Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық Банктің, Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау жөніндегі агенттік пен Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығының қызметін реттеу жөніндегі агенттіктің 2009 жылғы есептеріне арналған кеңес өткізді, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
Кеңесте Ұлттық Банктің Төрағасы Г.А.Марченконың, Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау жөніндегі агенттіктің төрайымы Е.Л.Бахмутованың, “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қоры” АҚ басқарма төрағасы Қ.Н.Келімбетовтің, Алматы қаласы өңірлік қаржы орталығының қызметін реттеу жөніндегі агенттіктің төрағасы Ә.К.Арыстановтың баяндамалары тыңдалды.
Мемлекет басшысы атап айтқанындай, өткен жылы үлкен жұмыс ауқымы атқарылды. Бүгінгі күнге дейін дағдарысқа қарсы бағдарлама аясында экономиканың басым секторларына қолдау білдіруге арналып Ұлттық қордан бөлінген ақшаның дені игерілді. Қаржы жүйесі тұрақтандырылды.
– Біз инфляцияның және жұмыссыздық деңгейінің төмендеуін қамтамасыз ете алдық және ең бастысы, біздің экономиканың нақты көріністегі артуын сақтап қалдық, – деп атап көрсетті Елбасы.
Есептерді тыңдаудың қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы монетарлық және қаржы органдарының өткен жылғы қызмет нәтижелерін оң бағалады және еліміздің қаржы секторын одан әрі дамыту және ақша-несие саясатын іске асыру жөнінде бірқатар тапсырмалар берді.
Банк секторында оң фактор ретінде депозит базасының артуы, соның ішінде халыққа тиесілі депозиттердің 28,5%-ға артуы атап өтілді. Банк секторының сыртқы қарыздарының салмағын төмендетуге “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қорының қатысуымен банк міндеттемелерін қайта құрылымдаудың оң нәтижелері жәрдемдесетін болады.
Мемлекет басшысы қабылданған Қаржы секторын дағдарыстан кейінгі кезеңде дамыту тұжырымдамасының жүйелік негізінде іске асыруды бақылауға қойды. Болашақ қаржы сілкіністеріне және ерте бастан әрекет етудің озық та, жетілген жүйесін орнықтыруға, сондай-ақ макро- және микропруденциалдық реттеуді, соның ішінде институттық реттеуді күшейтуге әзірлену қажеттігі атап өтілді.
Сондай-ақ, Қазақстан экономикасының дағдарыстан кейінгі табысты дамуы және индустрияландырудың бесжылдық жоспарын ойдағыдай іске асыру елдің қажетті қаржы ресурстарын жұмылдыру қабілеттілігіне және оларды экономикада ұтымды пайдалануға байланысты болатыны атап көрсетілді.
Жоғарғы бөліністегі өндірістің дамуымен сипатталатын жаңа бизнес-ортаның қалыптасуы жағдайында қор рыногының және қаржы ресурстарын тартудың басқа да баламалы тетіктерін дамыту айрықша маңызға ие болады.
Қаржы жүйесі мен реттеу органдары өз тараптарынан экономиканың жедел әртараптандырылу міндетіне жәрдемдесуі тиіс. Мұның өзі алдағы кезеңде қаржы органдары мен Үкімет үшін шешуші міндет болып табылады.
Тұтастай алғанда, еліміздің 2010 жылғы дамуы ойдағыдай жүріп жатыр. Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша ел ІЖӨ-сі 6,6 пайызға өсті, өнеркәсіп пен сауда тиісінше 11,5 және 10,5 пайыздарға артты. Бұл ретте үстіміздегі жылдың алғашқы екі айындағы экспорт 2009 жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 60 пайызға өскен екен.
Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.