• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 09 Сәуір, 2021

Биыл кәсіпкерлер үшін жайлы бола ма?

202 рет
көрсетілді

Былтырғы қорқыныш биыл да санадан жоғалған жоқ. Пандемия бірінші кезекте бизнеске ауыр соққы болып тиді. Салдары әлі жойылмай жатыр. Былтыр әлемдік экономика деңгейі 4,3 пайызға төмендеп кетті. Мұндай күрделі ахуал Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарынан бері болып көрмеген. Биыл «жығылған үстіне жұдырық» болып жүрмей ме? Кәсіпкерлер не күтеді? Экономикалық ахуал қалай құбылуы мүмкін? PwC жобасы жүргізген арнайы зерттеуге қатысқан компания басшылары 2021 жылдың экономика мен бизнеске әсері туралы пікірлерін бөліскен. Сауалнамаға әлемнің 100 елінен жеке бизнестегі 5050 басқарушы қатысыпты. Қазақстаннан 71 топ-менеджер өз па­йымдарын жария еткен. Демек, бұл зерттеуден биылғы бизнестің жалпы картинасын құрастыруға болатын сияқты.

Әлемдік экономика өсім көрсете ме?

Сарапшылардың болжауынша, 2021 жылы әлемдік экономи­ка өсімі артады. Былтырғыдай ауыр дағдарыстан соң қайтадан ша­рық­тау болады. Бұған тарих дәлел.

– Алдағы 12 айда әлемдік эко­но­мика өсу қарқыны аздап баяу­лайды. Бұл пандемиядан жи­нақ­талған эффект нәтижесі. Жал­пы алғанда біздің бизнес 2020 жылы жақсы өсім көрсетті. IT са­ласын өндірісте пайдалану – процестерді жеңілдетіп, пан­демия кезінде бизнес процеду­ра­ларын оңайлатты. Біздің компанияда шағын және орта бизнес­пен жұмыс істейтін бөлім бар. Сондықтан пандемияның бұл секторға қалай әсер еткенін біле­міз. Меніңше, локдаун шағын кәсіп­орындарға кері әсер етті. Қар­жылық әлеуеті бар орта және ірі кәсіпорындар ағысқа қар­сы жүзіп келеді. Бірақ шағын кәсіп­орындар шығынға батты, – дейді Softline басшысы Анна Дю.

Fashion Retail Kazakhstan басшысы Зарадешт Хамоудың айтуынша, Қытай экономикасы өсу қарқынының жылдам қалпына келуі ғана әлемдік өсімді тездетуі мүм­кін. Егер Қытайда бәрі ойда­ғы­дай болса, онда биыл әлем 2019 жылғы деңгейіне оралады деп болжайды ол.

 

Жеке компаниялар өз табысына сене ме?

Былтырғы ауыр нокдауннан соң табыс туралы айтудың өзі үлкен тәуекелді қажет ететін секілді. Десе де біздің кәсіпкерлер биыл табысқа шығарына сенімді. Қатаң шектеу, локдаун, ұзаққа созылған карантин бизнесті жаңа жағдайға бейімдеуге, клиентпен жұмыс істеудің тың әдістерін табуға, IT жаңашылдықты бизнеске сәтті енгізуге бейімдеп, кәсіпкерлерді қайрап жібергендей.

– Осы жылы және алдағы үш жыл­да табыс табатынымызға сене­міз. Біз тау-кен өнеркәсібі сала­сында жұмыс істейміз және бұл салада өсім жалғасады. Тап­сы­рыс берушілер инвестициялау­ды тоқтатпайды. Дегенмен әр шешім­ге бұрынғыдан да байып­тырақ қарайтыны түсінікті, – дейді Эпирок компаниясының басшысы Михаил Балычев.

Aitas Group, UKPF басшысы Серік Толықпаевтың айтуын­ша, кезекті екінші Макинск құс фаб­рикасының іске қосылуы нә­ти­же­сінде 50 пайыздық өсім жос­пар­ланған. 2017 жылдан бері компания табысы 2,5 есе артқан. Satu.kz құ­ру­шысы Максим Мельниктің сө­зін­ше, пандемия сал­дарынан көп­те­ген қызмет он­лайн­ға ауыс­­ты. Ал бұл проце­сс өз кезе­гінде Satu.kz сияқ­ты ин­тер­нет-алаң­дар­­дың өтім­­ділігін арт­тыра түс­ті. Оның ай­туынша, Қазақ­стан­да­ғы e-com­merce үлесі 5-7 па­йыз ара­­лығын­да. Мәселен, Ұлы­­брита­ния, өзге де еуропалық ел­дер­де бұл көр­­сеткіш 20-30 пайызға же­те­ді. «Таяқ­тың екі ұшы бар» де­ген. Қа­зақ­­­стан­дық­тардың онлайн сау­да-сат­­тыққа бе­йім бола түсуі ел­дегі e-com­merce деңгейін арт­тыр­­маса кеміт­песі бел­гілі. Қатысу­шы-сарапшылар­дың бар­лығы де­рлік өз та­бы­сы­­ның биыл және алда­ғы үш жылда өсім көр­сетеріне күмән­данбайды.

 

Бизнеске қауіп төндіретін қандай фактор?

Қазақстан кәсіпкерлері бизнеске кедергі келтіретін басты фактор ретінде валюта курсы­ның құбылуын келтіреді. Одан кейінгі орындарда – пандемия және денсаулық сақтау сала­сындағы өзге де дағдарыс; эко­но­микалық өсімге қатысты нақ­ты­лықтың болмауы; білік­ті кадрлар тапшылығы; әлеумет­тік тұрақсыздық; жалған ақпа­рат; салық жүктемесінің көбеюі. Сонымен қатар салық тұрақ­сыз­дығы, кибер шабуылдар, сауда барысындағы келіспеушілік те қатерлі факторлар қатарында.

 

Бизнес тарапында біз үшін маңызды елдер

Қазақстандық сарапшы­лар­дың көзқарасы бойынша, бизнесті дамытуға септесетін ТОП-елдер қатарына – Ресей (63 пайыз), Өзбекстан (42), Қытай (38), АҚШ (32), Украина (13), Қырғызстан (13) елдері кірген.

– Қытай нарығында біз бұрын­нан жұмыс істейміз. Біздің шырын зауытымыз болды және оның артықшылығы мен кемшілігін жақсы білеміз. Қазір сол жаққа біртіндеп жылжып жатырмыз. Өйткені тағы да логистикаға байланысты проблемалар туындады. Оның нарыққа кіру мүмкіндігі төмендеп кетті. Өзбекстан нары­ғында сүт өнімдері бойынша жұмыс істейміз. Онда да проблема жеткілікті. Бірінші кезекте мемлекеттік қадағалауға байланысты, – дейді Raimbek Group басшысы Раимбек Баталов.

 

Инвестициялық климат қалай өзгерді?

Қатысушы сарапшылардың 46 пайызы 2020 жылы инвести­циялық климат өзгерген жоқ десе, 43 пайызы нашарлады деп есептейді. Тек 11 пайызы ғана инвестициялық климат жақсарды деген пікірде.

Алдыңғы жылмен салыстыр­ғанда инвестициялық климат ахуалы біраз төмендеді. Ше­кара­лар жабылды, ал бірқатар ба­ғ­дар­ламаға қажеттілік болмай қалды. Әрине, Түркістан әуежайының құрылысы, ADPi француз ком­паниясының бір бөлімі саналатын түркиялық TAV holding-тің Ал­маты әуежайын сатып алуы тұр­ғысынан жыл же­місті болды. Әуе жолы шаһар мен ел үшін ма­ңызды болған­дық­­тан бұл ша­ра­лар­ды мейлінше оң құ­­былыс деп ба­ға­лауға болады. Өйт­кені, Алматы – коммер­ция­лық, ал Түркі­стан – туристік орта­лық. Келесі жылы қалай боларын уақ­ыт көрсетеді, – дейді Skymax Technologies басшысы Ерік Шортанбаев.

Kolesa Group басшысы Ни­колай Бабешкиннің айтуынша, 2020 жылы инвестициялық климат жақсара түсті. «Табысты IPO соның дәлелі. Егер ол басқа компанияларды да қамтыса, онда инвесторлар Қазақстанда жұмыс істейтін ұйымдарға қаржы сала бастайды. Кейбір инвестициялар бойынша артқа кету бар шығар, алайда Kaspi.kz кейсі керемет үлгі көрсетіп берді. Инвестициялық климат нашарлаған жоқ. Бұл жолда мемлекетке қарағанда бизнестің үлесі мол болды» дейді Н.Бабешкин.

Бизнесте табысты болу үшін компания басшысына қандай қасиеттер керек? Бұған қатысты бірінші басшылар сан түрлі көз­қарас білдірген. Солардың ара­сынан бірнеше қасиет екше­ліп шыққан. Атап айтар бол­сақ, сарапшылардың 30 пайызы – бейімділік, 19 пайызы – страте­гиялық көре білу, 14 пайызы – көш­басшылық, 9 пайызы – команданы дамыта білу, 7 пайызы – жаңашылдыққа ұмтылу, 4 пайызы – шешімталдық, 3 пайызы – этика, тағы 3 пайызы – эмоционалды интеллект қасиеттері керек екенін айтады.