Музыкалық жас көрермен театры көрермен назарына жаңа премьераны тарту етті. Демалыс күндері театр сахнасында Евгений Щварцтың «Күлше қыз» атты музыкалық ертегісінің премьерасы өтті.
«Күлше қыз» музыкалық ертегісі орыс драматургы Евгений Щварц пен композитор Антонио Спадавеккианың «Золушка» атты ертегісінің желісінен алынған. Шығарманы қазақ тіліне аударған – Есім Сегізбаев. Аталған ертегінің қоюшы режиссері «Сахнагер-2019» Ұлттық театр сыйлығының иегері, Музыкалық жас көрермен театрының актері әрі режиссері Расул Усманов. Музыкамен әрлеген халықаралық конкурстардың лауреаты Руслан Баймурзин, қоюшы хореограф Уәлитбек Сиязбеков және қоюшы суретші Әнуар Сәпиев.
«Бүгінгі премьера әлемге танымал «Күлше қыз» ертегісі. Біздің ертегіміз жай ғана ертегі емес – музыкалық ертегі. Ал сіздер сабақтарыңызды ойдағыдай аяқтап, каникулға, жақсы демалысқа шығатын күнге жетейік. Каникулда біз сіздерге тағы да керемет ертегілерді дайындайтын боламыз!» деген театр директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров кішкентай көрермендерді жаңа премьераның ашылуымен құттықтады.
Музыкалық жас көрермен театры «Күлше қыз» музыкалық ертегісі арқылы өнер жолына қызығушылықпен қарайтын дарынды жасөспірімдер мен балалардың қиялын қозғап, оларды өнерге қызықтырып, қанаттандырды.
«Театр репертуарында алғаш рет балаларға арналған орыс тіліндегі қойылым сахналанып отыр. Біз осы ертегіде басқа театрлардан өзгешелеу етіп жасадық. Қойылымда параллельді ешкімге кедергісін тигізбейтін екі – Ертегішілер деген кейіпкерлерді қостық. Олар спектакльдің басынан соңына дейін жүріп, автор ретінде үлкен рөлді жүргізеді. Сонымен қатар сахнадағы әртістер көрермен балаларды ертегі әлеміне алып кету үшін балалармен қарым-қатынас жасап отырады. Сондықтан да менің ойымша интерактивті туынды деп ойлаймын. Алдағы уақытта ағылшын тілінде сахналау жоспарымызда бар. Біз қойылымға екі ай уақыт дайындалдық. Әртістер керемет ойнап шықты. Режиссер ретінде әртістердің ойынына, сахнаның безендірілуіне ризамын!», деді қойылымның режиссері Расул Усманов.
«Күлше қыз» ертегісі – театрсүйер көпшілікке бұрыннан таныс әйгілі ертегі. Ондағы айтылатын ой мен өтетін оқиға жас көрерменнің көңілін елітіп, қиялына қанат бітіретіні сөзсіз. Анасынан ерте айырылған Күлше қыздың өмірі бірде аянышты болса, енді бірде ғажайып оқиғалармен алмасып отырады. Оның өгей шешесі мен одан туған екі әпкесі әртүрлі қисынсыз әрекеттерімен Күлше қызды тек үй жұмыстарына салып қойғысы келеді. Алайда бақ та, бақыт та маңдайыңа жазылған болса, оған кедергі болатын күш-қайрат жоқ. «Күлше қыз» ертегісі осындай ойлардың, ақ пен қараның, шындық пен қиянаттың арасындағы қақтығыстарды суреттеп, көрерменді тағдырдың тылсым жолдарында өтетін таңғажайып оқиғаларға қарай жетелейді. Ертегінің тәрбиелік мәні – кез келген адам алдынан кездескен қиындықтарға шыдап, мойымаса, ақыры бір жақсылыққа кез болады.