• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Тарих 24 Мамыр, 2021

Алты ағайындының кенжесі еді

308 рет
көрсетілді

Сол кезде елімізге опасыздықпен басып кірген неміс-фашист басқыншылары Кеңес Одағын қысқа мерзімде жеңеміз деген сенімде болды. Ел басына күн туған қысылтаяң шақта Кеңес халқы Отанымыздың бостандығы мен тәуелсіздігін қорғауға бір кісідей жұмыла кірісті.

Алып елдің түкпір-түкпірінен жігіттер майданға аттанды. Ах­метовтер әулетінің үлкені Іскендір Қостанайда өрт сөндіру бөлімінде істейтін еді. Тілсіз жаумен күресте біраз тәжірибе жинақтап, іскер қызметкер ретінде көзге түскен оны басшылық броньмен әскерден алып қалды. Өзіне тете інісі Жұмаш майданға аттанғалы жатыр. Қоштасуға ағайын-тума, көрші-көлемдер келген. – «Қа­рағым, жорытқанда жолың болсын, жолдасың Қыдыр болсын. Халқымыз «Ер жігіт – елінің ұлы, намыстың құлы» деген. Намысты қолдан бермей, жауды жеңіп, жеңіспен оралуыңа тілектеспін»,  деп батасын берді ағасы.

Көп ұзамай Бисұлтан, Достияр, Досыбай Ахметовтер майданға аттанды. Алты ағайындының кенжесі Досқали Қостанайда Жам­был атындағы (бүгінде Ы.Ал­­тынсарин) орта мектепте оқып, оның 8 класын ғана бітір­ді. Он сегізге енді толған Дос­қали­дің де майданға аттанар шағы кел­ді. Алты айлық полк мектебін бітірген ол 1943 жылдың ақпан айының басында Калинин майданында Старая Русь деген жерде 8-гвардиялық дивизияның 151-атқыштар полкінің құра­мын­да соғысқа кірді. Бұл кезде не­міс басқыншыларының күші әлі де басым болатын. Досқали талай жан алып, жан беріскен кес­кілескен шайқастың бел ортасында жүрді. Небір боздақтар оққа ұшты, ауыр жарақаттан жан тапсырғандар қаншама. Дос­қали ағамыз талай ұрысқа қаты­сып, жаудың бетін қайтаруда жан­қиярлықпен соғысты.

– Осы майданға құрамында Қазақстанның халық ақыны Омар Шипин бар Қостанай делегациясы келіп, жауынгерлерге елдің жалынды сәлемін жеткізіп, дәмін татқызды. Бұл жігіттердің моральдық рухын көтеріп, оларға дем берді, – деп еске алады сол бір ұмытылмас сәтті ағамыз.

Жауынгерлердің жеңіске деген құлшынысы еселей түсті. Наурыз айының ортақ тұсында кезекті бір шабуылда Досқали аяғынан ауыр жараланады. Вологда қаласында бір айдай емделген ағамыз, кейін Ярославльдің бір қалашығында жалғастырады. Жарақатының ауыр болғанынан ғой, хирург-дәрігерлер ақылдаса келе, тылдағы госпитальға жөнелту керек деген ұйғарымға келеді. Алайда қауырт соғыс жағдайында жаралы жауынгерлерді тылға жет­кізу де оңайға түспесе керек. Әуелі Ростов қаласына, кейін Свердловск облысының Нижний Тагил қаласындағы госпитальға жеткізеді. Осында ұзақ емделіп, үш рет операция жасайды. Екі айдан кейін комиссия «әскерге қызмет етуге жарамсыз және әскери есептен шығарылсын» деген шешім шығарады. Содан 1943 жылдың күзінде Досқали елге оралады. Соғыстағы ерліктері үшін бірнеше медальмен, І дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталады. Үш ағасы Жұмаш, Бисұлтан, Достияр жеңіспен оралды. Бисұлтан ағасы бір аяғынан айырылып, ІІІ топтағы мүгедек атанды. Досекеңнің өзіне тете ағасы Досыбай қан майданда ерлікпен қаза тапты. 1945 жылы 23 наурыздағы ұрыста  қаза тапқан Досыбай Венгрияның  Балотон-Сабады селосының оңтүс­тік-батыс шетінде №2 қа­бір­ге жерленіпті. Үш-төрт жыл  бұрын Досқали ағамыздың үл­кен баласы Болат туған жерінің то­пырағын апарып зиратына салып, дұға оқып қайтты.

Досқали ағамыз майданнан оралған соң балдаққа сүйене жүріп, бейбіт еңбекке кірісіп кетті. Қаладағы есепшілер даяр­лай­тын алты айлық курс­ты бітіріп, қалалық сауда басқар­масында есепші болып істеді. Араға уақыт салып Алматыдағы есеп­шілер курсын, ал 1952 жылы Ленинградтағы сауда қыз­меткерлерінің жоғары курсын, 1961 жылы Семейдің сауда техникумын ойдағыдай бітірді. Содан 50 жылдан астам Қостанай об­лыстық «Қазтекстильторг» базасында әуелі есепші, кейін 30 жылдан астам бас есепші болып қызмет атқарды. Ұзақ жылғы мінсіз де жемісті еңбегі лайықты бағаланып, «Кеңес саудасының үздігі» белгісімен, бірнеше медальмен марапатталды.

Досқали ағамыздың құдай қосқан қосағы Мереке жеңгеміз көргенді, аталы жердің қызы. Әкесі кезінде ауылнай болған. Ағынан сөйлеп, әділдікті ту еткен кісі болыпты, сол үшін көзтүрткі болып, талай рет жауапқа тар­тылған. Содан бас сауғалап Татарстан еліне өтіп кетіпті. Жеңгеміз сол татар елінде дүниеге келген екен.

– Осы әулеттің босағасын атт­ап, келін болып  түскеніме жет­піс жылдан асты деп еске алды бір әңгімесінде жеңгеміз. – Әуелі үлкен қайнағам Іскендірдің үйінде тұрдық. Сол кездегі Ленин көшесінде ағаштан орап салынған үш бөлмелі үй-тін. Ел жақтан келген ағайындар үзілмейтін, бәрінің көңілін тауып, жылы қабақ танытып, тынымсыз қызмет көрсе­тетінбіз.

Кейін Досқали ағамыздың отбасы Қостанай қаласының Аман­келді көшесінде тұрды. Жең­геміз үнемі ағамыздың қас-қабағына қарап, оның бабын табуға тырыс­ты. Төрт бала­ның анасы, неме­релері мен шөберелерінің  аяулы әжелері. «Боль­шевичка» тігін фабрикасында ширек ғасырдан астам тігінші болып істей жүріп, барлық шаруасына үлгеретін еді-ау. Алты сотық бау-бақшасын да өзі күтіп, баптады. Оның өнімін балаларына, ағайын-туыстармен бөлісетінін қалай айтпасқа. Аға­мызға алтын асықтай екі қыз, екі ұл тауып берген жеңгеміз қан­дай мадаққа болса да лайықты.

Зейнеткерлікке шыққан соң Досқали ағамыз қаланың қо­ғамдық өміріне араласып, өзінің мол тәжірибесімен бөлісті. Мек­тептерде жиі болып, жас жет­кіншектермен әңгіме-дүкен құ­рып, фашистік Германияны қалай жеңгеніміз туралы тартымды әңгімелеп беретін. Кешегі нарық екі бүйірден сығып, тынысты та­рылтқан кезде соғыс және еңбек ардагерлерінің басын қосып, Ми­рат Қабдысалықов деген аза­мат «Ата» қоғамдық қорын құр­ды. Міне, осы қырдың бас­тауында тұрған Досқали Ах­ме­тов, Қали Ахтанов, Дмитрий Наприченко, А.Деличенко, Қаб­дырсин Досатов, Қайыржан Меңдіқұлов біраз игілікті іске мұрындық болды. Қоғамдық қор деп аты айтып тұрғандай, бұл ұйым жұртшылықтың, қоғамдық ұйымдардың қолдауына сүйе­нетін. Кәсіпорындар мен мекемелер, бизнес саласында жүрген азаматтар қаржылай көмек көрсетіп жататын. «Ата» қоры облыс кө­лемінде тұратын жарымжан, мүге­дек жандарға үнемі көмек көрсетеді. Жүзден астам мүгедек арбасын, мыңға жуық есту аппаратын қарияларға тегін әперді. Ешкімі жоқ ардагерлерді соңғы сапарға шығарып салуды естен шығармайды. Ардагерлер үшін түрлі саяхат ұйымдастырып, демалыс орындарына демалуына қамқорлық жасайды.

Досқали ағамыздың өмірден озғанына да он бес жылдан асты. Бүгінде майдангердің ұрпағы  әке өсие­тіне, ата аманатына адал­дық танытып, тәуелсіз елдің өр­кендеуіне өлшеусіз үлес қосып ке­леді.

 

Қанапия МЫРЗАЖИН,

Қазақстанның құрметті журналисі