Білікті дәрігер, Ақтөбе мемлекеттік медицина институтының профессоры, медицина ғылымдарының докторы, Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері Халида Есенғұлқызы Маманова (1918-1977) – қабілетін жарқырата аша алмай кеткен жан. Соғыстан кейін докторлық диссертациясын қорғауға, шетелдерге шығуға тыйым салынып, Алматыда қызмет істеуге тосқауылдар жасалынған. 1977 жылы Ақтөбе мемлекеттік медицина институтынан жазғы демалысын алып, Болгарияда демалуға кеткенде, жұмбақ жағдайда қаза тапқан.
Қайтыс болғаннан кейін туыстарына ескертілместен, пәтері мемлекет иелігіне алынып, үйдегі монографиялары, жарық көрмеген ғылыми жазбалары ұшты-күйлі жоғалған. Медет Еженұлы осы жазбаларды қаншама жылдан бері таба алмай жүрді. Жеті жасынан бастап Халида көкесінің тәрбиесінде болған Медет өткен жылдың жазында көз жұмды. Осының алдында кездескенімізде, Халида көкесінің мединституттың жағдайы төмен студенттеріне қалай қамқорлық жасағанын ұзақ әңгімелеген. Жағдайы төмен студенттерді үйіне ертіп келіп тамақтандырып, киім тігіп беріп қамқорлық көрсеткен. Қаржыдан қысылған ауыл балаларына жалақысынан бөліп беріп отырады екен.
«Халида көке менің әкем Еженмен бірге туған. Олар үш ағайынды еді. Ең үлкені Ибрагим аға – соғыс жылдарында қазақ мектептеріне арнап оқулықтар жазған кісі. Одан кейінгісі Халида көке. Менің әкемді бала кезінде кене шағып, мүгедек болып қалған. Керемет әнші еді. Абай атындағы Опера және балет театрында жұмыс істеді. Мен 1959 жылы дүниеге келдім. Ата-анам жеті жасымда көкемнің қасына Ақтөбеге жіберді», деген Медет марқұм.
Бұлардың әкесі қазақтың алғашқы меценаттарының бірі – Есенғұл қажы. Исі қазаққа белгілі «Мамания» мектебінің негізін қалаған азамат Алаш көсемдерімен байланысы үшін 1928 жылы сотталып, үш жылға жер аудару жазасына кесілген. Жалпы, қуғын-сүргін жылдары Маман әулетінен 15 адам атылып, 35 әулеттің дүние-мүлкі тәркіленіп, Сібірге жер аударылады.
1928 жылы Есенғұл Маманов отбасымен Пермьге жер аударылып, жазаны қара жұмыспен өтейді. Ресейдің қара суығы мен үскірік аязында Есенғұл қажы үлкен баласы Смағұлмен бірге көмір шахтасында жұмыс істейді. Каторганың қара жұмысында әлсіреген Смағұл туберкулезге шалдығып қайтыс болады. Көп кешікпей қажының Халидадан кейінгі баласы Жажас да ауырып көз жұмған. Бұл кезде 52 жастағы Есенғұл да өкпе дертіне шалдығып, күннен-күнге әлсіреп келе жатты. 1932 жылы жаза мерзімі аяқталғанда екі баласын жоғалтқан Есенғұл мен жұбайы Махтуха елге бет түзеп, Пермьнен Орынбор қаласына жеткенде Есенғұл қажы қайтпас сапарға аттанған. Оны қала шетіндегі мұсылмандар зиратына жерлейді. Бас көтерер азаматынан айырылған Махтуха елге бара алмай, Орынборда тігіншілікпен айналысып күн көреді. 2000 жылдардың басында Ақтөбеде тұратын Медет Орынборға барып, қаланың ескі картасы бойынша Есенғұл атасы жерленген мұсылман зиратын іздеп таба алмай қайтты. Себебі 1957 жылы зират сүріліп, орнына облыстық аурухана салынған.
Меценаттар әулеті
Жетісу жерінде жәрмеңкелер желісін құрып, сауда көрігін қыздырған Маман әулеті Қытаймен арада сауда керуендерін жүргізіп, кеден бекеттерін орнатып, Қапалда медреселер желісін ашып, халықты оқу-білімге, еңбекке жұмылдырады. Әулет «Маманияны» үздік бітірген талантты жастарды Ресейдің жоғары оқу орындарына жіберіп, барлық шығынын өздері көтерген. Мәселен, үздік оқыған әрбір студент Маман әулетінен жылына 300 рубль стипендия алған. «Маманияны» үздік бітіргендердің қатарында Мұхамеджан Тынышбаев, Ілияс Жансүгіров, Біләл Сүлеев, Дүйсетай Бекежанов, Жәкен Қалиұлы, Оңалсын Жұмабеков, Мұхтар Арын бар.
Осы әулеттің оқу-ағартушылық жолға бет бұруына әуел баста Шоқан Уәлиханов ықпал етті. Жоңғарияға аттанып бара жатқанда Жетісуға Черняев полкімен келген Шоқан қазіргі Ақсу ауданының Қарағаш ауылында отырған Әбдіраси Маманұлының ауылына аялдапты. Матай елінің ықпалды тұлғасы, қара қылды қақ жарған Қыдыралы би –Маманның ұлы атасы болса, кейінгілерге оның бір ұрпағы Тәнеке батырдың да сөзі жүрген. Жетісуда еркін басқан Черняев отрядына Тәнеке батыр сарбаздарымен айқасқа шықса да, күш тең болмай, олар Балқашқа қарай шегінеді. Кейін Шоқанның көмегімен Тәнеке батыр Ақсу-Қапал бойын қайтаруды сұрап, орыс императорына хат жазады. Санкт-Петербургтен келген жауапта қазіргі «Қапал-Арасан» шипажайы орналасқан аумақты Жетісу генерал-губернаторы сатып алатыны жазылған. Ақсақалдар «жерді бірлесіп игереміз» деген талап қойып, тұрғын үй, жол құрылысына белсене араласты. Тәнеке батыр Шоқанның жергілікті қазақтарға арналған заманауи мектеп салу ұсынысын бірден қолдаған. Маманның үш ұлы – Тұрысбек, Есенқұл, Әбдіраси бірігіп, 30 мың рубль шамасында қаржы шығарып, медресе құрылысына белсене кіріскен. Қапалда Маман әулеті орыс көпестері, татар саудагерлерімен бірлесіп екі мешіт, бір шіркеу, қазақ балаларына арналған медресе, «Якоби» татар әйелдері мектебін, орыс мектебін тұрғызды. Маман ұлдары Қытаймен сауданы күшейтіп, Қапалдан Шәуешекке, одан Үрімшіге баратын керуен жолын салды. Жол бойында тұрғызылған кеден бекеттерінің жұмысын ағайындылар бақылауда ұстады, банктен несие алып, түрлі кәсіп ашты. Кейін Жетісу губернаторының пәрменімен Тұрысбек Маманов болыстыққа тағайындалып, императордан граф атағы мен алтын медаль алады. Ол 1903 жылы өмірден өткен.
«1913 жылы Санкт-Петербургте өткен Романовтардың 300 жылдық салтанатына Құдайберген Тұрысбекұлы қатысқан. Құдайберген әкесінің алтын медалі мен граф атағы жазылған құжаттарды Есенғұл атамызға тапсырып кетсе де, 1928 жылы кәмпескеде қолды болған. Есенғұл атамның төртінші әйелі Махтуха әже – Халида көке мен менің әкемнің шешесі. Махтуха әже 1958 жылы қайтыс болған. Көкемнің айтуынша, ол күнде таңертең ыстық нан пісіріп, әр баласы үшін арнайы дайындаған кішкентай қоржынға салып отыратын әдетін өле-өлгенше тастамапты. Күнде айдап жібереді деген үреймен өмір сүрген», деген Медет Еженұлы.
Халида Есенғұлқызының жеке іс парағында қазақ, татар, өзбек және басқа да мұсылман халықтарының тілдерімен қоса, орыс, неміс, латын тілдерін де жетік меңгергендігі жазылған.
Айыптылар ротасы
Айдауда адам төзгісіз қиындықтарды бастан кешіріп, үш адамынан айырылған отбасы Алматыда тұрақтамаққа бел байлайды. Бірақ оларға Алматыда тұруға рұқсат жоқ, жоғары оқу орындарына түсуге де болмайды. 1934 жылы Халида Семей педагогикалық училищесіндегі фармацевт мамандығына оқуға түсіп, бай тұқымынан екенін жасырып, комсомолға өткен. 1935 жылы оны бітірейін деп жатқанда оқудан шығарылады. Халида қайтадан Алматыға келіп рабфакта оқып, 1937 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтына оқуға түсіп,1941 жылы дәрігерлік дипломын алды. 1940 жылы Алматыға Мәскеуден Физиология және ғылыми-зерттеу институты ғалымдары көшіп келіп, Алматы мединституты білікті профессорлық құраммен толықты. Олардың қатарында медицина ғылымдарының докторы, профессор Осип Глозман, атақты патофизиолог, кафедра меңгерушісі Лина Штерн болды. Халиданың дипломдық жұмысына осы екі профессор жетекшілік етті. Сол жылдары Алматы мединститутын бітіргендерге дипломмен қоса, әскери медицина қызметінің куәлігі де қоса берілетін. Алайда диплом алу кезінде НКВД қызметкерлері келіп, Халидаға әскери-медицина қызметінің куәлігін бергізбей тастайды. Осы кедергілерге қарамастан, Лина Штерн өзі басқаратын Физиология ғылыми-зерттеу институтына Халиданы ассистенттікке жұмысқа алады. Соғыс басталғанда, майданға сұранып хат жазып, 1942 жылы Оңтүстік Сталинград майданына жіберіледі. Соғысқа аттанған кезде әскери билетінде «мамандығы дәрігер, бірақ халық жауының қызы болғандықтан, дәрігерлік жұмысқа рұқсат жоқ» деп көрсетілгендіктен, оны бастапқыда ұрыс кезінде қаза тапқандарды жерлейтін ротаға жібереді. Осы қызмет өлгендерді жерлеп қана қоймай, алдыңғы шепте окоп қазу жұмыстарымен де айналысты. Бұл жерде командирлер тиісіп жүргізбеген соң Халида айыптылар батальонына сұранып, Сталинге хат жазады. «Халық жауының» қызы екенін ашық көрсеткен ол тірі қалар болса, өзі мен туыстарына тағылған айыпты алып тастауды сұрайды. Калининнің қолына түскен өтініш бірден мақұлданады. Бірақ айыптылар батальонынан аман шығу екіталай. Мұнда өз еркімен келген жауынгер үш ай бойы соғысады. Осы мерзім ішінде айыпты бола қалса, жаза мерзімі ұлғаяды. Тірі қалған жағдайда барлық айыптан құтылады. Соғыс кезінде айыптылар ротасында саяси тұтқындарға қарағанда кәнігі қылмыскерлер көп болса да, оған жерлеу ротасынан гөрі айыптылар ротасы қауіпсіздеу болды. Өйткені кәнігі қылмыскерлердің ақ халаттыларға тиіспеуі – жазылмаған заң болатын. Халида талай ауыр жаралыны алдыңғы шептен жалғыз өзі алып шығып жүрді. Оған рота жауынгерлері қорған болған. «Қанша адамның мен үшін құрбан болғанын білмеймін, бірақ олар мен үшін Құдайдан кем емес» деп күнделігіне жазып қалдырған. Бірақ үй ішіне шындықты ешқашан да жазбаған.
Неге екені белгісіз, соғыстан кейінгі жылдары қанша сұратса да, 1942-1948 жылдар арасындағы әскери құжаттары «құпиялылығы бар» деген сылтаумен қолына берілмепті. 1943 жылы айыптылар ротасынан босаған Халида медицина қызметінің аға лейтенанты шенімен 2-ші Әуе күштері армиясының 821-полкінде медицина батальонын басқарды. Бір таңғаларлығы, қанша қырғынның ортасында жүрсе де, бірде-бір рет ауыр жарақат алмаған. Бар жарақаты – қолына тиген снаряд жарқыншағы ғана.
«Бай қызының ісі»
1946 жылы Алматыға қайтып келіп, медицина институтында жұмысын жалғастырады. 1948 жылы ғылыми жұмысын бекітуге өтініш жазып, кандидаттық минимумдарын тапсыруға дайындалып жатқанда соғыстан оралған жас дәрігердің үстінен Денсаулық сақтау министріне арыз борайды. Ақыры диссертация тақырыбы бекітілмеді, кандидаттық минимумдар тапсыруға рұқсат етілмеді. Ол денсаулығына байланысты жұмыстан босатуын сұрап, «Қапал-Арасан» шипажайына қатардағы дәрігер болып жұмысқа орналасты. Бұл кезде Мәскеуден профессор Глозман хат жазып, одан Алматыдан алысырақ кетуін сұрайды. Оның ақылымен Фрунзе қаласына келіп, Медицина институтына жұмысқа орналасып, осы жерде кандидаттық минимумдарын тапсырған.1953 жылы Мәскеуден кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап елге оралады. Бұл кезде Қарағанды медицина институты ашылып, оның профессорлық құрамы Карлаг-та жазасын өтеген дәрігерлерден жасақталып жатқан еді. Қарағанды медицина институтына келіп, Лев Гумилевпен бірге Карлаг-та жазасын өтеген білікті дәрігер, физиолог Яков Лазарис жетекшілік ететін кафедраға жұмысқа қабылданады. Бірақ бұл жерде де «байдың қызы» ісі қайта көтеріледі. Содан 1957 жылы ашылған Ақтөбе медицина институтына жаңадан тағайындалған ректор Әлмағамбет Дайыровтың шақыруымен осы жаққа келеді. 1968 жылы осы оқу орнына ректорлыққа Төрегелді Шарманов тағайындалады. 1971 жылы қызметін ауыстырған оның орнына Әжмағи Смағұлов ректор болып келген соң институттағы жағдай күрт өзгереді.
«Көкем ұстамды, артық сөйлемейтін адам болғанымен, әділетсіздікке мүлде төзбейтін жан еді. Әжмағи Смағұловтың кезінде қазақ студенттеріне институтта қазақша сөйлеуге тыйым салынды, көкем оған қарсы шықты. Төрегелді Шарманов кезінде құрылған домбыра оркестрін Смағұлов жаппақшы болғанда көкем тағы қарсы шықты. Смағұлов көкемді ұлтшылдығы үшін жек көрді», деді Медет бауыры. Ақыры 1972 жылы Халида Маманова жетекшілік ететін патологиялық физиология кафедрасы жабылып, оның шетелге шығуына тыйым салынды.
Медеттің айтуынша, Халида Маманованы партиядан шығаруға институт оқытушылары қарсы шыққан. Мәселен, Саламат Ахметқалиев: «Байжігітов пен Смағұловқа Халида Маманова қандай жамандық жасады? Егер оны домбыра оркестрін ұйымдастырды деп айыптасаңыздар, онда Алматыдағы Құрманғазы оркестрін жаптырыңдар», дейді. Институт ұстаздары Халида Маманованы қанша қорғаса да, олардың бұл әрекеті өздеріне қарсы оқ болып атылды. Көп кешікпей Саламат Ахметқалиевтің институт берген үйі тартып алынды. Бала-шағасымен далада қалғанда Саламат Ғұмарұлының әйелі қайғыға шыдай алмай, қайтыс болған.
Осындай адам төзбес жағдайда жұмыс істеп жүрген ғалым 1977 жылы шілдеде Болгарияға демалуға аттанады. Медет бұл кезде студенттік құрылыс отрядымен Комсомол ауданына бара жатқанын есіне алады. Көкесі Болгариядан оралған бойы Медетке костюм тігіп беруге уәде еткен. Бірақ Болгарияда қайтыс болды деген хабар жеткен. Медеттің айтуынша, көкесін таңертеңгілік теңіз жағасында өліп жатқан жерінен тапқан. Куә жоқ. «Көкем қонақүйде жалғыз өзі тұрған, ұзын дәліздің бір шетінде теңізге шығатын елеусіздеу есік болған. Әкелгенде көргенім, денесінің кіндік тұсында көгерген дақ болды. Денесі құрғақ, суға батқан адамдікіне ұқсамайды. Көкемді жерлеп болған соң туыстарымыз Алматыға қайтып кетті. Мені әскерге шақыртты. Содан тұрған үйімізде ешкім болмады. Әскерден оралған бойы бірден Ақтөбеге келгенімде, біз тұрған үйде басқа адамдардың тұрып жатқанын көріп, ештеңе істей алмадым. Біз жоқта үйді алып қойған. Заттарымыз жоқ. Көкемнің ғылыми жазбалары, рефераттары, халықаралық симпозиумдағы баяндамалары, дипломдары, ғылым докторы атағы із-түзсіз жоғалды. Осы құжаттарды әлі күнге дейін таппай жүрміз. Доценттік аттестаты, медицина ғылымдарының докторы дипломы, профессорлық куәліктері табылмады», деген еді Медет Еженұлы.
Ғылымда бағы жанбай кеткен қазақтың аяулы қызының тағдыры осылай аяқталды. Заманның тарлығы өз алдына, тар пиғылды адамдардың арасында өмір сүруге мәжбүр болған аяулы ғалым өзі 18 жыл еңбек еткен Ақтөбе Медицина институтында қазақ рухының өлмеуі мен қазақ тілінің сақталуы үшін күресті, қазақ баласының сағы сынса жаны шықты. Жалғыз өзі мыңмен алысты. Шаршады. Жеңілмеді. Бірақ қаптаған жау алмай қоймайды емес пе? Өмірі де жұмбақ жағдайда үзілді. Медет Еженұлы көкесімен бірге қызмет еткен азаматтардың қолдауымен Халида Маманованы «Халық Қаһарманы» атағына ұсынып жүргенде, былтыр жазда аяқ астынан өмірден өтті. Бойындағы ғалымдық талантының шарапатын халқына толық тигізе алмай кеткен қазақтың аяулы қызының іздеушісі де жоғалды...
Ақтөбе облысы