Қытай тарабы жақында Жоғары мәртебелі Президент Н.Назарбаевтың жарық көрген “Алып ауқымды әлем және ядролық қауіпсіздік” мақаласына үлкен назар аударды. Мұқият танысып шыққаннан соң менің аталған мақаланы барлық әлемді ядролық қауіптен қорғауды дамыту үшін оның айтарлықтай маңызға ие, салиқалы саяси құжат екеніне көзім жетті.
Жоғары мәртебелі Президент Н.Назарбаев өзінің мақаласында ядролық энергияны бейбіт мақсатта пайдалану мен ядролық қаруды таратудың алдын алудағы негізгі мәселелер жөнінде бірқатар бастамалар көтерген, сондай-ақ осы мақсаттарды жүзеге асыруда қазақстандық тараптың ұмтылысын егжей-тегжейлі тарқатқан және ядролық қарусыз әлем құруды үнемі ұстанатынын атап көрсеткен. Бұл Н.Назарбаевтың өзі мен қазақстандық тараптың ядролық қарусыз әлем құрылысының идеясын жылжытудағы бағытты өзгертпейтінін және ядролық таратпау қағидаттарын құрметтеудегі берік позициясын кезекті рет айғақтап отыр. Біз, әлемдік қоғамдастық бұл құнды бастамаларды мұқият зерделеп, жоғары бағалайды деп сенеміз.
Біз ұзақ уақыттан бері Жоғары мәртебелі Н.Назарбаев пен қазақстандық тараптың қолға алған ядролық қарусыздану және ядролық қаруды таратпаудың халықаралық үдерісін жылжыту бағытындағы күш-жігеріне тәнтіміз. Қазақстандық тарап “Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы келісімнің” ертерек күшіне енуі үшін белсенді күш салып келеді. 1991 жылы Президент Н.Назарбаев Семей полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойды. Қазақстандық тарап сондай-ақ өзге Орталық Азия елдерімен бірлесіп, 2009 жылдың наурызында күшіне енген “Орталық Азия – ядролық қарусыз аймақ келісімін” ұсынып, Орталық Азия – ядролық қарусыз аймақты құруға белсенді бастамашы болды. Бұл аталған аймақтағы қауіпсіздік пен бейбітшілікті дамытуға, сондай-ақ ядролық қаруды таратпау және жаһандық ядролық қарусыздануды жылжыту үдерісіне қомақты үлес болып қосылды. Бұдан басқа, қазақстандық тарап барлық кезде ядролық энергияны бейбіт мақсатта пайдалану, ядролық терроризммен күрес, ядролық қауіпсіздікті нығайту және басқа да көптеген салаларда маңызды рөл атқарып келеді.
Ядролық қарусыз әлем құруды сондай-ақ Қытай да үнемі ұстанып, бұл үшін қолдан келгеннің бәрін істеуде. Қытай әрқашанда ядролық қаруды толық жою мен тыйым салу позициясын ұстанады. Ядросыз мемлекеттер мен аймақтарға қатысты ядролық қаруды қолданатындығымен қорқытпау, өзіне нақты міндеттемелер қабылдап, алдын алу ретінде ядролық қаруды ешқандай жағдайда да, қай уақытта да пайдаланбау ұстанымын ұстану керек. Қытай ядролық қарусыздануға қатысты БҰҰ Бас Ассамблеясының қабылдаған қарарын және ядролық қарулануды қысқарту бағытындағы халықаралық талпыныстарды, соның ішінде БҰҰ Бас Ассамблеясының 65-сессиясында қазақстандық тарап ұсынған “Антиядролық сынақтардың халықаралық күні” бастамасын белсенді қолдайды.
Қытай тарабы жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздікті тиімді дамытуда және ядролық энергияны бейбіт мақсатта пайдаланудағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуда, ядролық таратпау мен ядролық қарусызданудың халықаралық үдерістерін бірлесе жылжытуда халықаралық қоғамдастықпен, соның ішінде қазақстандық тараппен бірге жүруге дайын.
Чэн ГОПИН, ҚХР сыртқы істер министрінің көмекшісі.