Елордалық Mega Silk Way сауда-ойын сауық орталығында коронавирусқа қарсы вакциналау басталды. Вакцинаның бірінші компонентін СОО қызметкерлері, бутиктерді жалға алушылар, сатушылар және орталық қызметкерлері алды. Бұдан басқа, тұрғындарды коронавирусқа қарсы вакциналау алдын ала жазылу арқылы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарында, яғни емханаларда, отбасылық денсаулық орталықтарында, дәрігерлік амублаторияларда және т.б. орындарда жүзеге асырылады.
Елорда әкімі Алтай Көлгіновтің тапсырмасымен егу пункттерінің саны 36-дан 100-ге дейін ұлғайды. Оның жұмыс кестесі сағат 08:00-ден 00:00-ге дейін ұзартылды. Вакцинаны алуға egov мобильдік қосымшасы арқылы немесе 109 нөмірі бойынша call-орталыққа қоңырау шалу арқылы жазылуға болады.
«Бүгін тестілік режімде СОО қызметкерлеріне вакцина салдық. Мұнда шамамен 100 адам бар. Вакциналаудан бұрын олардың бәрі дәрігерлердің міндетті медициналық тексеруінен өтті. Ал СОО-да бригадалар кезекшілік етеді. Вакциналауға рұқсат берілгендер егіледі», деді Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Әлия Рүстемова.
Сондай-ақ ол СОО-да қала тұрғындарын жаппай вакциналау қашан басталатынын қозғап өтті.
«Бүгін қалалық санитарлық дәрігердің қаулысы бойынша СОО келушілер үшін жабық. Сол себепті дүйсенбіде СОО-да орналасқан егу орталығы тұрғындарымызды да, орталыққа келушілерді де вакциналауды бастайды», деді Ә.Рүстемова.
Қазіргі уақытта елордада вакцинаның жеткілікті мөлшері бар. Сәуір айының соңына дейін Нұр-Сұлтанға 250 мыңнан астам доза келеді. Жалпы, әр апта сайын денсаулық сақтау басқармасының қоймаларына Спутник V жаңа партиясы келіп түседі. Бүгінгі таңда коронавирус инфекциясына қарсы 26 мыңнан астам адам екпе алды. Қажет болған жағдайда халықты вакциналау пункттері бірқатар СОО мен қонақүй кешенінде ашылады.
Елордада жаппай вакциналаудың бірінші күні 4 500-ден астам адам коронавирус инфекциясына қарсы вакцина алды. Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметі бойынша бұл көрсеткіш МСАК ұйымдарында және Mega Silk Way СОО-да ұйымдастырылған егу пункттеріндегі вакциналаудан кейін орын алып отыр.
Ведомствоның хабарлауынша, вакцинаны 20 және 90 жас аралығындағы қала тұрғындары қабылдады.
«Инфекцияға шалдығуы мүмкін адамдардың тізімінде жасымызға байланысты алғашқылардың бірі болып тұрмыз. Өткен жылы жағдай өте қорқынышты болды. Мен әлі де өмір сүріп, немерелерімнің қызығын көргім келеді. Сол себепті екпе қабылдау немесе қабылдамау туралы тіпті ойланып та жатпадым. Бізге де вакцина алуға болатынын білгенде қуанып, бірден емханаға келдім. Денсаулығым жақсы күйде өмір сүргім келеді», деді 72 жастағы қала тұрғыны Қайыргелді Жұманов.
Медицина қызметкерлері азаматтарды вакциналаудың оң үрдісін атап өтті.
«Біз екпе алғысы келетіндер көп екенін байқап отырмыз. Бұл бізді қуантады. Шыны керек, бастапқыда бұл іс қалай өтетіні туралы екіұдай ойда болдық. Жұрт КВИ вакцинасына наразы болады деп ойлаған едік, бірақ бәрі керісінше болып шықты. Көпшілік жаңалықтарды оқып, тек оң пікірлер байқағанын, ал айтарлықтай күшті жанама әсерлерді байқамағанын айтып жатыр. Көптеген адам вакцинаның денсаулыққа зияны жоқ екенін, тек пайдасы мен індеттің алдын алу екенін түсінді», дейді №2 қалалық емхананың аға медбикесі.
Еске салайық, 12 сәуірде елордада коронавирус инфекциясына қарсы екпе алғысы келетіндерді жаппай вакциналау басталды. 640 мыңнан астам азаматты немесе тұрғындардың 60%-ын жас шектеулері мен медициналық көрсеткіштеріне сәйкес қамту жоспарланып отыр. Вакциналау қаланың МСАК ұйымдарында (ұйымдардың тізімі елорданың қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының сайтында көрсетілген) және Mega Silk Way СОО-да жүргізіледі.