• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Тарих 19 Сәуір, 2021

Атлах-Талас шайқасы: Ұлы жеңіске 1270 жыл

27823 рет
көрсетілді

Осыдан тұп-тура 1270 жыл бұрын, яғни 751 жылдың шілде айында, Тараз (Талас) қаласына іргелес жатқан шағын ғана Атлах бекінісі маңында күллі Азия мен Қазақ жерінің тағдырына түбірлі өзгеріс әкелген орасан зор қанды шайқас болған еді. Зерттеуші ғалымдар оны бірде «Талас шайқасы» деп жазса, бірде «Атлах шайқасы» деп жазып келді. Біз шайқас алаңының ауқымын, екі жақтан соғысқа қатысқан әскердің қимыл-қозғалысын ескере отырып, бұл алапат айқасты «Атлах-Талас шайқасы» деп атауды жөн көрдік. Ал еліміздің тарих оқулықтарында өз жерімізде болып өткен осынау аса маңызды тарихи оқиға туралы мардымды ешнәрсе жоғы өкінішті.

Алдымен Атлах туралы жазба деректеріміз не дегеніне назар аударып көрелік.

Атлах – VІ-ХІІ ғ.ғ. Талас-Шу бойындағы аты шартарапқа мәлім болған түрк қалаларының бірі. Академик Әлкей Марғұлан Атлахты – Отлых деп жазыпты. Араб тарихшысы әл-Макдиси 985 жылы: «Атлах үлкен қала, көлемі жағынан орталық қалаға жақын, айналасы биік дуалмен қоршалған. Бау-бақшасы көп, жүзім мол өседі. Мешіті орталығында, базары – рабатта (қала шетінде) болған» деп жазады. Махмұд Қашқари болса «Атлұқ-Отлық» мұндағы «Отлық» дегеніміз қазақ тіліндегі отты, шалғын шөпті, көгалды жер» деген мағынаны білдіреді. Талас (Тираз) маңындағы бір қаланың аты» деп қысқа қайырады. Орыс тарихшысы А.Бернштам өзі ашқан археологиялық айғақтарға сүйене отырып: «Атлах қаласының орны Тараз қаласына таяу жердегі Жуантөбеде, оның үйіндісінің айналасы 280/140 метр аумақты алып жатыр» деп нақтылай түседі.

Ендеше, «Атлах-Талас шайқасы» дегеніміз қандай шайқас, оған қай елдерден, қанша әскер қатысты, соғыстың алғашқы төрт күнінде Таң империясына одақтас болған делінген қарлұқ, түркеш қолы, бесінші күні неліктен арабтар жағына өтіп кетті? Қытай армиясынан қанша адам өліп, қаншасы тұтқынға түсті? Түркеш әскері бұл шайқасқа қатысты ма, қатысса кімдер жағында болды? Соғыс аяқталғаннан кейінгі геосаяси жағдай қалай өзгерді? Бұл шайқастың тарихи мән-маңызы қандай болды?» деген сұрақтар төңірегінде тарихшылар алуан түрлі ой-пікір айтып келгені белгілі. Бұл сұрақтарға ертедегі және бүгінгі қытай тарихшылары мен қоғамтанушыларының зерттеулеріндегі астам державалық, отаршылдық ындынға негізделген өрескел қателіктері мен аса қатерлі агрессиялық озбырлықтарына тойтарыс беретін талдауларымызды мақаламыздың соңғы жағында нақтылай көрсетпекшіміз.

Алдымен, «Атлах-Талас шайқасы» қарсаңындағы геосаяси, әскери жағдайға кысқаша тоқталуға тура келеді. VІІІ ғасырдың ортасында, нақтылап айтқанда, 750 жылы Араб халифатындағы ұзаққа созылған тақ таласы, қырқысы аяқталып, «қара киімділер» аталған аббасшылар толық жеңіске жетті де, осыған дейін бақылаудан тыс қалған бұрынғы ортаазиялық иеліктеріне бақылауды күшейте бастады. Бұған дейін Тибет пен Шығыс түрк қағанатына және ішкі қырқыстан әбден әлсіреген түркештерге әлденеше жеңісті жорықтар жасап, Жетісу мен Мәуренахрға сұғына кірген Таң империясы армиясы халифат иелігіне тікелей қауіп төндіре бастаған болатын. Осы дәуір туралы жан-жақты зерттеу жүргізген Қытай тарихшысы Шуе Зұңжың мырза екі империяның мүдде қақтығысын былайша түйіндейді: «Бұл аймақтағы билік үшін болған текетірес, қарулы қақтығысқа таяп келді. Бір ғасырға созылған саяси ықпалдастықтың күшейіп-әлсіреп отыруына орай, ақырғы тоқайласар алаң, бұрынғыдай «тәңірі қағанның батыс қақпасы атанған Әмудариясы емес, Суябқа жуық Талас аңғары болып калған еді». Бұл жолдарда тарихи шындық бар екенін атап айтуымыз керек. «Атлах-Талас шайқасы» алдындағы Орта Азия елдерінің геосаяси жағдайын төмендегідей топтастыра айтуға болады.

737 жылы түркештердің құдіретті билеушісі атанған Сұлұқ қаған қастандықпен өлтірілгеннен бергі он жыл бойы қағанатты құраған бес дулат пен бес нүшбе арасындағы тақ таласы Түркеш қағанатын біржола тұралатып тастаған еді. Түркештерді Таң империясы тағайындаған қуыршақ қағандар билей бастады. 744 жылы яғма, қарлұқ, ұйғырлардың тегеурінді соққысынан талқандалған соңғы түрк қағанатының тағы үшін болған ішкі соғыстар барысында ұйғырдан ойсырай жеңілген қарлұқ, яғмалар Жоңғарияға, Тұрпанға, Жетісу өңіріне қарай жөңкілді. Ішкі соғыстан, Таң империясының әлденеше реткі тегеурінді соққысынан әлсіреген түркештер қарсылық көрсете алмады. Таң империясы ендігі жерде қарлұқ ябғуын барынша қолдауға кірісті. Қарлұқтардың қолымен түркештерді ықтырып, Араб халифатының ілгері жылжуын тоқтатуды көздеді. Таң империясы бір мезгіл ол мақсатына жеткендей де болды. Қытайдың өркөкірек генералы Гау Шиянжы халифаттың айбынды қалың қолына қарсы шеру тартқанда дәл осы қарлұқ жабғуымен, Ферғана ханының қуатты әскери қолдауына сенген сияқты. Генерал Гау «Атлах-Талас шайқасы» болардан бір жыл бұрын 750 жылы қалың қолмен Тобанға, Шашқа шабуыл жасап хандарын тұтқындап, Таң патшалығы ордасына апарды. Дәл сол кезде Қытайдың тағы бір генералы түркештер ордасы Суябты басып алған болатын. Түркеш қағанын да тірілей қолға түсіріп, Қытай астанасына жөнелтеді.

Зерттеушілердің назарында болар бір жағдай – генерал Гау Таң Ордасы тағайындаған Шаш ханын неліктен тұтқындап әкетті. Арабтар Таң ордасымен одақтас болған Ферғана иелігінен аттап өтіп, Талас бойына қалай шабуыл жасайды? Бұл сұраққа былайша жауап беруге болады: Шаш иелігі әсілі Түркеш қағанатына қараушы еді. Оның билеушісі Баһадүр тұтұқ (Мохо дуо тудун) түркеш қағаны тағайындаған өкіл әкім болатын. Алғашқы кезде ол Таң Ордасының да тағайындауын қабылдап, тарту-таралғы да жіберіп тұрады. Алайда Шаш ханы бір жағынан қытайлардан қорлық көріп жүрген қара түркештермен туыстастығынан, тағы бір жағынан арабтарға әлдеқашан одақтас, діндес болып кеткен соғды ықшидымен құдандалығынан арабтармен де жақсы қарым-қатынас жасап тұрды. Тіпті хандық атақты халифат та заңдастырып берген болатын. Көріністе қытаймен, іс жүзінде арабпен одақтас болған Шаш ханына генерал Гаудың өшіге шабуылдауында өзіндік сылтау бар еді. Әйтсе де, генерал Гау бірден шабуылға өтпей, «келіссөз арқылы ұғысуды» сылтауратып, Шаш ханын соғыссыз-ақ қолға түсіріп әкетеді де, опасыздықпен өлтіріп тастайды. Шаш ханының баласы аман қалып, арабтардан және көршілес елдерден көмек сұрайды.

«Көне таңнамада» мынадай дерек бар: «Ол арабтармен тіл біріктіріп, төрт қалашыққа шабуыл жасайды деп қорыққан Гау Шиянжы 20 мың әскерді бастап жабайылар жеріне өтіп кетті де, Таласта арабтармен соғысты».

Екі генерал бір мезгілде екі бағыт бойынша жорыққа шыққандығы байқалады.Таң әскері «Әнши бекінісі қалашығындағы» қытайдың таңдаулы жаяу, атты әскерін негіз еткен, Ферғана, қарлұқ атты әскері толықтырған қалың қол еді. Бірақ оның нақтылы саны қытай деректерінде анық көрсетілмеген. Халифаттың Хорасандағы өкіл әкімі Әбу Муслин Бұхара мен Самарқандағы көтерілістерді тез тыныштандырысымен өзі Самарқанда тұрады да, Зияд Ибн Салих бастаған қалың қолды Атлах-Талас бекіністерінде қорғаныста тұрған араб қолбасшысы Сайд Ибн Хумайд әскеріне көмекке шұғыл аттандырды.

Талас соғысы жөнінде арнайы зерттеу жүргізген О.Большаков, әл-Макдиси дерегіне сүйене отырып, Тараз бен Атлах бекінісінде қорғаныс жүйелерін қалпына келтіріп, жаңа дуалдар тұрғызумен айналысып жатқан араб гарнизоны болғанын растайды.

Осынау құнды дерек күні бүгінге дейін жұмбақ болып келген Атлах-Талас шайқасының соңғы – бесінші, шешуші күні шайқаста қарлұқтардың Таң империясынан бет бұрып, арабтар жағына шығып кетуінің сырын ашуға сәуле түсіретін сияқты.

Орыс ғалымы А.Мандельштам түрк халықтары, оның ішінде қарлұқ, шығыл, шуйе, шумй тайпалары VІІ ғасырдың басында-ақ Шаш пен солтүстік Ферғана өңіріне дендеп ене бастағаны, соғдылармен, сол арқылы арабтармен де әртүрлі деңгейде қарым-қатынаста болғанын атап көрсетеді. Демек, түрк халықтары, оның қатарында қарлұқтар арабтарды көптен бері жақсы біледі деп айта аламыз. Оның үстіне қытайлардан талай теперіш көріп келе жатқан түркештер мен қарлұқ ябғуы түпкі мақсаттары жағынан жақын одақтастар болып үлгергені байқалады. Шаш ханымен туыстық қатынастығы бар қара түркештер арқылы арабтардың қарлұқ ябғуымен тіл табысқаны, өрлеу, ілгерілеу үстіндегі Ислам әскерінің күш-қуатына сенім артқаны тарихи шындық болатын.

Қытай дерек көздері араб әскерінің құрамы мен күш-қуаты жөнінде мынадай жалпы сипаттама береді: Арабтар жағында Зияд бастаған хорасан, парсы армиясын негіз еткен қалың қол және ортаазиялық Соғд бірлестігіне жататын елдер әскерлері болды. Бұл өңірдегі халықтар көптен бері-ақ арабтарға бағынып, Ислам дінін қабылдаған болатын. Араб армиясында атты әскер, жаяу әскерден басқа, түйелі қосын, найзалы қосын, отпен шабуылдаушы арнайы топ бар еді. Қару-жарақ жағынан арабтар әлдеқайда үстем болатын. Ал Қытай жағы өздерінің жат жерде, артқы саптан қол үзе, жазалау жорығында жүргенін мойындайды.

Сонымен 751 жылдың зұлхиджа (шілде) айында, Атлах-Талас жерінде әйгілі қанды шайқас басталды. Қытай дерек көздерінен мынадай хабарларды көреміз: «Екі жақ бес күн бойы шайқасты, қарлұқтар жаппай бет бұрып кетті де, арабтарға болысып, екі жақтап Таң армиясын қыспаққа алды. Шиянжыны (Гау Шиянжыны – Ә.Д.) ойсырата жеңді».

Таң әскері бірін-бірі таптай, түн жамыла қашады: «Жол тар, адам мен ат көлік жолға кептеліп қалды. Ферғаналық қалың әскер алдымен қаша жөнелді, қаптаған ат пен түйе адамдарға жол бермеді. Гау Шиянжының бір генералы Лй сыие қолына жуан таяқ алып, алдыға шығып адам мен ат көліктің өлігінен тазалап, жол ашып отырды. Гау Шиянжыға ерген қалың тобырдың өтіп кетуіне жағдай жасады». Генерал Гау аздаған адаммен Әнши бекінісіне аман-есен жетті.

Атлах-Таластағы масқара жеңілістің Таң империясы үшін қандай ауыр соққы болғанын тарихшы Шуе мырза былай бағалайды: «Төрт қалашықтың таңдаулы армиясы түгелдей дерлік жоқ болды. Осы соғыстан кейін Таң патшалығының абыройы түсті, бұрынғы құдіретінен айырылды. Сөйтіп Таң патшалығының дәурені өтіп, құлдырауы басталды». Таң патшалығына осыншама орасан зор шығын әкелген генерал Гау Шиянжы 20 мың қытай армиясымен ғана қатысты деу ақылға сыймайтын сияқты. Араб-қытай дерек көздеріне сүйенген әр ел тарихшылары бұл шайқастың қалай болғаны, қанша әскер қатысып, қанша адам өлгені туралы әртүрлі болжам жасап келді.

В.Бартольд араб-қытай деректерін негіз етіп, «Гау Шиянжы 30 мың әскермен арабтарға қарсы аттанды. Шамамен 700 ли алаңға жайыла сап түзеп ілгерілеп, Тараз маңында олармен қару түйістірді» деп жазады. Ал Ибн әл-Асыр болса: «Қытай жағы жүз мың әскер шығарды, соғыс Таразда, Талас өзені маңында, зұлхиджа айында, 133-хиджыра (751 жылы 29 шілдеде – Ә.Д.) болды. Қытайлар өлілей 50 мың, тірідей 20 мың адамынан айырылды» деп нақтылайды.

X ғасырдың алғашқы жартысында жазылған әл-Байхакидің «Кітаб әл- Махасин Вуа Л.Масауй» деген кітабында жорық жасаған қытай армиясының саны 70 мың еді, бірақ арабтардан күйрей жеңіліп, көп әскері тұтқынға алынғаны, қытай армиясының арқышын олжалағаны әрі қытай қолбасы ғажайып асыл жүзігімен қолға түскені айтылады.

 А.Малявкин болса, қытайдан 50 мың әскер өліп, 20 мыңы тұтқынға түскен деп шамалайды.

Аталған деректерді салыстыра қарағанда және Таң империясының жаулаушы армиясын тек Жетісу мен Сыр, Әмудария бойынан ғана емес, күллі Орта Азиядан біржола шегініп кетуге мәжбүр еткен Атлах-Талас шайқасында шынымен-ақ жетпіс, сексен мың адамынан айырылғанына шүбәланудың орны жоқ сияқты.

Әр ел тарихшылары әрқалай жазып, түрліше пайым жасап жүрген мәселенің бірі – осы соғыста тірідей қолға түскен қытай әскерінің кейінгі тағдыры, тұтқындардың қолымен қытайдың қағаз жасау өнерінің Мәуренахр мен Арабияға таралуы...

Ең алдымен, біз генерал Гау бастаған қытай армиясы санының қанша болғанына қарамай, оның Таң империясының Қытай қорғанының сыртындағы барлық бағынышты елдерді қарудың күшімен ұстап тұруға міндетті «төрт қалалық бекіністегі» таңдаулы әскерлері екендігін, олардың арасында қару-жарақ, құрал-сайман жасай алатын шеберлер болды дегеннің өзінде, қағаз жасау өнерін меңгерген мамандардың болғаны күмәнді деп қараймыз. Оның үстіне, қытай тарихшыларының өздері жазғанындай, дәл сол тұстағы халифат әскерінің жарақтануы Таң армиясынан әлдеқайда артық бола тұра арабтар мен соғдылықтар кару-жарақ жасаудың озық технологиясын қытайлық тұтқындардан үйреніп еді деудің де жөні жоқ. Ал әскери тұтқындарды армияның түрлі қажеттеріне қарай, тіпті қару-жарақ жасауға пайдалануы әбден мүмкін ғой.

Тарихи деректер Орта Азия мен Мәуереннахрда қағаз жасаудың тарихы тым ертеден басталғанын меңзейді. О.Большаков әл-Марузидің жазбаларына сүйене отырып, қағаз жасау өндірісі Самарқан мен Ферғана қалаларында мұсылмандыққа дейінгі дәуірде жақсы жолға қойылғандығын жазған болатын.

Солай бола тұра, қолға түскен қытай әскерінің бәрі шетінен өнерпаз, шетінен әлдебір жаңалық ала келуші ретінде дәріптелуі де тарихи шындыққа сай келмейді деп қараймыз.

751 жылғы Атлах-Талас шайқасында қолға түскен Гау Шиянжы сардарларының бірі – Ду Хуан Таласта біраз тұрған соң, айдаумен Арабияға дейін барады. Тұтқындар тартар барлық тауқыметті бастан кеше жүріп, көрген-білгендерін қағазға түсіре жүреді. Ақыры, амалын тауып, сауда кемесіне ілесіп, теңіз арқылы 762 жылы Шығыс Қытайға қайтып оралады. Ол көзімен көрген барлық оқиғаларды, ел мен жер жағдайын, шаруашылығын, сауда жолдарын тәптіштей жазып, «Жиң Ши жи» деген жолжазба естелігін құрастырған. Бірақ онда қытайлық тұтқындардың арабтарға қағаз жасап бергені жөнінде ешбір дерек айтылмағанымен, Жетісу мен Мәуренахр және Кіші Азия жөнінде құнды мәліметтер онда баршылық.

Атлах-Талас шайқасының тарихи маңызы неде? Біздің төл тарихымыздан оның алар орны қандай болмақ? Тарихшылар мен қоғамтанушылар үшін Атлах-Талас шайқасының жеңісін танып, бағалай білу үлкен сын. Біз бұдан 1270 жыл бұрын Қазақстан мен Орта Азия және күллі мұсылман әлемі тағдырына шешуші ықпал еткен Ұлы жеңіске қол жеткенін мақтанышпен әрі борыштарлықпен атап өтуге тиіспіз. Ендеше, біз осы Ұлы жеңістің тарихи маңызын былай атап көрсеткіміз келеді:

Сонау екі Хан дәуірінен (б.з.д.206-6.3.220) бері Қытай қорғанының сыртына шыға бастаған Хан патшалығы, Таң дәуіріне (618-907) дейінгі сегіз жүз жылда шамамен он мың ли (5000 км) Батысқа жылжи отырып, 751 жылы Атлах-Талас түбіне жеткен қытай экспансиясының қанды жолы біржола, мәңгілікке кесіп тасталды, 751 жылдан бергі 1270 жыл бойы бірде-бір қару асынған қытай шерігінің осынау қасиетті аймаққа аяқ баса алмағаны тарихи шындық еді. Міне, сол үшін де Атлах-Талас түбінде шаһит кеткен құрбандар аруағы алдында күллі мұсылман-түркі әлемі тағзым етуі тиіс. Атлах-Талас шайқасының Ұлы жеңісіне араб мұсылман әскері, қарлұқ, түркеш түрктерінің қолдап қуаттауы мен жанқиярлық ерлігі арқылы қол жетті. Көтеріліс жасаған қарлұқ әскері жағында қытайлардан қорлық көрген түркеш қағандарының сардарлары бастаған едәуір қосынның болғаны белгілі. Қанмен бекіген түрк-араб достығының ғұмыры ұзақ болды, берекелі болды. Түрк халықтары Алланың хақ діні Исламмен ертерек қауышты. В.Бартольд айтқандай, «Турки были одними из первых народов, среди которых Ислам, отказавшись от пропаганды оружием, имел успех путем убеждения» болғаны тарихи шындық. Түріктер Исламды 751 жылдан былай қарай негізінен бейбіт жолмен қабылдап, ислам мәдениетімен ертерек танысып, оны игеруге барынша құлшынды. Соның нәтижесінде түрк дүниесі Ислам әлемімен рухани тұтастыққа қол жеткізді. Адамзат мәдениетіне Махмұд Қашқари, Жүсіп Баласағұн, Әбу Насыр әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи, Ахмет Иүгінеки, Ибн Сина қатарлы ұлы тұлғалардың данышпандық ілімдерін бере алды. Түрк халықтары біртұтас рухани, мәдени бірлікке қол жеткізу арқылы ұлт ретінде ұйысып, кірігу барысында едәуір тұрақты, гүлденген мемлекеттерге ие болды. Исламды мемлекеттік дін ретінде мойындаған Қарлұқ-Қарахан мемлекеті кейінгі Қыпшақ, Қазақ хандықтарының шаңырағын көтеріскен қазақ ру-ұлыстарын біріктірген алғашқы қуатты мемлекеті ретінде танылып, мойындалуға хақылы. Ол жөнінде тарихшыларымыз Әлкей Марғұлан, Мұсатай Ақынжановтар сонау 60-жылдарда-ақ батыл ойлар айтқан болатын. «Атлах-Талас шайқасының» біз білетін әрі тарихи шындыққа құрметпен қарайтын әлемдік тарихшылар зерттеуінде біршама ортақ көзқарасқа айналған осынау ақиқаты ұлы хандық шовинизммен уланған кешегі және бүгінгі қытай жазармандарының не жазғанын қолда бар дерек көздеріне сүйеніп, талдап көрейік. 

Адамзат тарихы ұлттар мен мемлекеттердің қалыптасу тарихы жөнінде азды-көпті сауаты бар қалам иелері өткен тарихқа бүгіннің, онда да саяси биліктің емеурінімен баға беруге болмайтынын түсіне, біле тұра әдепсіздікке, тіпті озбырлыққа көзжұма қарап, отаршылдық қанды жорықтарын әлдеқандай себеп-сылтаулар арқылы ақтап алғысы келетініне орыс-қытай империяларының қанды тарихын әспеттей жазғандарынан жақсы білеміз.

Осыдан 1270 жыл бұрын болып өткен Атлах-Талас шайқасына ерекше мән беріп том-том кітап жазып, түрлі конференциялар өткізіп, жанығып жүрген қытайларды мәжбүрлеген қандай қажеттілік? Ал біздер, түркі, араб әлемі бұған нақтылы баға беріп, тарихи шындықты өркениетті әлемге жария етуге келгенде неге салғыртпыз?

Күллі түркі һәм араб әлемі ғана емес, бүкіл адамзат қытай саясатының арбауы мен алдауынан ғана емес, XXI ғасырда әлемдік қанды қырғындарға ұрындыратын апатқа «зұлымдық империяcына» айналып бара жатқаны көз алдымызда. Хантингондар шулатқан «өркениеттер қақтығысы» (христиан-ислам мәдениеттер қақтығысы) дегендері бұл күндері бос сөзге айналды. Қақтығысушы өркениеттер емес, Қытай-Америка, Қытай-Ресей, Қытай-Еуроодақ арасындағы қақтығысқа айналып бара жатқандығын түсінетін уақыт өтіп барады. Астам державалық, геноцидтік саясатты ашық жүргізіп жатқан Қытай компартиясының ресми ақпараттарында өткен жылғы («Қазақстанды, Қырғызстанды қашан қосып аламыз? Қазақстанда төрт жүз елу мыңдай Либайдың ұрпағы ұлы Жұңхуаның құшағына қашан кіреміз деп жылап-еңіреп отыр») деген сияқты сандырақтар ашық жарияланды. Қазақ өкіметі осыған орай Қытай Сыртқы істер министрлігіне наразылық нотасын тапсыруға мәжбүр болды. Бүгінгі Қытай билеушілері тәуелсіз Қазақстанды ғана емес бауырлас қырғыздарды да басынып, қырғыздар қытайдың жиендері, сонау Хан патшалығы (Б.ж.с.д 206) заманында Хұн қағаны әскеріне тұтқынға түскен әйгілі қытай генералы Лилиннің ұрпағы деп сандырақтап жүр. Міне, осылайша аз ғана жыл Енесайдағы қырғыздар арасына жер аударылған тұтқын генералдан қырғыздар дүниеге келді делінсе, Тоқмақ (Суяб) бекінісі түгіл қазақ-қырғыз топырағына аяғы тимеген Лике дейтін қытайдың Либай дейтін ұрпағынан жүз мыңдаған дулаттар, өсіп-өне беретін жұпар кіндіктілер болып шығады.

Біз Атлах-Талас шайқасына тікелей қатысы жоқтай көрінген қытайлық аңыз-әпсаналар туралы текке сөз етіп отырғанымыз жоқ. Бұдан 1270 жыл бұрын қасиетті қазақ-ұйғыр жерінен біржола аласталған қытайдың Таң патшалығы (б.з.618-907 ж.ж) тұсында жасалған картасында бүгінгі Қазақстанның Жетісу өлкесі, Қырғызстаннан Гималайға дейінгі ұлан-байтақ территориясы қамтылған. Сол карта күні бүгінге дейінгі қытай тарихы оқулықтарында көрсетіліп, қытай жастарын Ресей тартып алған Қытай жері екенін, ендігі міндет, сол қолдан кеткен Қытай жерін қайтарып  алуға дайындап жатыр. Ол ол ма, жоғарыда біз сөз еткен 751 жылғы Атлах-Талас шайқасындағы Таң патшалығы армиясының масқара жеңілісін ақтап алу үшін, бүгінгі тарихшысымақ қытайлар том-том кітап жазып, көпшілік қолды басылымдарда, конференция материалдарында жариялауын соңғы жылдарда тіпті үдетіп отыр.

Академик жазушымыз Ғабит Мүсіреповтің «Тарихты жасау дәуірі бар да, жазу дәуірі бар. Жасаушы қателессе, жазушы түзетемін деп әуреленбеуі керек» – дейтін ұлағатты сөзі осындайда еске түседі екен.

Қытайлық зерттеуші Вей Кайвейдің өткен тарихты өзінше түзетіп, тігісін жатқызуға ұрынғанына бір мысал: «Заманымыздың VIII ғасырының орта шенінде, Қытай барынша күшейген тұста, Азия, Африка, Еуропаны көктей өткен Араб империясы да құдіреттеніп тұрған болатын... Екі империя Орталық Азиядағы Талас өңірінде тоқайласып, ауқымы шекті болса да, кейінгі дәуірде мәдениеттер алмасу жағына орасан зор ықпал еткен бір соғыс бұрқ ете қалды. Таң империясының бұл соғыста жеңіліске ұшырағандағы басты себеп – ұзақ жорықтан шаршап-шалдығу, әскердің аздығы, ішкі алауыздықтар, сондай-ақ қолбасылардың алдағы шайқастың қалай боларына онша мән бермегендігінен болды» дейді.

Біз бұл жолдардан жазарманның тарих ғылымына, тарихтағы әділетсіз соғыстар жөніндегі әділет сөзін көре алмаймыз. Керісінше, Таң империясының жеңілуінің бес түрлі себебін және ондағы басты себептердің бірі – қарлұқтар мен түркештердің, ферғаналықтардың «опасыздығы» туралы жалалы сөздерінен анық көрінеді. Сондай-ақ Таң армиясының масқара жеңілісінің Кіші Азия мен Араб дүниесіне апарған төрт түрлі мәдени жаңалығы жөнінде астамси сөйлейді. Ал Уаң шуе дейтін жазарманның «Талас соғысының себептеріне талдау» атты мақаласының аңдатпасында: «751 жылғы Талас шайқасы жөнінде жазған авторлар бұл соғыстың басталуына Таң империясының шекаралық әскерлер қолбасшысы Гау Шиянжының Ташкент еліне (Шы го) жасаған озбырлығы түрткі болды. Ол басқалар айтқандай, екі империяның Орталық Азиядағы ірге кеңейтуге ұрынған қақтығыстарының нәтижесі емес» дейді.

Осы арада генерал Гау және оның Ташкент еліне жасаған қанды жорығы жөнінде оқырмандарға аздап мәлімет беруді жөн көрдік.

Гау Шиянжы тегі корейлік. 668 жылы Таң патшасы Гаузуң Кореяны жаулап алғаннан кейін халқын жаппай қудалап қытай жеріне жер аударады да, оның тізе бүккен патша әулетін астана Шаңанге көшіріп әкеледі. Болашақ генералдың әкесі алғашында ордада, кейіннен әскери шенімен Әнши бекінісіне келгенде, Гау Шиянжы әкесіне ілесіп әскери жорықтарға жастайынан араласып шынығады. Ол аса келбетті, ержүрек шабандоздығымен көзге түсіп, жиырма жастан аса бере генералдыққа қол жеткізеді. 747 жылға дейін жауапты әскери міндеттерді атқара жүріп Әнши тұтық мекемесінің орынбасары, «төрт қала бекінісіндегі» әскерлердің атбегі шеніне көтеріледі. Содан былай қарай ол батыс өңірдегі отарланған елдердегі үлкенді-кішілі соғыстарға қатысып, ерлік көрсетіп, патшаның назарына ілігеді. Азғантай уақытта Гау «төрт қала бекінісіндегі» өкіл әкімдікке қол жеткізіп өзі би, өзі қожа, дара билеушіге айналады. Атлах-Талас шайқасы қарсаңында қалың қолмен тобандарға, сосын Шаш (Ташкент) иелігіне шабуыл жасап, хандарын айла-шарғымен қолға түсіріп, қалаларын қанға бөктіре талқандағаны жөнінде жоғарыда айтқанбыз. Қытайлық зерттеушілер бұл қанды оқиғалар жөнінде бір-біріне онша ұқсай бермейтін үш түрлі болжам айтып, генерал Гаудың әрекетін ақтағысы келеді. Біріншісі, генералдың әрекетін айыптаған болып Шаш ханы «бодан елдердің бағыныштылық тәртібін бұзғаны үшін жазаланды» деп ұлы державалық зорлықты ақтағысы келеді. Екіншісі, осы реткі сойқанды қырғынға «генералдың өркөкіректігі, дүниеқорлығы, ашкөздігі себеп болды» дей келіп, шабуыл барысында қала халқы жас-кәрісіне қарамай қырғынға ұшырап, ханын алдап тірідей қолға түсіріп өлтіріп тастады. Ордадан он пұттан астам асыл тастары мен 5-6 түйе алтын, асыл тұқымды жылқылары мен басқа да бағалы заттарын әкетіп өзі иемденіп кетті», деп жазылған.

Қытайлық жазғыштар осынша қанды оқиғаны айта отырып, бұл әрекет тек генералдың жеке басының ісі емес Таң патшалығының араб шапқыншылығының алдын алу үшін жасалған әскери жоспардың орындалуы деседі. Олар тек Шаш ханы баласының қашып құтылып кетіп, көрші елдерден және арабтардан көмек сұрағаны басты себеп болды дегісі келеді.

Генерал Гаудың Атлах бекінісіне тұтқиыл шабуыл жасауының басты, үшінші себебі ханзаданың өтініші бойынша халифаттың Атлах бекінісіндегі әскерлері өздеріне қарасты жерлердегі кіші хандықтар қосындарын өздеріне қосып алып, «төрт қала бекінісін» шаппақшы болып жатыр екен деген хабарды генерал естиді. Сосын олардан бұрын қимылдап тұтқиыл шабуылмен Атлах бекінісін алмақшы болды, бірақ ақыры қирай жеңілді дей келіп, оған қарлұқтар мен түркештердің, ферғаналықтардың опасыздықтарынан екіжақты соққыға ұшырап жеңіліс тапты, деп кіжінеді жазармандар.

Хуадұң педагогикалық университетінің тарихшысы Жу Баумиңнің генерал Гау туралы айтқандарын мазмұндар болсақ: «әкесі отарланған Кореяның хан әулеті, өзі Хеши дәлізінде ержетіп, Әншиде көзге түсіп, шекарада қаншама жылдарда атағы асқақтады. Шайқаста жеңімпаз болды, оның басты қарсыласы уақыт өте келе тобандардан арабтарға ауысты... Талас шайқасы бір ғана Гау Шиянжының өмір жолындағы түбегейлі бұрылыс болмастан, Таң дәуіріндегі батыс-солтүстіктегі стратегиялық жағдайдың да күрт өзгеріс нүктесі болып қалған еді. Бұл шайқас туралы қандай уәж айтылса да, нақты шындық мұсылман армиясының айтулы жеңісімен аяқталған болатын...

Осынау зор өзгеріс қалай да бір дәуірдің аяқталып, жаңа бір дәуірдің басталғанын анық көрсетіп берді» дейді.

Қытайдың осы заманғы қызылөңеш тарихшысы Шуе Зұңжың мырзаның Бейжің университетінің әлемге танымал профессоры Уаң Шауфудың аталған дәуірдегі басты геосаясаттың мазмұны: «Біздің бұл арада айтпақшымыз, Таң, Тобан, Арабтар аралық саяси қарым-қатынасы тарихы, сайып келгенде VII ғасырдың ортасы мен IX ғасырдың орта шеніндегі Азиядағы зорлық-зомбылықты негіз еткен өктемдіктің тарихы болатын» деген әділ тұжырымын бұрмалап, оған саяси қалпақ кигізіп, «біздің еліміздегі ғылым әлемінде бұрын-соңды қолданылмаған тосын атау, олай болғанда «Таң династиясының Батыс шекарасын қорғау жолындағы күресі аталмыш «зорлық-зомбылық саясаты болып шықпай ма», дей келіп, Батыстағы кейбір қолданыста ол отарлық ірге кеңейту немесе отарлық билікті орнату деген мағынада қолданылады. Сөйтіп профессор Уаң арабтың ірге кеңейту соғысын Таң патшалығының батыс өңірді қорғау саясатымен шатастырып қана қоймай Таң патшалығының «зорлық-зомбылық саясатын» айрықша атап кінәлайды деп ренжиді. Шуе мырза одан әрі тіпті лағып, Қытай шекарасының қалыптасу тарихын «Таң династиясының картасында батыста Памир және Әмудария өңірі қамтылған бұл тарихи өзгерістің табиғи нәтижесі, ол жай ғана бір мәселе емес, бұл тарихи әділеттілікті қалпына келтіру мәселесі. Қайсы бір қытай ғалымы болсын қытайдың Таң династиясының «Батысты ашу», Шынжаң мен Араб орыстың шығыстағы шекарасын анықтап беретін карта. Сондай-ақ ол еліміздің тұтас аумағының қалыптасу тарихының құрамдас бөлігі болып табылады. Бұның бәрі сан жылдар бойы еліміздің ғылым дүниесі ортақ қабылдаған шындық. Сондықтан жоғарыда айтылған сандырақ (профессор Уаң демекші. Ә.Д.) Таң дәуіріндегі батыс өңір тарихын зерттеуді ғана емес, қытайдың шекаралық өңірлерінің қалыптасу тарихын да бұрмалау болып табылады».

Енді не істеуіміз керек? Еліміздің тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығына қатер төндіріп тұрған Қытайдың саясатын әшкерелейтін үгіт-насихатты, әсіресе салиқалы халықаралық ғылыми-теориялық һәм практикалық конференциялар, форумдар өткізу керек. Атлах-Талас шайқасының 1270 жылдық атаулы күнін елдік және халықаралық деңгейде салтанатпен атап өтпеу елдігімізге, тәуелсіздігімізге үлкен сын.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» екенін дәл осы күндері текке айтпаған болар. Демек, сол бәрінен қымбат асылымызға қол сұғып, қатер төндіретін ішкі-сыртқы жауларымыздың сұқтанып тұрғанын жан жүрегімізбен сезініп, нақты іске кірісер сын сағаты соғып тұрғанын тағы бір қайталап айтуға тура келеді.

 

 

Әлімғазы ДӘУЛЕТХАН,

Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, тарих ғылымдарының кандидаты