Сәуірдің соңы мен мамырдың басында Шұбайқызылға аңсары ауып тұратын жұрттың қатары қалыңдайды. Табиғат қорғаудың барлық талаптары сақталып, танымдық-тағылымдық іс-шара да осы кезде өткізіліп тұратын Шұбайқызылда пандемияға байланысты биыл жұрт аяғы саябырсығандай. Дегенмен гүл патшасы – қызғалдақты көруге келушілер әлі де көп. Жуырда орын алған бір оқиға да жұрттың назарын қызғалдаққа аударған-ды.
Түркістан облысында алты дана қызғалдақ жұлған азаматтың миллиондап айыппұл төлеуі мүмкін екені ақпарат құралдарында жария етілді. Қызыл кітапқа енген қырдағы жабайы грейг қызғалдағын жұлған шымкенттік тұрғынды полиция Бәйдібек ауданында ұстаған. Оның үстінен «сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген өсімдік түрін заңсыз пайдалану» дерегімен іс қозғалғаны да мәлім етілді. Осы арада қызғалдақты қорғап, гүлді жұлушыға жаза қолданғанын қолдағандар көп болды, табиғаттың адамзатқа берген сыйына қатыгездік жасаған пендені аяушылар да табылды. Яғни осы бір оқиға қазақ жерін әлемге танытқан қызғалдаққа деген құрметтің жоғары екендігін де, оны жұлуға болмайтынын білмейтіндердің де барын аңғартты. Иә, жылына бар болғаны шамамен 15 күндей гүлдейтін қызғалдақ, әсіресе Шұбайқызыл алқабын қызыл кілемге көмкеріп, одан сайын әсемдікке бөлей түседі.
«Асқақ Алатаудың баурайы алма мен қызғалдақтың тарихи Отаны екені ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Қарапайым, бірақ бүкіл әлем үшін өзіндік мән-маңызы зор бұл өсімдіктер осы жерде бүр жарып, жер жүзіне таралған» деп жазды Елбасы Н.Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында. Биологтердің мәлімдеуінше, бүгінде жер жүзінде қызғалдақтың 3 мыңнан астам түрі бар. Олар – Қазақ елінің дала қызғалдағынан тараған. Ілгеріде, яғни 2002 жылы Нидерланд корольдігіне жасаған ресми сапары кезінде Елбасы Н.Назарбаевқа сол елдің ханшайымы Беатрикс қызғалдақ жайында ағынан жарылып: «Ұлы Жібек жолы ғасырлар бойы Еуропаны Азиямен, сондай-ақ Қазақстанды Нидерландымен байланыстырып тұрды. Осы байланыстар біздің елімізге қызғалдақ гүлін әкелді. Бұл гүл осылайша Нидерландыға кең тарады. Гүл саудасында да ол ең өтімді өнімге айналды. Қазіргі кезде қызғалдақ гүлі – нидерландықтардың нөмірі бірінші экспорттық тауары. Сол үшін де Сіздің елге қарыздармыз» деген екен. Елімізде отыздан астам түрі өсетін қызғалдақтың өте сирек кездесетін 13 түрі қорғауға алынып, Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Мамандар еліміздің батыс және солтүстік облыстарында гүлдің 3-4, Шығыс Қазақстанда – 6, ал Түркістан облысында оның 30-ға жуық түрі таралғанын айтады. Яғни қызғалдақ Түркістан облысының символы іспетті. Алқызыл қызғалдақтың ең әдемілері Түлкібас ауданындағы Ақсу-Жабағылыда және Шұбайқызылда көптеп өседі.
Табиғаттың көркем сыйларының бірі қызғалдақты дәріптеп, кейінгі ұрпаққа бар маңыздылығын жеткізу мақсатында 2012 жылы республикалық фотоконкурс өтті. Ал 2013-2014 жылдары жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Мархабат Байғұттың бастамасымен «Шырайлым – Шұбайқызылым!» тақырыбында жас талапкерлердің алғаш аудандық, кейін облыстық, республикалық, халықаралық байқаулары ұйымдастырылды. 2015 жылғы сәуірде тағы да жазушы М.Байғұттың бастамасымен 1941-1945 жылдардағы Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуына 70 жыл толуына орай, «Жеңістің 70 жылдығына 70 шақырым жаяу жүру» жобасы «Шымкенттен – Шұбайқызылға!» деген арнайы атаумен ұйымдастырылды. Жол-жөнекей Шымкенттің, Сайрам және Түлкібас аудандарының ауылдарында, мектептерінде жүздеген адам қатысқан жиындар өткізілді. Ал 2018 жылдан бастап «Ақсу-Жабағылы алауы, Шұбайқызыл жалауы!» атты қызғалдақтар фестивалін өткізу дәстүрге айналды. Жазушы Мархабат Байғұттың бастамасымен соңғы 8 жыл көлемінде дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келген «Шырайлым – Шұбайқызылым!» атты фестиваль биыл пандемияға байланысты өткізілмеді. Фестивальде жастарды табиғатты аялау, қорғау, сақтауға шақыру мақсатында «Шұбайқызыл шоқысының» тарихы жайлы мағлұмат беріліп, жас ақындардың өлеңдері оқылып, табиғат тақырыбында көрме мен жас суретшілердің сурет байқауы өткізілетін. Фестивальге келген жапондық қонақтардың «осындай табиғи қазынамыз болса біз алтынмен қоршап қояр едік» дегені де түркістандықтардың жадында.
Жергілікті тұрғындар бұрын «маевкалар» өткізіліп, спиртті ішімдік ішкендер әулие төбенің қызғалдағын аяусыз жұлып, ақырында Шұбайқызыл шоқысының қызғалдағы мен сарғалдағы жартылай жойылғанын айтады. Еліміздің Қызыл кітабына енгізілген Грейг қызғалдағы Қазығұрт, Төлеби, Бәйдібек өңірлеріндегі таулы аумақтарда да кездеседі. Ал ең көп шоғырланған жері осы – Шұбайқызыл шоқысы. Бұл жер бір кездері «Красная горка», кейіннен «Қызыл төбешік» деп аталған болатын. Қарымды қаламгер Мархабат Байғұттың бастамасымен «Шұбайқызыл шоқысы» атауы қайта берілген бұл жер 1977 жылдан бері мемлекеттің қарауындағы аймақ болып саналады. Жыл сайын облыстық орман шаруашылық инспекциясы мен ұлттық парктің өкілдері, ішкі істер бөлімінің қызметкерлері аталған жерде қорғау жұмыстарын жүргізеді.
Түлкібас ауданының орталығы Т.Рысқұлов ауылынан Құлан өзенін кесіп өтіп, «Түркібасы әулие» төбесінің күншығыс жағын орай айналып, Қаратауға қарата біраз жер жүргенде алдыңыздан Шұбайқызыл шоқысы шығады. Тарихи деректерде Түркі және Түргеш қағанаттары тұсында Түркібасы төбесіне орда тіккен қағандар Шұбайқызыл шоқысына да көздің қарашығындай қарап, ұрпақтарға мирас, аманат етіп қалдыруды өсиеттегені айтылады. Ақсу-Жабағылы мен Шұбайқызылдың қызғалдағы мен сарғалдағын Грейг қызғалдағы, Кауфман қызғалдағы атандырып, Нидерланд (Голландия) еліне, Еуропаға әкеткен. Шын мәнінде голланд, нидерланд қызғалдақтарының жаратылған жері, өскен төрі, шыққан төркіні – Шұбайқызыл, Ақсу-Жабағылы, Қазығұрт пен Қаратау. Бүгінде жалпы жер көлемі 20 гектар қызғалдақты аумақ ерекше қорғалатын аймақ ретінде Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің қарамағына өтпек.
Түркістан облысы