Дүние жүзіндегі көрермен қауым, оның ішінде Бразилия, Аргентина, Боливия, Венесуэла, Колумбия, Парагвай, Перу, Уругвай, Чили, Эквадор, сондай-ақ Ресей, Польша, Бельгия, Сингапур, Швеция мен Аустралияда тұратын отандастарымыз Қазақстан халқының бірлігі мерекесі аясында «Астана Опера» театрының эксклюзивті спектакльдерін тамашалай алады.
Опера және балет спектакльдерінің онлайн көрсетілімі театрдың YouTube платформасында жүзеге асырылады, сонымен қатар таратылымның уақыты мен күні туралы толық ақпаратты әлемнің 16 еліндегі Қазақстан елшілігінің өкілдері тарататын болады.
– Мәдениеттің адам үшін, ынтымағы үшін маңызы зор. Сондықтан біз Қазақстан халқының бірлігі күні әлемнің әр бұрышында спектакльдерімізді онлайн көрсету жөнінде шешім қабылдадық. Оған 16 ел қатысады, алғашқылардың бірі болып Қазақстан Республикасының Ресей, Бразилия, Польша мен Швециядағы елшіліктері келісім білдірді. Онлайн-афишаға 5 спектакль енді 28 сәуір күні өтетін А.Аданның «Корсар» балеті, келесі күні жұртшылық назарына П.И.Чайковскийдің «Аққу көлі» танымал балеті ұсынылмақ, ал опера өнерін сүйер қауым үшін 30 сәуірге Дж.Пуччинидің «Турандот» спектаклін әзірледік. 1 және 2 мамыр күндері халықаралық аудиториямызды әлемдік хореография жауһарлары – Л.Минкустың «Дон Кихот» және А.Аданның «Корсар» балеттерімен қуантпақпыз, – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» театрының директоры Ғалым Ахмедьяров.
Барлық онлайн көрсетілімдер шығарылған күні сағат 00.00-ден бастап келесі күні сағат 9.00-ге дейін театрдың YouTube-арнасында Қазақстан елшіліктерінің ресми дереккөздеріндегі сілтемелер бойынша қолжетімді болады. Онлайн спектакльдерден бөлек, елорда тұрғындары мен қонақтарына 1 мамырда «Астана Операның» Камералық залы сахнасында өтетін «Махаббат пен достық үні» мерекелік концерті ұсынылады.
– Еліміздің барлық тұрғындарын тамаша, жарқын әрі ізгі мереке – Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын. Осы күні әр отбасыға мықты денсаулық, амандық, бейбітшілік тілегім келеді. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылы ішінде қазақстандықтардың бейбітшілік пен келісімде тұрып жатқандығы қуантады. Баршамыздың музыкаға деген махаббатымыз бірлігімізді арттыра берсін, – деп сөзін қорытындылады театр директоры.
Мерекелік концертке опера солистері мен оркестр әртістері қатысады. Бағдарламада қонақжай қазақ жерінде, бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келе жатқан ұлыстардың романстары, халық әндері, аспаптық музыкасы қамтылған. Ұлттық музыкалық дәстүрлердің саналуандығы көрермендерге мерекелік көңіл күй сыйлайтыны анық.