Қазақстан коронавирустың таралуы бойынша «қызыл аймақта» тұр. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты.
«Коронавирусқа шалдығу Шымкент, Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында, Ақтөбе мен Алматы облыстарында өсіп жатыр. Науқастанғандардың жалпы санының 63 пайызы Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларының, Алматы облысының тұрғындары. Алматы қаласында ақпанда тәулігіне 100 жағдай тіркелсе, сәуірде 600 жағдайға дейін жетті. Нұр-Сұлтан қаласында ақпанда тәулігіне 100 жағдай болса, сәуірде 500 жағдайға дейін артып отыр», деді министр.
Сонымен қатар ол Алматы облысында коронавирус жұқтыру көрсеткіші ақпандағы 70 жағдайдан сәуірде тәулігіне 270-ке жеткенін айтты. «Эпидемиологиялық жағдай матрицасына сәйкес, Қазақстан Республикасы бір апта бойы тәуекелі жоғары, яғни «қызыл аймақта» тұр. Сонымен қатар тәуекелі жоғары аймақта еліміздің 7 өңірі бар. Бұл Алматы мен Нұр-Сұлтан қалалары, Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Қарағанды және Ақмола облыстары», деді А.Цой.
Ведомство басшысы коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші және екінші компоненті қанша адамға салынғанын да тілге тиек етті.
«Коронавирус инфекциясына қарсы вакциналау жалғасып жатыр. 1 сәуірден бастап вакциналауға жататын тұлғалар санаты кеңейтілді. Бүгінде вакцинаның компонентімен 217 070 азамат, ал екінші компонентімен 79 541 азамат егілді. Мың тұрғынға шаққандағы көрсеткіш 11,5 болды. Оның ішінде медицина қызметкерлерінің 40, педагогтердің 17, күштік құрылымдардың 7,7 пайызы, медициналық-әлеуметтік мекемелердегі қызметкерлердің 0,5 пайызы екпе алды», деді министр.
Оның сөзінше, екпе алған адамдардың 0,8 пайызында уақытша дене қызуының көтерілуі сынды белгілер байқалды. Сәуірде екпе алуға тиісті контингенттің 24,4 пайызын немесе шамамен 2 млн азаматты екпемен қамту жоспарланып отырғанын да жеткізді.
«Қазақстанда өндірушілермен жүргізілген келіссөздерді ескере отырып, бірінші жартыжылдықта 6 млн-нан астам вакцина дозасын қабылдау жоспарлануда, бұл тиісті контингенттің 64%-ын қамтуға мүмкіндік береді. Бұл көлем КВИ-ға қарсы вакциналауға жататын контингентті және өтеусіз негізде вакциналауға ниет білдірген адамдардың қолжетімділігін барынша кеңейтуге мүмкіндік береді», деп атап өтті министр.
Ұйымдастырылған ұжымдарда және адамдар көп жиналатын жерлерде вакциналау жүргізу үшін Алматы қаласында жылжымалы егу пункттері іске қосылады. Эпидемияға қарсы күрес пен іскерлік белсенділік арасындағы теңгерімді сақтау мақсатында елде цифрлық технологиялар белсенді енгізілетін болады. Сөйтіп, вакцина алған тұлғалар туралы есепке алу және мониторинг жүргізу үшін «Антиковидті паспорт» әзірленген. Бүгін Денсаулық сақтау министрлігі «электрондық үкімет» порталында «вакциналауға жазылу» қызметін іске қосуды жоспарлап отыр.
Ол үшін азамат «электрондық үкімет» порталына авторизациялануы және өтінім беруі қажет, онда тек тіркеу аймағы бойынша медициналық ұйымды көрсету қажет болады, содан кейін өтінім медициналық ұйымға бөлуге/қарауға түседі. Медициналық ұйым вакцина жүргізу уақытын көрсете отырып, өтінімдерді бөледі. Таратылғаннан кейін азамат «электрондық үкімет» порталында медициналық ұйымға баратын күнді және уақытты көреді, сондай-ақ қосымша SMS хабарлама алады.
Сонымен қатар министр дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету мәселесіне тоқталды.
«Бүгінде еліміз дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың қажетті көлемімен толық қамтамасыз етілген. Ауруханаларда КВИ-дан емдеуге арналған дәрілердің айлық қоры, «СҚ-Фармация» қоймаларында және дәріханаларда – екі айлық қоры қалыптастырылған. Барлық өңірлерде 18 млрд теңгеге дәрі-дәрмектердің тұрақтандыру қорлары құрылды. Медициналық ұйымдар жеке қорғану құралдарымен толық қамтамасыз етілген, өңір әкімдіктерінің 3 айлық қоры бар. Республика бойынша кешегі күнгі жағдай бойынша COVID-19 оң нәтижесімен 258 917 науқас және КВИ минуспен 50 955 жағдай тіркелген. КВИ+ бар 228 089 науқас және КВИ-мен ауыратын 49 290 науқас сауығып шықты.
Айта кететін жайт, республика бойынша КВИ-мен ауыратын науқастарға медициналық көмек көрсету үшін Республикада 29 189 төсек-орын қоры бар 276 инфекциялық стационар жұмылдырылды. Инфекциялық стационарлардың жұмыспен қамтылуы – 36%-ды, реанимациялық стационарлардың жұмыспен қамтылуы – 23%-ды құрайды. Инфекциялық төсектердің ең көп жүктелуі Нұр-Сұлтан қаласында (71%), Батыс Қазақстан облысында (68%), Алматы облысында (57%), Алматы қаласында (51%) байқалады.
«Министрлік төсек қорының жұмыспен қамтылуын өңірдің әрбір медициналық ұйымының деңгейіне дейін мониторингтеудің электрондық жүйесін әзірледі, бұл қосымша стационарлардың уақтылы әрекет етуіне және өрістеуіне мүмкіндік береді. Өңірлерде инфекциялық төсектерді өрістету жоспары бар, жұмыс істеп тұрған инфекциялық стационарлардың жүктемесі 70%-ға жеткенде инфекциялық төсектердің резерві 51 мыңнан 60 мыңға дейін ұлғайтылды, резервтік объектілер тартылатын болады, бұл ретте жоспарлы мамандандырылған медициналық көмек көрсету жалғасады», деді Денсаулық сақтау министрі.