп оқитын жазушысы болған Қабдеш Жұмаділовтің қазасына қайғыра отырып, қаламгердің отбасына, қалың оқырманына көңіл айтады.
Егеменқазақстандықтар