Шағын және орта бизнесті дамыту басты басымдыққа айналып тұр. Осы мақсатта түрлі жобалар қолға алынуда. Пандемия бизнесті онлайн форматта дамыту ең оңтайлы нұсқа екенін дәлелдеп берді. Осы орайда елімізде ШОБ өкілдерінің электронды коммерцияны ерекше меңгеруіне мүмкіндік беретін жоба іске қосылды. Жоба аясында тәуелсіз сарапшылар, интернет-маркетинг, электронды сауда, электронды төлем, бухгалтерлік есеп және ақша ағынын басқару бағытында табысқа жеткен ірі халықаралық компания мамандары вебинарлар өткізіп, дәріс бермек.
Вебинарлар барысында жарнамаға, цифрлы жылжытуға және қолданыстағы цифрлы жарнама түрлеріне көп көңіл бөлінбек. Сонымен қатар ШОБ өкілдеріне электронды саудаға көшудің ерекшеліктері: веб-сайт пен интернет-дүкенді қалай жүргізу, онлайн-тапсырыстарды қалай басқару және клиенттерді тарту, сауда интернет-алаңдары (маркетплейстер) және танымал әлеуметтік желілер (мысалы, Instagram) арқылы сатуды жүзеге асыру мүмкіндіктері айтылады. Электронды сауда электронды төлемдермен тікелей байланысты болғандықтан цифрлы төлемдер тақырыбына ерекше назар аударылмақ.
– 2025 жылға қарай сауданы дамытудың ұлттық жобасы аясында біз Қазақстандағы электронды сауда үлесін 15 пайызға жеткізуді мақсат етіп отырмыз. Бұл үшін мемлекеттік реттеуді жетілдіруге, электронды сауда инфрақұрылымын жақсартуға, мемлекет пен бизнесті үйлестіруге, қазақстандық тауарлардың электронды экспортын дамытуға тиіспіз. Бұл үдерісте бизнес пен халықтың цифрлы дағдыларын тұрақты түрде дамыту өте маңызды. ШОБ-тың цифрлы және қаржылық сауаттылығын арттыру елдегі е-коммерцияның одан әрі дамуына, біздің компаниялардың басқа нарықтарға шығуына көмектеседі деп сенемін. Пандемия әлемде және Қазақстанда электронды сауданың дамуына оң әсерін тигізді. Карантин шаралары бизнестен клиенттермен өзара іс-қимыл форматын қайта қарауды талап етті. Кәсіпкерлердің осы жоба аясында жетекші халықаралық сарапшылар мен мамандардан алатын тәжірибесі мен білімі оларға жұмыс стратегиясын өзгертуге, сауда саласындағы жаңа форматтарды, стандартты емес шешімдер мен қызметтерді табуға көмектеседі деп үміттенеміз, дейді Сауда және интеграция вице-министрі Әсел Жанасова.
Орталық Азиядағы Mastercard компаниясының бас директоры Рафал Трэпканың айтуынша, цифрлы экономика өміріміздің ажырамас бөлшегіне айналды. Өйткені қазір адамдардың көбі дерлік карта немесе смартфонмен төлем жасайды, тауарды онлайн сатып алады және бұл кәсіпкер үшін де, клиент үшін де қолайлы бағытқа айналды.
– ШОБ кәсіпорындары экономикада негізгі рөл атқарады. Олар мобильді және өзгерістерге төзімді, сонымен қатар жұмыс орындарын қамтамасыз етеді. Электронды сауданың қарқынды өсу дәуірінде экономиканың осы секторына жаңа білім мен дағдылармен қолдау көрсету өте маңызды. Біз бұл жоба кәсіпкерлерге пайдалы болатынына және жаңа сапалы деңгейге шығуға, бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер беретініне сенімдіміз, – дейді USAID кәсіпкерлікті және бизнес ортаны дамыту жобасының жетекшісі Филип Стоянович.
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының зерттеулеріне сәйкес, COVID-19 пандемиясы әлемде электронды сауданың кең таралуына ықпал етті. Бұрын біз ойламаған бағытта жаңа кәсіпорындар ашылып, жаңа клиенттер легі қалыптасты. Қазақстан да халықаралық трендтерден тыс қалмайды. 2021 жыл e-commerce-тің таралу деңгейін арттырады және бизнес үшін пайдаланылмаған мүмкіндіктерді ашады деген сенім басым.