Израиль Үкіметін 12 жыл бойы басқарған Биньямин Нетаньяху қызметінен кетті. Өткен сенбіде ел Парламенті оң қанаттың көшбасшысы Нафтали Беннет бастаған коалицияны мақұлдады.
Беннет халыққа Ұлтшылдар партиясының басшысы ретінде танылған. Бұл партия Израильдің 120 орыннан тұратын Кнессетінде 6 орынға ие. Беннеттің кандидатурасын Парламент мүшелері түгелдей қолдады. Ол 60-тан 59 дауыс жинаған.
Үкіметті қолына алған Беннет енді солшылдар альянсы, оңшылдар, центристермен қатар, Израильдегі Палестина өкілдерінен тұратын партияны да басқарады. Ал Израиль халқының 21 пайызы – палестиналықтар. Шындығына келсек, жоғарыда аталған партиялар бұған дейінгі премьер Нетаньяхудың жұмысына разы болмаған-ды. Алайда жаңа басшыға қатысты әзірге пікір айтылған жоқ.
Ел заңнамасына байланысты жаңа премьер-министр 2 жыл қызмет етеді. Одан кейін оның орнына центристер өкілі келмек. Бұл ретте жаңа үкіметтің архитекторы – Яир Лапид келеді деп күтілуде.
Жаңа құрам басып алған аймақтардағы палестиналықтарға қатысты мәселелерден гөрі елдегі реформаларға басымдық беруді жөн көреді. Палестина халқы болса, биліктің ауысқанына аса қуана қоймады. Олар бейбіт келісімнен үмітін үзген және Беннет те Нетаньяхудың саясатын жалғастырады деген ойда.
Үкіметті 12 жыл басқарған Нетаньяху жаңа құрамды таңдау кезінде үнсіз қалды. Тіпті жаңа құрамға дауыс беріліп, шешім қабылданғаннан кейін де орнын үнсіз босатты. Жаңа сайланған премьер-министрге қолын берумен ғана шектелді.
Жалпы, Биньямин Нетаньяху (суретте) беделді саясаткер ретінде танылған. 71 жасқа келсе де қолдауы мықты. Дегенмен, жемқорлыққа қатысты қатты сынға ұшыраған болатын. Үкімет басшысы ретінде ол бұл айыпты мойындамады.
Парламенттегі ең ірі партияның басшысы ретінде жаңа Үкіметке қарсы сөйлеуі де күтілуде. Егер Парламенттегі бір фракция орнынан бас тартса, онда Нетаньяхудың қайтып келуіне мүмкіндік бар.
Оның қарсыластары Нетаньяхудың саясаты ел үшін тиімсіз және қабылдаған шешімдері тек билікте қалуын ғана қамтамасыз етуге бағытталған деп айыптайды.
Билікке келген Беннет діншіл, ұлтшыл ретінде танылған. Ол Парламентте елдің батысын жаулап алу, аннексияға қатысты ойын айтып, үлкен талқы тудырды. Сол кездің өзінде Нетаньяхудың жақтастары сөзін бөліп, ойын соңына дейін жеткізуге мүмкіндік бермеген. Ең соңында залды босатуға мәжбүр болған.
Премьер ретінде Беннет саяси реформаларды көздейді. Оның шешімдері үлкен маңызға ие болмақ. Өйткені ол АҚШ-тың Иранмен атом энергиясына қатысты келісімін сынға алды. Ал сынға алу деген Иранға химиялық қару қолдануға рұқсат бермеу дегенді білдіреді. Жақында орын алған Израиль мен Палестина қақтығысында АҚШ Израиль тарапын қолдаған-ды. Беннет бұл үшін Джо Байденге алғыс білдіріп үлгерді.
Нетаньяху Иранмен келісімге тосқауыл болмауға уәде берген-ді. Сарапшылар Беннетке сыртқы саясатқа қарағанда, палестиналықтар мәселесін күн тәртібіне енгізуге кеңес береді.
Израиль демократия институтының президенті Йоханан Плеснер үкіметтің жаңа құрамы тұрақтылықты қамтамасыз ете алады деп сенеді. «Парламенттегі партиялар жеке-дара да жақсы жетістікке жететінін дәлелдеумен әлек. Сондықтан оппозицияның күш біріктірмеуі Беннеттің жақтаушыларына үлкен мүмкіндік беріп отыр.
Жаңа кабинеттің алдында дипломатия, қауіпсіздік, қаржы мәселелерімен қатар, Иран, Газамен қарым-қатынас, Халықаралық қылмыстық сот алдындағы жауап, коронавирус пандемиясынан кейінгі экономика мәселелері тұр.