Жыл басынан бері қазақстандық банктердегі ұжымдық депозит мөлшері 155,4 млрд теңгеге немесе 1,5 пайызға өсіп, 10,77 трлн теңгені құрады. Бірақ наурыз айында әжептәуір құлдырау болғанын байқаймыз. Заңды тұлғалардың салымы 20,5 млрд теңгеге азайып кеткен.
Заңды тұлғалар депозиті бойынша тек үш қаржы институты ғана – ForteBank, Еуразиялық банк және СитиБанк айлық динамикада өсім көрсеткен. Алайда үш ай қорытындысы бойынша минус көрсеткішке ие. Ай сайынғы және үш айдағы өсім бойынша көшбасшылық тізгін ForteBank қолында тұр. Портфельді 154,5 млрд теңгеге өсіріп, тұңғыш рет 1 трлн теңгелік межеден асып түскен. Бұл банктің жақында Global Finance нұсқасы бойынша «Қазақстан үздік банкі» аталымын жеңіп алуы да оның отандық бизнестегі орнын нықтай түскен секілді. Наурыз айындағы құлдырау сәтінде банктің іскерлік белсенділігі корпоративтік салым бойынша 72,9 млрд теңге өсім көрсетті. Сонымен қатар өсім бойынша алғашқы үштікте корпоративтік депозит мөлшері 536,5 млрд теңгеге жеткен «Банк ЦентрКредит» (+ 29,5 млрд теңге) және 212,8 млрд теңгеге жеткен ВТБ Банк (+ 27,4 млрд теңге) бар.
Әзірге ForteBank елдегі үздік қаржы институты болып қала беруде. 2018 жылдан бері үздік банк атағын ешкімге берген жоқ. Былтырғы активтер сапасын бағалау AQR нәтижесі де банктің сенімділігін дәлелдеді. Дәл қазіргі сәтте қаржы институтының 20 филиалы мен 100-ге жуық бөлімшесі жұмыс істейді.
Finprom.kz мәліметі бойынша, заңды тұлғалар жинақтаған 10 трлн теңге елдегі бүкіл депозиттің тең жартысын құрайды. Яғни пандемияның ауыр соққысына қарамастан, нарықтағы белсенді ойыншылар өз орындарын және табыстарын сақтап қала алған деп пайымдауға негіз бар. Ресми статистика бойынша Қазақстан аумағында белсенді қызмет қылатын 168,5 мың компания бар.
Наурыз айындағы жағдай бойынша ел аумағында жалпы саны 463 мың кәсіпорын тіркелген. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 3 пайызға көп. Оның 335,2 мыңы қызметін тоқтатпаған. Тағы 46,3 мың компания нарыққа жаңадан келген.